Адам баласының өмірінде дәрігердің қаншалықты маңызды рөл атқаратыны туралы ойланып көрдіңіз бе? Неге десеңіз, біз басымыз ауырып, балтырымыз сыздап сырқаттана қалсақ, медициналық мекемелерге жүгініп, сол жерде жұмыс істейтін дәрігерлерге жанымызды тапсырамыз. Әсіресе, балалар хирург мамандарының орны ерекше деп айтуға болады.
— Балалар хирургиясы ересектерді емдейтін медицинадан әлдеқайда күрделі әрі жауапкершілігі де екі есе жоғары. Дүниеге шыр етіп келген нәресте қанша жерден жыласа да, өзінің жанына не батып тұрғанын айта алмайды. Оған қоса сәби ағзаларының көлемі әлі тым кішкентай, қабырғаларының жұқа, нәзік болуы, толық жетілмеуі кез келген операцияны күрделендіре түсетіндіктен, операция техникасының жоғары, аса дәлдігін талап етеді, — дейді біздің кезекті кейіпкеріміз Едіге Қабиденов.
Едіге Қабиденов облыстық балалалар ауруханасында 10 жылға жуық балалар хирургі болып қызмет атқарады. Ол үшін бұл — жай ғана мамандық емес, өмірлік миссия. Өйткені, ол күніне бірнеше баланың тағдырына тікелей әсер етеді. Қолы мен жүрегінде – үміт, көзінде – жауапкершілік.
— Кішкентайымнан дәрігер болуды армандадым. Оқушы кезімде жақындарым сырқаттанып қалса, «Дәрігер болсам, өзім емдеп жазып аламын» дейтінмін. Сондықтан болар осы мамандықты ойланбастан таңдағаным. Әрине, қызметімнің жауапкершілік жүгі қаншалықты ауыр болатындығын әу бастан-ақ сезіндім. Қазір мамандығымның жемісін көрудемін. Тіпті, онымен мақта-намын, – дейді антына адал жан.
Бүгінге дейін Едіге Әлібекұлы талай бөбек пен бүлдіршіннің өмірін арашалап қалған. Содан болар, көп баланың үлгі алар тұлғасына айналып, ата-аналардың алғысына бөленіп жүр.
— Күнделікті жұмыс барысында түрлі жағдайлар орын алады. Мәселен, жұмыс күндерінің бірінде ауруханаға үш жасар бала түсті. Тексеру барысында ішін әткеншекке соғып алғаны анықталады. Сөйтіп, көп ойланбастан шұғыл түрде ота жасадық. Осы орайда есіме тағы бір оқиға түсіп тұр. Жуырда 13 жастағы балада көкбауыр мен сол жақ бүйректің субкапсулалық жыртылуы анықталды. Шұғыл түрде ота жасадық. Операция кезінде қан кетуді тоқтатып, зақымданған мүшелердің тұтастығын қалпына келтіріп, оларды сақтап қала алдық. Отадан кейін бала екі күн жансақтау бөлімінде бақылауда болды, содан кейін ол хирургиялық бөлімге ауыстырылды.
Осылайша күнделікті жұмыс барысында түрлі жағдайды бастан кеші-реміз. Егер ота жасамасақ, қайғылы жағдай орын алады, жасасақ — үміт оянады. Үмітіміз ақталған сайын жұмысқа деген ынта-жігеріміз де арта түседі. Медицина – командалық жұмыс. Аурухананы біртұтас команда десек, науқастың амандығы осы команданың тұтастығына байланысты, – дейді облыстық балалар ауруханасының балалар хирургі Едіге Қабиденов.
Балалар хирургінің айтуынша, бала ағзасы – нәзік дамып келе жатқан жүйе. Мұндай ағзада ауру тез асқынады, ал кей жағдайларда диагноз қою да оңай емес.
— Баламен жұмыс істеу тек медициналық тұрғыдан емес, психологиялық жағынан да күрделі. Себебі, бала қорқады, ауырсынуға төзімі де аз. Мұндай жағдайда хирург әрі психолог болуы керек. Ал ата-аналарға операциялық араласудың себебін, қаупін және нәтижесін түсіндіру – дәрігердің күнделікті жұмысының бір бөлігі, — дейді ақ желеңді жан.
Балалар хирургі – тек кәсіби маман емес. Ол – ата-ананың үмітін арқалаған, баланың болашағы үшін күресетін ақ желеңді жан. Әр ота – бір өмірдің жалғасуы. Сондықтан бұл мамандық иелерінің еңбегі шексіз құрметке лайық.
Айдана БОРАНБАЕВА.