Аймағымызда жедел жәрдем қызметіне жүктеме шамадан тыс артып отыр. Өткен демалыс күндері түскен шақырту саны 961-ге жеткен. Бұл — күнделікті нормадан 30 пайызға көп.
103 қызметінің жүктемесін азайту мақсатында емханалар жанынан жұмыс істейтін мобильді бригадалардың жұмыс уақыты 21.00-ге дейін ұзартылды. Олар төртінші санатқа жататын шақыртуларға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, облыстық 103 станциясы шақыртулардың басым бөлігіне қызмет көрсету үшін резервтік медициналық бригадаларды тартып отыр.
Өткен жұма-жексенбі аралығында жедел жәрдем қызметі 10 жол-көлік оқиғасы орнына көмек көрсетуге барды. Қуантарлығы, қаза болғандар жоқ. Жеке тоқталатын болсақ, 14 қараша күні Тереңкөл ауылының маңындағы жолда бір көлік жылқыға соқтығысқан. Салдарынан 22 жастағы бойжеткен жапа шегіп, аудандық ауруханаға жеткізілді. Ал 15 қарашада Екібастұз қаласындағы жол апаты кезінде 18 жастағы жігіт жарақат алып, қалалық ауруханаға жатқызылды. Жексенбі күні Ақсу – Курчатов тас жолындағы жол апаты кезінде жеңіл көлік шөп тиелген тіркемеге соғылған. Зардап шеккен үш адам түрлі дене жарақатымен Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілді.
– Жол-көлік оқиғалары кезінде 103 қызметі барынша жедел жетуге тырысады. Әр шақырту кезінде адам тағдыры тұрады. Сондықтан жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден жолда барынша абай болып, жол ережесін қатаң сақтауды сұраймыз. Мал иелерінен төрт түлігін көзден таса қылмауды сұраймыз, — дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.
