Облыста ересектер мен балалар арасында дифтерия және жасөспірімдер арасында  псориаз дерті белең алуда. Мамандар дифтериядан сақтанудың жолы – вакцина екенін айтады. Ал псориазға шалдыққан балаларды бірден дәрігердің қабылдауына әкелу керек.

Облыстық санитарлық-эпидемио-логиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова дифтерия кең таралған ауру екенін айтады. Оның сөзіне сүйенсек, өзге елдерде бұл дерт әлі күнге дейін өзектілігін жоймаған. Әлем бойынша жыл сайын осы аурудан 5 мыңға жуық адам көз жұмады.

— Дифтерия – жоғары тыныс жолдарына, теріге әсер ететін бактерия тудыратын ауру. Бактерия шығаратын токсин жүрек бұлшық етіне және жүйкеге зақым келтіреді. Бұл дерттің алдын алатын жалғыз шешім – вакцина. Екпені сәбилер бір, үш, төрт, он сегіз айларында ала алады. Кейін 6 және 16 жаста салдырады. Ал ересектер әр 10 жыл сайын вакцина алуы тиіс, — дейді ол.

Аймақта балалар арасында псориаз дерті де белең алып тұр. Бүгінде осы індетке 46 бала душар болған. Ғ.Сұлтанов атындағы  облыстық аурухананың тері-венерологиялық орталығының меңгерушісі Гүлнәр Байсекенова соңғы уақытта псориаз нәрестелерге жиі жұға бастағанын айтады. Орталықта псориаз дертімен 46 бала есепте тұрса, оның 27-сі биыл қосылған. Сырқаттанғандардың 18 пайызы 2-4 жастағы сәбилердің үлесіне тиесілі. Сонымен қатар, 6-7 және 14-17 жас аралығындағы науқас балалар бар.

Дерматовенерологтың айтуынша, науқастардың тең жартысында отбасылық анамнез күрделі. Тұқым қуалаушылықтан басқа, ЖРВИ, қызылша сынды жұқпалы аурулар псориазға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, эмоционалдық және психологиялық күйзеліс те әсер етеді.

Гүлнәр Байсекенова псориаз жұқпалы ауру еместігін, бірақ қауіпті екенін жасырмады. Ұзақ емделмеген жағдайда артропатиялық форманың дамуына әкелуі мүмкін.

— 13 және 15 жастағы екі жасөспірім псориазға шалдыққан. Артропатиялық түрдегі псориаз бас терісінде және денеде қызыл бөртпенің пайда болуынан, қышудан басталады. Әу баста дәрігерлер бұл дертті аллергияға балады. Сөйтіп, балалар бір жыл көлемінде паразиттен емделді. Қаншама уақыт босқа кетті. Індет асқынғанда ғана дерматологтың көмегіне жүгінді. Дертті бірден анықтай алмайтын жағдайлар көп, — дейді дәрігер.

Псориаз балалардың жас ерекшелігіне байланысты ағзаның түрлі бөлігінде пайда болады. Мысалы, 1-3 жас аралығындағы балалардың бас терісінде, мойнында, қабағында бөртпелер пайда болады.  Егер бала денесінде қызыл бөртпелер болса, дәрігерге барған жөн. Бұл жағдайда уақытты жоғалтпау маңызды.

Атап өтерлігі, облыс орталығындағы дерматовенерологиялық орталық Щедрин көшесі, 63/1 мекенжайындағы Е корпусында орналасқан.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.