Көп жыл бойы бала сүюді армандап жүрген ерлі-зайыптылар экстракорпоральды ұрықтандырудың көмегіне жүгіне алады. Облысымызда бұл әдіс 2010 жылдан бастап тәжірибеге енгізілген. Он жылда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде ЭКҰ жасау үшін өңірге 335 квота бөрілді.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Гүлнар Жармакина мәлімдеді.

— «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы аясында облысқа 2021 жылы 290 квота бөлінсе, 2022 жылы – 281, ал 2023 жылы 269 квота бөлінді. Осы бағдарлама енгізілген үш жылдың ішінде облыста 180 бала дүниеге келді. Бұл еліміздің демографиялық ахуалын жақсарту септігін тигізеді, – дейді Гүлнар Жармакина.    ЭКҰ нәтижелілігі 35-тен 42 пайызға дейін құрайды. Яғни процедурадан өтетін жұптардың үштен бірінен астамы ата-ана болу бақытына ие бола алады. Бүгінде 243 ерлі-зайыпты процедурадан өтіп, 69 әйелде оң нәтижеге қол жеткізген. Гүлнар Зейнел-Қабиденқызының айтуынша, бедеу жұптардың барлығы дерлік диспансерлік есепке алынбайды, кейбіреуі жүктілікті ұзақ жыл күтумен болады, оның ішінде дәстүрлі емес медицинаға жүгінетіндер де аз емес. Дұрысы, үш жылдан аса бала сүйе алмаған ерлі-зайыптылар учаскелік емханаларына жүгініп, ЭКҰ-ға жолдама алу мүмкіндігін пайдаланғаны жөн. Бұған дейін ЭКҰ жобасына қатысушылардың жас мөлшері бұрын 18-42 жас аралығында болса, қазіргі таңда ол 18-49 жасқа дейін ұзартылған. №5 емхананың әйелдерге кеңес беру бөлімінің меңгерушісі Ирина Шмакованың айтуынша, экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасына қатысқан  әйелдер тоғыз ай бойы жіті бақылауда болады.

– Бізге жүктілікпен келетін әйелдерді тоғыз ай бойы бақылаймыз. ЭКҰ-дан келген әйелдер мұқият бақылауды талап етеді. Репродуктологтың консультативтік парақшасымен келген пациенттерге жеке жоспар құрылады. Олар жүктіліктің алғашқы үш айында ерекше бақылауға алынады, – дейді Ирина Шмакова.  Павлодарда Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың базасында репродуктивті денсаулық орталығы жұмыс істейді. Онда гинеколог-репродуктолог, уролог-андролог, генетик және басқа да бейінді мамандардан кеңес алуға болады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша ЭКҰ рәсімінен өтуге ниет білдірген жұптарды іріктеудің бірінші кезеңі өтеді. «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысуға ниет білдірушілердің некесі ресми тіркелуі – шарт. Ерлі-зайыптылар МӘМС жүйесінде сақтандырылған болса, тіркелген емханасында ЭКҰ бағдарламасына қатысуға қажетті тексерулерден тегін өте алады. Дәрігер тағайындаған жағдайда кейбір гормоналды препараттарды өз есебінен алады. Ерлі-зайыптылар жеке қаражатына ЭКҰ рәсімінен өтсе, 800 мың теңгеден 1,2 миллионға дейін қаражат қажет. Жалпы, Павлодар облысында 2,5 мыңнан астам жұп бедеулікпен есепте тұр. Мамандардың айтуынша, ер адамдардың 54 пайызына бедеулік диагнозы қойылған.

Т.ӘБІЛДА.