Буын неге ауырады?

Қаз 2, 2025

Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасында жыл сайын 500-ден астам жамбас және тізе буындарын эндопротездеу операциясы жасалады. Операциялар кезінде АҚШ пен Германияда өндірілген жоғары сапалы импланттар пайдаланылады. Мұндай ота адамдардың өмір сапасын жақсартып, қозғалу еркіндігін қайтарады, ауырсынудан арылтады. Көп жағдайда мүгедектік қаупінің алдын алады.

Адам ағзасы – жаратылысында өте қызық құбылыс. Мықты деген темірдің өзі уақыт өте келе қажалады, адамның жасы ұлғаюымен оның буындарындағы сұйықтық жоғалады және буындары әбден тозып, ескіреді. Соның салдарынан үлкендер тарапынан «Аяқ басқан сайын ауырсынып, тіпті ақсап, үйден шыға алмай отырмын» деген сөздерді жиі еститініміз рас.

Аяқ буыны мазалаған облыс жұртшылығы травматолог-ортопед Андрей Пороховқа барады. Білікті дәрігер күрделі салада 30 жылдан астам еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, қазір эндопротездеу, аз инвазивті әдістер кеңінен қолданылады. Эндопротездеу — буынның зақымдалған компоненттерін имплантанттармен алмастыру операциясы, бұл барлық қозғалыс көлемін ауыртпалықсыз орындауға мүмкіндік береді. Бұрын мұндай ем түрлері көптеген азаматтар үшін қолжетімсіз болатын, ал қазір МӘМС аясында тегін өтуге болады. Эндопротездеу отасы 2 сағатқа созылады, адамның аяқ буындары 2 айға дейін қалыпқа келеді.

Мамандардың айтуынша, аурудың пайда болу себебі әртүрлі. Мәселен, буындардағы шеміршек майының таусылуы, сүйектің қисаюы, жарақат салдарынан сынған сүйектердің дұрыс бітпеуі, ревмотологиялық аурулар, экологиялық ахуалдың нашарлығы, жейтін тағам мен ішетін судың сапасыздығы, қимыл-қозғалыстың аздығына, салмақтың көптігі буын ауруына әкеліп соқтыруы мүмкін. Буын ауырса, омыртқаға әсер етеді, ал ол тұтас ағзаның қалыпты жұмысын бұзады. Егер ауру алғашқы сатысында анықталып, ем жасалмаса, кейін науқастың мүгедек болу қаупі жоғары. Сондықтан буын ауруларына бей-жай қарауға болмайды.

— Аяқ буындарында туа біткен патологиялар  кездеседі. Енді бірі сап-сау жүріп, жарақат салдарынан буындарына зақым келтіреді. Кез келген ауру адамды шаршатады.  Егер бұл ауырсыну бірнеше айға созылса, мүгедек болып қалу қаупін төндіреді. Емделушіні зақымдалған буынын жасанды буынмен алмастыратын хирургиялық операция құтқарады. Ота буын жұмысын толықтай қалпына келтіреді. Ауырсыну, ақсақтық жоғалады, егер қандай да бір қисықтық болса, түзетіледі, адамдар әдеттегі өмір салтына оралады. Буындарында ауырсыну белгілері бар науқастар үшін эндопротез салу –  толыққанды өмірге оралудың жалғыз мүмкіндігі.
Көп жағдайда мұндай отаны егде жастағы адамдар жасатады, — дейді дәрігер.

Білікті дәрігер күрделі ота құнын қарапайым халықтың қалтасы көтермейтінін айтады. Травматологиялық операциялар – ең қымбат медициналық қызметтердің бірі. Буындарды эндопротездеу, күрделі остеосинтез ( металл конструкцияларды қолдану арқылы сүйек сынықтарын хирургиялық емдеу әдісі) секілді ем-шаралардың бағасы миллионға жетуі мүмкін. Бір ғана буынға жасалатын эндопротездік операцияның құны – шамамен 1,5 мил-
лион теңге. Сондықтан тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылғаны маңызды. Өйткені бағасы қымбат оталар МӘМС аясында тегін жүргізіледі.

— Негізі буынның ауыратынын тұрақты түрде ауырсынудың тууынан, қозғалыста шектеулер болғаннан-ақ білуге болады. Мысалы, егер тізеңізді толықтай түзете алмасаңыз, отырып-тұруыңыз қиындап, ауырсынсаңыз, тіркелген жеріңіз немесе тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша емханадағы травматолог-ортопед дәрігерге қаралу керек. Тексеріліп, зақымданған буынның рентгенографиясы жасалғаннан кейін дәрігер одан әрі емдеу әдісін анықтайды. Аурудың алғашқы кезеңінде, әдетте, консервативті ем тағайындалады. Консервативті жолмен емдеу дәрменсіз болған жағдайда хирургиялық араласуға жүгінеді, — дейді дәрігер.

Аймағымызда жарақаттану жағдайларының басым бөлігі тұрмыстық және өндірістік себептермен байланысты. Көбінесе  қыс мезгілінде жарақат алушылардың саны көбейеді екен.  Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларынан зардап шегетіндер де бар.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.