Павлодар облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері ата-аналардан балаға салғырт қарамауды сұрайды. Ақ желеңділер бейқамдық өкінішке ұрындыратынын жеткізді.
Естеріңізде болса, осы айда Павлодар қаласында 1 жасқа толмаған екі сәби үй жағдайында қолданылатын химиялық тазартқышқа күйіп қалды. 9 және 10 айлық нәрестелер «Азелит» тазартқыш құралының салдарынан ауруханаға жатқызылды.
— Екі қыз баланың денесі химиялық тазартқышқа күйіп қалған. Дәрігерлер қажетті ем жүргізді. Екі сәби де 2024 жылы туған. Бірінші баланың сол жақ аяғы мен оң жақ санында II–III дәрежелі күйік жарақаты бар. Екінші қызда оң жақ білегі, қолдың буыны, саны және қабырғасы күйген, — деді облыстық балалар ауруханасы.
Дәрігерлер тұрмыстық химия балалар үшін аса қауіпті екенін ескертеді. Қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін тұрмыстық химияны балалардың қолы жетпейтін жерге қойған дұрыс.
— Тазартқыш құралдарды ашық күйінде қалдыруға мүлде болмайды. Ал құралды пайдаланған кезде бала басқа бөлмеде керек. Химиялық зат теріге тисе, күйген жерді дереу көп мөлшерде ағынды сумен жуып, шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажет. Баланың терісі жұқа әрі нәзік болғандықтан химиялық қоспа теріні тез күйдіріп тастайды, — дейді мамандар.
Дәрігерлер ауа райының жылынғанына байланысты балаларды терезеден қорғауға шақырады. Кішкентай баласы бар ата-аналардан бөлме терезесін ашық қалдырмауды сұрайды.
Еске сала кетейік, Алматыда хирургтар екі жасар баланың асқазанынан 105 магниттік моншақ алып шыққан болатын. Бұл жағдай да ата-ана тарапынан жіберілген бейқамдық салдарынан орын алған.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.