Облыстық кардиологиялық орталығының дәрігерлері күрделі ота жүргізіп, науқастардың өмірін құтқаруда. Жуырда кардиологтар науқастың жүрегі мен қан тамырына бір мезетте екі ота жүргізді.
Айдана ҚУАНЫШЕВА
Мұндай медициналық араласу адам өміріне қауіп тудырады. Өйткені науқас ота кезінде инфаркт немесе инсульт алуы мүмкін. Бұрын мұндай күрделі араласулар сирек жасалған. Себебі қан тамырлары хирур-гиясы кардиологиялық орталықтан тыс орналасып, мекемелердің арақашықтығы осындай отаны жүргізуге мүмкіндік бермеген. Орталықта тамыр хирургиясы бөлімшесі ашылғалы симультанды оталар тұрақты түрде жасалуда. Яғни, дәрігерлер бір уақытта адамның бірнеше ағзасына ота жүргізеді.
Мультифокалды атеросклероз – аса қауіпті диагноз. Бұл кезде қан айналым жүйесінің бірнеше бөлігі зақымдалады. Инфаркт, инсульт, ишемия қаупі жоғары болғандықтан, мұндай операцияға бір мезетте кардиохирургтер мен тамыр хирургтері қатысады.
– Күрделі медициналық араласулар кешенді тәсілді қажет етеді. Мысалы, ұйқы артериясындағы стеноз жүрекке жасалатын ота кезінде ишемиялық инсульт қаупі артады. Сондықтан біз жұмысты кезең-кезеңімен жүргіземіз. Алдымен тамыр хирургтері ұйқы артериясындағы қатерді жояды, кейін кардиохирургтер жүрекке ота жасайды. Бұл алгоритм асқыну қаупін айтарлықтай төмендетеді, – дейді кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Мұрат Райханов.
Мұрат Арыстанұлы мұндай отаны 62 жастағы науқасқа жүргізіп, өмірін сақтап қалған. Науқас ауруханаға жедел миокард инфаркт диагнозымен түскен.
Тамыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Сәбит Жүсіпов мұндай күрделі оталар адам өміріне қауіпті екенін жасырмады. Инсульт пен инфаркт қатар туындап, науқас қайтыс болуы мүмкін.
Дәрігерлер қосарланған операциялардың саны артып келе жатқанын айтады. Себебі науқастардың басым бөлігінде жүрек-қан тамырларымен қатар, қант диабеті, аяқ тамырларының бітелуі секілді қосымша аурулар жиі кездеседі.
Орталықтағы тамыр хирургтері жылына бір мыңға жуық ота жүргізеді. Мультифокалды атеросклероз диагнозына жасалған отадан кейін науқастың жағдайы 10 күн ішінде қалыпқа келеді. Алты ай көлемінде дәрігер бақылауында болып, оңалтудан өтеді.
Мұндай күрделі отаның құны – 3 млн теңге. Ал аймақ тұрғындары күрделі отаны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін алады.
Өкінішке қарай, мамандар аурудың «жасарып» келе жатқанын айтады. Дәл осындай диагнозға жасы 40-тан енді асқандар да шалдығуда. Дәрігерлер бұл ауру тұқым қуалайтынын алға тартады. Сонымен қатар, тұрғындарға зиянды әдеттерден аулақ болып, үнемі қозғалыста жүру қажет екенін ескертті. Денсаулықты сақтау үшін тұрақты түрде скринингтен өтіп, спортпен шұғылдануды ұсынады.