Биылғы тұмау бұрынғыдан өзгерек

Қар 13, 2025

Қазір балалар арасында ЖРВИ мен тұмау белгілері өте ауыр өтуде. Вирус жұқтырған балаларда 39-40 градус дене қызуы  бір апта  көлемінде сақталуда. Одан бөлек, тоқтаусыз жөтел мен әлсіздік жасөспірімдердің ағзасын әлсіретіп тұр. Биылғы вирус несімен қауіпті? Симптомы неге өзгеше?

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, биыл 2 қазан мен 9 қараша аралығында аймақта жалпы саны 39 552 адам ЖРВИ мен тұмау жұқтырған. Оның ішінде балалардың саны көп. 14 жасқа толмаған 25042 бала ЖРВИ-мен күрескен.

Қазір елде Гонконг тұмауы туралы жиі айтылып жүр. Аймағымызда да вирустың жаңа түрі тіркелген. Маусымдық А тұмауымен ауырып жатқандардың қатарында балалар да бар. Мәселен, облыста Гонконг тұмауының 9 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа толмаған 5 бала бар. Вирустың ерекшелігі — оның тез өршуінде. Бір тәуліктің ішінде адамның дене қызуы көтеріліп, құрғақ жөтел, бұлшық еттің ауыруы және бас ауруы сияқты белгілер мазалайды.

— ЖРВИ тыныс алу мүшесін зақымдайды. Тұмау мен ЖРВИ-дің симптомдары ұқсас. Бірақ тұмау ЖРВИ-ға қарағанда ауыр өтеді. ЖРВИ екі күннен кейін тұмауға ұласуы мүмкін. Ол кезде адамның басы, бұлшық еті ауырып, бойында әлсіздік пайда болады. Мұрын қуысынан су ағып, жөтел мазалайды. Ал тұмау кезінде адамның дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Ұйқы бұзылып, асқа деген тәбет жоғалады. Тұмаудың алғашқы кезеңінде дене температурасы 3-4 күн сақталады. Ал бұл уақыттан асып кетсе, асқынады. Тіпті, пневмонияға ұласуы мүмкін. Вирус белгілері байқалған уақытта міндетті түрде дәрігерге барған жөн, — дейді Батырбек Әлиев.

Батырбек Төлеубекұлының айтуынша, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, жалпы білім беретін ұйымдарда бір сыныптағы оқушылардың 20–30 пайызы бір инкубациялық кезең ішінде ЖРВИ-мен ауырған жағдайда, оқу тоқтатылады және 10 күн көлемінде сыныпқа жаңа балаларды қабылдауға тыйым салынады. Егер бір сыныптағы науқастардың үлесі 30 пайызға және одан жоғары көрсеткішке жетсе, оқушылар онлайн оқу форматына ауыстырылады. Жүргізілген мониторинг нәтижелеріне сүйенсек, қазіргі таңда жалпы білім беретін ұйымдардағы сыныптарда ЖРВИ мен тұмаумен сырқаттану деңгейі 20 пайыздан төмен. Яғни, облыста карантинге жабылған балабақша, мектептер жоқ.

Облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі де 9 қараша күні түскен шақыртулардың 400-ден астамы ЖРВИ белгілеріне қатысты болғанын айтады.

Балалар арасындағы вирустың өршіп тұрғанын әрі ауыр өтіп жатқанын ата-аналар қауымы әлеуметтік желіге де жарыса жазуда. Павлодар қаласының тұрғыны Ғалия Серікқызы балабақшаға баратын ұлының қатты ауырғанын айтады. 6 күн бойы дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілген. «Ибуфен» препараты дене температурасын тек 37,5 градусқа дейін түсіре алған.

— Педиатрдың жазып берген нұсқамасы бойынша баламды емдедім. Бірақ бұл вирус жылдағыдан өзгеше, өте ауыр өтуде. Әдетте бала бір аптаның ішінде құлан — таза айығып кетеді. Ұлымның үйде ем қабылдап жатқанына екінші апта. Температурасын денесін жылы сумен сүртіп қана 37,5-ке дейін түсіре алдым. Жөтелі әлі басылмады. Баласы ауырған барлық ата-ана осындай күйді кешуде, — дейді қала тұрғыны.

Осы орайда, Павлодар облыстық балалар ауруханасы инфекциялық стационардағы инфекциялық бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы Дина Әубәкіровамен тілдестік. Дәрігер күз мезгілінде маусымды вирус өршитінін алға тартты.

— Қазіргі ЖРВИ және тұмау аурулары — жыл сайын кездесетін маусымдық вирус. Стационарға түскен балаларды емдеу кезінде де қазіргі вирустан қандай да бір өзгешелік байқамадық. Қазіргі уақытта ЖРВИ-дің ішінде аденовирус, парагрипп және риновирус инфекциялары өршіп тұр. Індеттің өршуіне ауа райының тұрақсыздығы да себеп. Вирус жұқтырған балаларда жөтел, мұрынның ағуы, дененің қызуы, әлсіздік белгілері мазалайды. Кей жағдайларда ауру бронхит,  пневмонияға ұласып жатады. Маусымдық вирустың өршуіне байланысты қабылдау бөліміне тәулігіне 100-ге жуық бала келеді. Стационарға жатқызылған балаларға қажетті ем жүргізіледі, — дейді Дина Серікқызы.

Мамандар ата-аналардан адам көп жиналатын орындарға бармауды, сырттан үйге келгенде қолды жууды, құнарлы тамақтануды сұрайды. Сонымен қатар, балаларға Д және С дәрумендерін беруге болады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.