Облыстық кардиология орталығында «Балаларға паллиативтік көмек көрсетутегі заманауи тәсілдер: инновациялар, тәжірібиелік әдістер және мультидисциплинарлық команданың рөлі» атты халықаралық шеберлік сабағы өтті. Іс-шара Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен, ERG компаниясының қолдауымен және «AlmaEco» ЖШС ұйымдастыруымен өткізілді.
Мастер-класқа аймақтың педиатр дәрігерлері, жалпы тәжірибе дәрігерлері, балалар невропатологтары мен онкологтары қатысты. Оқыту жұмысы мамандардың балаларға паллиативтік көмек көрсету саласындағы біліктілігін арттыруға және ауыр дертке шалдыққан балаларды емдеу мен күтуде заманауи тәсілдерді меңгеруге бағытталды. Іс-шарада Ресей Федерациясының паллиативтік медицина саласындағы жетекші сарапшылары — Н.И.Пирогов атындағы Ресей ұлттық зерттеу медицина университетінің онкология, гематология және сәулелік терапия кафедрасының профессоры Елена Полевиченко және Дмитрий Рогачев атындағы ғылыми орталықтың доценті, «Подари жизнь» қайырымдылық қорының паллиативтік қызмет директоры Алексей Пшонкин дәріс оқыды.
Профессор Елена Полевиченконың айтуынша, оқу бағдарламасы 36 сағаттық дайындықты қамтыды.
— Біз балалардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған көмек түрлерін талқылап, паллиативтік қолдау жүйесін жетілдіру жолдарын қарастырдық.
Балалар мен олардың ата-аналарына жан-жақты психологиялық демеу көрсету тәжірибесі де сөз болды.
Ең маңыздысы — әр балаға жеке, ерекше көзқарас қажет екенін түсіну, — деді ол.
Сарапшының айтуынша, балаларға арналған паллиативтік көмектің басым бөлігі онкологиялық емес, жүйке жүйесінің және сирек кездесетін генетикалық аурулары бар балаларға бағытталған.
Павлодар облыстық хосписінің басшысы Әсем Қасенова аймақтағы балаларға паллиативтік көмек жүйесінің қалыптасуы жайлы айтып өтті.
— Біздің өңірде балаларға паллиативтік көмек көрсету ісі енді ғана басталды. Қазіргі уақытта бізге арнайы ғимарат бөлінді. Алдағы кезеңде жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, мамандарды тарту және жаңа бөлімшені ашу жоспарланып отыр. Жоспар бойынша 10 төсек-орынға арналған бөлімше, ересектер мен балалар жататын паллиативтік орталық жұмыс істейтін болады, — деді ол.
Ә.Қасенованың айтуынша, жобаның басты мақсаты — балалар мен олардың ата-аналарына барынша жайлы жағдай жасау.
— Біз паллиативтік бөлімшені үй жағдайына барынша жақын етіп ұйымдас-тырғымыз келеді. Онда әр балаға жеке бөлме, ата-аналарға демалуға арналған орын және өз баласының сүйікті тағамын әзірлеуге мүмкіндік берілетін ас бөлмесі қарастырылады. Сондай-ақ, ата-аналар тәулік бойы баласының жанында бола алатындай жағдай жасалмақ, — деді ол.
Шетелдік сарапшылардың тәжірибесі мен жергілікті дәрігерлердің ынтасы нәтижесінде Павлодар өңірінде балаларға арналған паллиативтік көмектің жаңа жүйесін қалыптастыруға нақты қадамдар жасалды. Мұндай бастамалар аймақтағы медициналық көмектің сапасын арттырып, әр балаға деген қамқорлық пен жауап-кершілікті күшейтеді.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.