Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі тұрғындар қажетті ем-шарадан бөлек, қымбат оталарды тегін жасатуға мүмкіндік алды. Сырқаттанған адам жергілікті емханаға жүгінуі арқылы дәрігердің көмегімен тегін отаға кезекке тұрады. Аймағымызда құны 8 млн теңге тұратын оталарды ақысыз жасатқан адамдар бар.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша директоры Жангелді Шайымбетов облыста күрделі оталарды қаржыландыру көлемі бір жарым есе артқанын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, биыл жүргізілген оталардың ішінде құны 1 млн теңгеден асатын шаралардың саны басым.
— МӘМС аясында жоғары технологиялық медициналық көмекті облыста 3 емдеу мекемесі көрсетеді. Күрделі ота Павлодар қалалық №1 ауруханада, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада және кардиологиялық орталықта жүргізіледі. Соңғы үш жылда мұндай шараларды қаржылан-дыру көлемі үш есе өсті. Мәселен, 2022 жылы МӘМС бойынша 1800 қымбат ота жасалса, өткен жылы 2685 ота жүргізіліп, бұл бағытқа 1,7 миллиард теңге жұмсалды. Ал жыл басынан бері құны 1 млрд теңгеден астам қара-жатқа 1589 ота жасалды, — деді Ж.Шайымбетов.
Бүгінде Ғ.Сұлтанов атын-дағы облыстық ауруханада жамбас, тізе буынын ауыс-тыруға мүмкіндік беретін күрделі ем-шара жүргізіледі. Мұндай отаға кемі 2 млн теңге жұмсалады екен. Соңғы екі жыл ішінде аталмыш емдеу мекемесінде 24 ота жүргізілген. Жамбас және тізе буындарын ауыстыру мәселесімен шетелде оқыған тәжірибелі травматолог-ортопедтер айналысады. Бас пен мойынға қатысты хирургиялық араласуларды №1 Павлодар қалалық ауруханасының мамандары жасайды. Ал кардиологиялық орталықта кардио-хирургиялық оталар жүргізіледі.
Атап өтерлігі, облыстың сақтандырылған тұрғындары медициналық көмекті, күрделі отаның барлық түрін тегін алады. Жоспарлы отаға кезек күту уақыты 10 күннен аспауы тиіс. Ал шұғыл ота уақыт күттірмей, жедел түрде жасалады.
МӘМС аясында тегін жүргізілетін күрделі отаның дені кардиологиялық орталықта жүргізіледі. Ең қымбат оталардың басым көпшілігі жүрекке жасалады.
Облыстық кардиологиялық орталықтың басшысы Гүлжанат Жақова жергілікті кардиохирургтар кейбір оталарды Қазақстанда алғаш болып жасағанын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, дәрігерлер жүрегі тоқтап қалған науқастарды ажал аузынан құтқаруда. Жүрек соғысы тоқтап, бірақ адам комаға түскен жағдайлар болады екен. Мұндай кезде кардиологтар арнайы құрылғылардың көмегімен жүректің жұмысын қайта қалпына келтіре алады. Мұндай отаның бағасы 8 млн теңгеден асады.
— Өткен жылы 69 науқастың жүрегіне имплант жасалды. Олар ем-шара үшін қаражат төлеген жоқ, бәрі тегін жүргізілді. Бұл бағытқа жалпы сомасы 577 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Биыл дәл осындай көмекті 31 науқас алды, — дейді Гүлжанат Жақова.
Гүлжанат Ертайқызы дәрігерлер тың әдістерді де меңгеріп жатқанын атап өтті. Жергілікті кардиологтар еліміз бойынша мықты мамандардың қатарында. Өткен жылы жергі-лікті хирургтер құны 1,4 млрд теңгеден асатын 317 отаны сәтті жүргізген. Жыл басынан бері кардиологиялық орталықта 191 ота жасалған.
Қазіргі уақытта инсульт бөлімшесіне жүгінетін науқас-тардың саны артуда. Оның басым көпшілігі — 35 жастан асқан ер азаматтар. Бөлімше 25 орынға есептелген.
11 жыл ішінде облыстық кардиоорталықта 30-дан астам түрлі инновациялық технология енгізілді. Елімізде кеуде қуысы аортасы диагнозына осы орталықта ем жүргізіледі. Аорта – қанды жүректен ағзаның барлық бөліктеріне тасымалдайтын қан тамыры. Сонымен қатар, өкпе артериясының тромбоэмболиясы диагнозына да осы орталықта ғана ем жүргізіледі. Өкпе эмболиясы – өкпедегі артериялардың бітелуінен пайда болады. Аурудың негізгі себебі – тромбылар. Өкпе эмболиясы көктамырдың тромбымен бітелуінен туындайды. Бұған дейін осы індетке шалдыққандарды өлім аузынан аман алып қалу мүмкін болмайтын. Ал қазір дәрігерлердің біліктілігінің арқасында науқастар дерттен айығып жатыр.
Гүлжанат Ертайқызының айтуынша, кардиологиялық орталық өз тәжірибесінде тұңғыш рет симультантты ота жасауды енгізген. Яғни, екі бригада — кардиологтар онколог мамандарымен бірлесіп ота жүргізуде. Сонымен қатар, орталықта ашық жүрекке ота жиі жасалады. Бұл да — күрделі операциялардың бірі. Ашық жүрек хирургиясы – жүректің бұлшық еттеріне, клапандарына, негізгі артерияларға жасалатын ота.
Осылайша, білікті мамандар МӘМС жүйесі аясында науқас-тарға шұғыл әрі жоспарлы ем жүргізіп, өмірлерін құтқаруда.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.