Отандық денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Соның аясында 2026 жылдан бастап электронды денсаулық паспорттары қолданысқа енгізілмек.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл сала да жасанды интеллектінің игілігін көруде. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың желтоқсан айында барлық меди-циналық деректі бір эталондық сақтау қоймасында жинақтайтын Медициналық деректердің бірыңғай сақтау қоймасын іске қосу жоспарлануда. Соның нәти-жесінде, келесі жылы электронды денсаулық паспорттары азаматтарға толыққанды қолжетімді болмақ. Ал оған дейін, яғни алдағы айда кадрлардың, жабдықтардың және медициналық техниканың бөлінуін онлайн режимде қадағалайтын Денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың жаңа жүйесі іске қосылмақ.
– Медициналық ұйымдардың бизнес процестерін оңтайландыру есебінен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйе-лерін медициналық ақпараттық жүйелермен интеграциялау арқылы медицина қызметкерлерінің жүктемесін 40 пайызға дейін төмендету жұмысы жүргізілді. Ақауларды автоматты түрде анықтау дәлдігін 4 есе арттыруға мүмкіндік берген Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі іске қосылды. Бүкіл ел бойынша пациенттерді цифрлық сәйкестендіру кеңейтіліп, нәтижесінде 8 ай ішінде медициналық қызметтерді артық тұтыну көрсеткіші 6,8 пайызға немесе 6,7 млрд теңгеге төмендеді, — деді Ақмарал Әлназарова.
Осылайша, отандық денсаулық сақтау саласында да тың өзгерістер орын алып, ел тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мүмкіндіктері артуда.
Н.АҚЫТЕГІ.