Елімізде 4 мыңнан астам адам өзгенің органына мұқтаж. Қажетті орган уақытылы ауыстырылмаса, өмірімен қош айтысады. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын трансплантация кезегін күтіп отырған 300 адам бақилық болады екен. Мамандар мәйіттік трансплантацияны дамыту өзгеге өмір сыйлайтын қадам екенін айтудан жалыққан емес.
Бүйректі қажет етеді
Нақты айтатын болсақ, Қазақстанда 4521 адамға бүйрек, жүрек, бауыр сынды өзгенің органы қажет. Ең өкініштісі, оның ішінде 106 бала бар. Кезекте тұрғандардың дені бүйрекке мұқтаж.
Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары Назгүл Жылгелдинаның айтуынша, деректер базасы тұрақты түрде жаңартылып тұрады. Барлық дерек электронды форматта қолжетімді. Соңғы 12 жыл ішінде елімізде 3200-ден астам адамның органы ауыстырылды. Басым көпшілігіне көзі тірі донорлар көмектескен. Яғни, ағзаға мұқтаж жандарды туысқандары, жақындары құтқарған. Ал мәйіттен алынған орган күту парағындағы кезек бойынша салынады.
Қазақстандықтар көзі тірісінде eGov.kz порталы арқылы донорлыққа келісім бере алады. Яғни, қайтыс болғаннан кейін оның органы өзге адамдарға салынады. Мұндай мейірімді жандардың саны 7357-ге жеткен. Өкінішке қарай, олардың тірі кездегі келісімдері мәселені шешпейді. Адам көзі тірісінде рұқсатын бергенмен, демі таусылған сәтте туысқандары органды өзгеге беруден бас тартуы мүмкін. Жақындары келісім бермесе, марқұмның көзі тірісіндегі таңдауы өз күшін жояды. Белгілі заңгер Гүлмира Базарова 2020 жылы енгізілген бұл норма марқұмның таңдау құқығын бұзатынын алға тартады.
— Кәмелетке толған әр адам көзі тірісінде өз құқығын толық жүзеге асыра алады. Қайтыс болғаннан кейін оның келісіміне қарамай, туысқандарының рұқсатын сұрау дұрыс емес деп санаймын. Адам көзі тірі кезінде заңды құқығын қолданды, туыстарының жауабы бұл шешімді шектемеуі керек. Өйткені көзі тірісінде және қайтыс болғаннан кейін донор бола алмайтын адамдар тізімі қалыптасқан. Мысалы, аты-жөні анықталмаған, қайтыс болған шетел азаматтары, кәмелетке толмаған балалар мен тұрмыстық қиын жағдайда тұрған адамдардың органын алуға тыйым салынады, — дейді заңгер.
Трансплантация – медицина жетістігі
Ұзақ жыл трансплантация саласында еңбек етіп келе жатқан хирург Дмитрий Потеребухтың айтуынша, қоғам мәйіттік донорлықтың мәнін әлі толық түсіне қойған жоқ. Ал бір донор бірнеше адамға өмір сыйлай алады.
— Бір мәйіттен алынған орган бірнеше адамның өмірін құтқарады. Бұл – медицинаның үлкен жетістігі. Күрделі отаны жүргізуде қажетті жабдықтың бәрі бар. Биыл бір адамнан алынған органды үш адамға салған болатынбыз. Көпшілік донор мәселесіне түсіністік танытқанымен келісім беруде батылы жетпей жатады. Бірақ мұндай жағдай кез келген отбасының басынан өтуі мүмкін екенін ұмытпауымыз керек, — дейді ол.
Дмитрий Потеребух 2015 жылдан бастап аймағымызда 16 донор өзгеге өз органын бергенін айтады. Нәтижесінде олар 80 адамның өмірін сақтап қалған. Павлодар облысында 205 ересек пен
2 бала басқа адамның бүйрегіне зәру. 8 адамға бауыр ауыстыру қажет болса, тағы бір адам өзгенің өкпесіне мұқтаж. Осылайша, өңірде 216 адам донор күтуде.
— Облыс бойынша донор болуға өз еркімен келісім берген 6229 адам бұл ойынан бас тартты. Қазіргі уақытта 303 адам донор болуға рұқсатын беріп отыр. Өкініштісі, донорлыққа мұқтаж адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, елімізде тек бүйрек кезегінде тұрғандардың саны – 3700 адам. Оның ішінде 10 бала бар. 2024 жылы донорлыққа келіскен 13 адамның тек үшеуінің органы ауыстыруға жарамды деп табылды. Өзгелерінде инфекция анықталды. Донор болу үшін адамда созылмалы және жұқпалы аурулар болмауы тиіс, — дейді Д.Потеребух.
Дмитрий Потеребух 2025 жылы донор болуға 7 үміткер болғанын айтады. Алайда оның бесеуі діни көзқарасқа байланысты шешімдеріне қарсы шыққан. Екі донордың біреуінен ағзасы алынып, ота сәтті өтті. Өкінішке қарай, екіншісінен АИТВ (ВИЧ) анықталғандықтан ішкі органдарын алу мүмкін болмаған.
— Өкінішке қарай, елімізде донор болғысы келетін адам аз. Тіпті, жоқтың қасы деуге болады. Жылына шамамен 100-ге жуық ота жүргізіледі. Ал қалған науқастар кезек күтуге мәжбүр. Кезектің қашан келері белгісіз, — дейді ол.
Үздіктер қатарынан көрінді
Республикалық трансплан-таттауды үйлестіру орталы-ғының мәліметінше, биыл мәйіттік донорлардың көмегімен жасалған оталар саны өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есеге артқан. Донорлық белсенділігі ең жоғары аймақтардың қатарында Павлодар облысы да бар.
Орталық басшысы Айдар Сейітқазинов азаматтардың орган донорлығына деген көзқарасы оң бағытқа өзгергенін және eGov.kz арқылы ерікті түрде ниет білдірушілер үлесі 63 пайызға жеткенін мәлімдеді. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, бұл көлем дер уақытында күрт азаюы мүмкін.
2024 жылы елде 7 орталық жұмыс істесе, 2025 жылы олардың саны 11-ге жетті. Бұл көрсеткіш күту парағындағы емделушілер арасындағы өлім деңгейін 4,6 пайызға төмендетуге мүмкіндік берген. Павлодар облысымен қатар Астана, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан облысы да донорлық белсенділік бойынша үздіктер тізімінде.
Бүйректі гемодиализ алмастырады
Дәрігерлердің айтуынша, жүрек пен бауырды бір адамнан алып, екінші адамға салу үшін кемі 4-5 сағат кетеді. Ал бүйрек 10 сағаттың ішінде салынуы тиіс. Сондықтан мәйіттік донор мәселесінде уақыт өте шектеулі. Туысқандардың шешім қабылдауы кезінде әр минут санаулы болады. Трансплантацияға медициналық авиация және кемі 50-70 маман қатысады.
Ал бүйрек жұмысы тоқтаған адамдарға гемодиализ жасалады. Бұл ем-шара жүргізілмесе, транс-плантация жасалуы керек. Одан басқа ештеңе көмектеспейді. Демек, гемодиализ — өмірлік қажетті ем-шара.
Павлодар қаласының тұрғыны Айсұлу Қадырова туысқанының дәл осындай емді 10 жыл көлемінде алып жүргенін айтты.
— 2015 жылы бауырымның келіні өмірге сәби әкелді. Өте ауыр жағдайда босанып, көп қан жоғалтты. Перзентханада бір айдан астам уақыт жатты, бүйрегіне зақым келді. Сол уақыттан бері гемодиализ алып келеді. Алғашқы жылдары ем-шарадан кейін аяққа тез тұрып кететін. Қазір гемодиализ жасаған күні төсектен тұра алмайды. Өйткені ем-шарадан кейін қатты ауырады, есін әрең жинайды. Ауруханадан үйге келген кездегі жағдайына қарап, жүрегің ауырады. Әкесі өз бүйрегін беремін деп еді, ол кісінікі жарамады. Енді күту парағында кезекте отыр. Ал оның қашан
келетіні белгісіз, — дейді А.Қадырова.
Өткір мәселеге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов те назар аударды. Ол донор тақырыбына үнсіз қалуға болмайтынын айтты. Ол үшін қоғамда мәйіттік донор мәселесіне дұрыс түсінік қалыптастыру керек.
— Біреуге ағза беру өмір сыйлауды білдіреді. Дін бойынша қарсы, адамгершілікке жат деп үнсіз қалуға болмайды. Себебі айналамызда дертке шалдыққан, өмір үшін күресіп жүрген жандар бар. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн, — дейді депутат.
Дін не дейді?
Танымал имам, дінтанушы Нұрлан Асанов шариғатта ағзаны саудалауға қатаң тыйым салынғанын айтады.
– Құранда «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» деген «Бақара» сүресі бар, яғни дініміз денсаулықты күтуге және өлімге апаратын аурулардан аулақ болуға шақырады. Дегенмен, ғалымдар осы аятты негізге ала отырып, ағзаны ауыстыру аурудан емделу жолының бірі деп қарастырады. Одан кейін Құранда «…бір адамды тірілткенмен тең» деген «Мәида» сүресі бар, яғни науқас адам зәрулік жағдайға өткенде, өлінің ағза мүшесін өзіне ауыстыруы шариғи тұрғыда харам емес. Мұны өліге деген құрметсіздік деп түсінбеу керек, бұл жерде тірі адамның мүддесі бірінші орынға өтеді.
Ағза тіріден тіріге болсын, өліден тіріге болсын тегін болу керек. Оны тауар секілді сатып, пайда табу — харам. Біздің елде де оған заң жүзінде тыйым салынған. Бірақ заңсыз жолмен пайда табуға тырысатындар бар екенін естіп жүрміз. Ол — арам, – дейді дінтанушы.
Мәйіттік донор мәселесінде тек қоғамдық түсінікті қалыптастыру аздық етеді. Жоғарыда айтылғандай, заңнаманы нақтылау да маңызды. Донорлар мен күту парағындағы реципиенттер жөніндегі деректер толық цифрландырылып, тіркеу тетіктері ашық болуы тиіс. Сонда жүйеге сенім күшейетіні белгілі. Қолға алынған жұмыстар донор-лыққа адамның саналы түрде шешім қабылдауына жол ашуы тиіс.
Еліміз бойынша 4,5 мыңнан астам адам өзгенің бүйрегіне, жүрегіне, бауырына зәру. Олардың денсаулығы донорды неше жыл күте алатыны белгісіз. Бүйрекке мұқтаж жандар ағзаға ауыр тиетін гемодиализбен өмірлерін ұзарта ала ма? Мәселе – осында. Донор тапшы. Өзгенің органына мұқтаж жандардың ішінде 106 бала барын айттық. Оларға да өмір сыйлайтын тек донор!
Айдана ҚУАНЫШЕВА.

