Қоғамда адам жанының арашашысы саналатын медицина қызметкерлеріне жұдырық ала жүгіретіндердің қатары көбейіп тұр. Жақында Қостанай қаласында орын алған оқыс оқиға елді дүр сілкіндірді. Жұмыста жүріп, емделушіден оңбай таяқ жеген хирург жансақтау бөліміне түсіп, өмір мен өлім арасында арпалысты. Мәселенің ушыққаны сонша, Президенттің араласуына тура келді.
Кезек күткісі келмеген…
Жантүршігерлік жағдай Қостанай облыстық ауруханасында тіркелді. Жас дәрігер ота жасап келіп, қабылдау бөлімінде кезекте тұрған емделушілерді қарауға барған. Сол сәтте кезекте тұрған ер адам ашуға беріліп, әлгі хирургті соққыға жыққан. Ауыр жарақаттың салдарынан жас маманның бас сүйегі сынып, миына қан құйылған. Тіпті, санавиацияның көмегімен Астанаға жеткізілді. Кезекте тұрып, жүйкесі тозған науқастың жұдыры-ғының ауырлығын осыдан-ақ саралауға болады. Ақ халаттылар емделуші тарапынан орын алған бұл шабуылды «Денсаулық сақтау жүйесіне жасалған соққы» деп бағалап отыр. Олай деуге негіз бар. Өйткені ол — елімізде науқастан таяқ жеген алғашқы дәрігер емес.
Қоғам назарын аудартқан осындай факті 2023 жылы тіркелген еді. Әлеуметтік желіде жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан бейнежазба тараған болатын. Қарағанды қаласында тіркелген оқиғада ер адам жедел жәрдем қызметкеріне көлікті дұрыс қоймағаны үшін шүйлігіп, соққыға жығады. Қостанайда науқастың шақыртуын қабылдаған фельдшер Әнел Баймурзинаның жағдайы да есімізде. Науқастың жақындарынан таяқ жеген қызметкер ауруханадан бір-ақ шыққан еді. Биыл Қарағанды облыстық балалар ауруханасында 38 жастағы қала тұрғыны дәрігерлермен сөзге келіп, күш көрсеткен болатын. Бұдан бөлек, тағы да Қарағанды қаласындағы жеке медициналық мекемеде ер адам дәрігерді аяусыз соққыға жыққан. Әйелін емханаға әкелген ол дәрігер кабинетінің есігін теуіп сындырып, маманға қол көтерген. Салдарынан медбикенің саусақтары сынған. Миы шайқалып, денесі
көгерген.
Енді статистикаға көз жүгіртейік. 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігер, фельдшер, медбикелерге және басқа да денсаулық сақтау қызметкерлеріне жасалған шабу-ылдардың 170-тен астам фактісі тіркеліпті. Оның ішінде биыл емделушілерден алты ақ желеңді зардап шеккен.
Президент пәрмені
Қоғамды алаңдатқан мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев араласты. Президент заңды қатаңдатуды тапсырды. Мемлекет басшысы дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керектігін атап өтті. Президент Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Бастама алдағы уақытта Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланады.
Президент бастамасын дереу Үкімет қолдады. Премьер-Министр Олжас Бектенов арнайы жиын өткізді.
— Мемлекет басшысы тапсыр-масының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Дәрігерлерге шабуыл жасалған мұндай оқиғалар құқықтық әдістермен қатаң түрде тоқтатылуы керек. Осыған байланысты денсаулық сақтау, ішкі істер, әділет министрліктеріне он күн мерзім ішінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны үшін қылмыстық жаза қарастыру бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеп, енгізуді тапсырамын, — деді Премьер-Министр.
Ішкі істер министрлігі ауру-ханалар мен перинаталдық орта-лықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойы полиция бекеттері қойылды деп отыр. Бүгінде барлығы 115 денсаулық сақтау нысаны қорғалған.
Министр үндеу жолдады
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылға қатысты пікір білдіріп, қазақстандықтарға үндеу жасады.
— Құрметті қазақстандықтар! Сіздерге перзентханада медбике, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде кезекші және ординатор дәрігер болып жұмыс істеген маман ретінде үн қатқым келеді. Медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар! Біз тағы да Қарағанды мен Қостанайда орын алған екі сорақы жағдайға куә болып отырмыз. Қарағандыда жеке клиниканың медбикесіне шабуыл жасалды. Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургі қатыгездікпен соққыға жығылды. Емделуші өз кезегін
күткісі келмегендіктен дәрігерді бір ұрып, есінен тандырған. Қазір дәрігер жансақтау бөліміне түсті. Адам өмірін арашалап жүрген жанға қол көтеру үшін адам қаншалықты деңгейде қатігез және мейірімсіз болуы керек? – деді Ақмарал Әлназарова.
Министрдің сөзінше, бейбіт уақытта дәрігерлердің өз жұмыс орнында өміріне қауіп төніп
отыруы – ақылға қонбайтын жағдай.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағам-бетов дәрігерлерге жасалған соққы полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаумен теңестіріліп, мұндай әрекетке барғандарға қылмыстық жауапкершілікті күшейту керектігін айтты.
– Қазақстанда ешбір мамандық медицина қызметкерлеріндей жиі агрессияға тап болмайды. Оның салдары қазірдің өзінде байқалып жатыр. Дәрігерлер өзін қауіпсіз сезінбегендіктен жұмыстан кетіп жатыр. Осы мәселе бойынша біз үш мәрте Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізуді ұсындық. Дәрігерге шабуыл жасаған адамға қатысты бөлек бап, қатаң жаза болуы керек. Бұл жаза полицияға шабуыл жасаумен тең болуға тиіс. Егер соққы алған дәрігердің денсаулығы жұмыс істеуге жарамай қалса, кінәлі адам моральдық әрі материалдық тұрғыдан өтемақы төлеуі керек. Қажет болса өмір бойы төлесін, – дейді депутат.
Өкінішке қарай, бұл бастама Үкіметтің қорытындыларында қолдау таппаған. Депутат Еуропа елдерінде дәрігерге шабуыл жасау полицияға шабуыл жасаумен тең екенін алға тартады. Мемлекет дәрігерді қатты қорғайды. Бізде де солай болуы қажет.
Жуырда Ақмарал Әлназарова дәрігерлерге шабуыл жасағандар қандай жаза арқалайтынын ашық айтты. Бұл ретте Денсаулық министрлігі құжаттың жобасын әзірлеген. Оған сәйкес, Қылмыстық кодекске жаңа 158-1 бап енгізіледі. Бұдан былай дәрігерге күш қолдану қаупі төнсе және бұл дерек дәлелденсе, 2 жылға дейін бостандығын шектеу, бір медицина қызметкеріне шабуыл жасалса, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру; шабуыл төтенше жағдай кезінде болса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, бірнеше медицина қызметкеріне қауіп төндірсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр. Алдағы қыркүйек айында бұл түзетулер Парламентке жолданады.
Түсіністік танытпайды
Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының кеңес беру және диагности-калық бөлімшесінің меңгерушісі, облыстық мәслихат депутаты Света Абдраманова қабылдау бөлімінде дәрігерге жасалған шабуыл ақтауға келмейтін әрекет екенін айтады. Оның сөзінше, күрделі отадан енді ғана шыққан медициналық қызметкер, шарша-ғанына қарамастан, науқастарды қабылдауды жалғастыру үшін қайта оралған еді. Ал осы мамандығына деген адалдығы үшін ол ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне түсті.
— Өкінішке қарай, мұндай жағдай аз тіркелмейді. Соңғы уақытта медицина қызметкерлеріне бағытталған зорлық-зомбылық оқиғалары жиілеп кетті. Бұл — алаңдатарлық жағдай. Бұл тек агрес-сияның көрінісі ғана емес. Бұл — бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне қарсы жасалған қылмыс дер едім. Мұндай оқиғаларға жеке жағдай ретінде қарауға болмайды. Адам өмірін сақтап қалатын маманға деген көзқарасты түбегейлі өзгерту керек.
Қазір дәрігер мамандығында оқитындарға да талап күшейді, оқу мерзімі 12 жылды құрайды. Осыншама уақытын білімге арнаған жас мамандар жұмысқа тұрып, науқастардан соққы алса, бұл салаға кім жолайды? Онсыз да елімізде дәрігер тапшы. Мамандардың жүктемесі де ауыр. Дәрігер ретінде медицина қызметкерлеріне қатысты кез келген зорлық-зомбылық әрекетін қатаң жазалауды сұраймын. Біз тек кінәлілерге әділ әрі қатаң жаза қолдануды ғана емес, сондай оқиғалардың қайталануына жол бермейтін жүйелі шешімдерді де талап етуіміз қажет. Қоғам медицина қызметкерлерінің еңбегін құрметтеп, бағалауды сөз жүзінде емес, іс жүзінде үйренуі керек. Дәрігерлерді қорғайтын заңдар жай ғана қабылданған құжат күйінде қалмай, нақты әрі ымырасыз жұмыс істеуі тиіс, — дейді Света Сағындыққызы.
Еңбек жолын облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында 4 жыл жұмыс істеп келе жатқан дәрігер Сухраб Байметов қызмет жолын фельдшерден бастаған. Дәрігер әр бригада орта есеппен бір ауысымда кем дегенде 25 шақыртуға шығатынын, мамандардың жұмысы ауыр екенін айтады.
– Медицина мамандарының бірінші міндеті – адамдарға көмек көрсету. Өкінішке қарай, соңғы уақытта медицина қызметкерлері жиі агрессияға тап болуда. Жәрдем көрсету кезінде кейбір адамдар айқаймен, қорқытумен қарсы алатыны жасырын емес. Мұндай әрекет мамандарды денсаулық сақтау саласынан алыстататынын ескеру керек. Оның салдарынан медициналық көмекке мұқтаж адамдар дер уақытында қажетті көмекті ала алмай қалуы мүмкін. Дәрігерге қол көтерген үйдің есігін кімнің қайта ашқысы келеді дейсіз? Біз өз жұмысымыз үшін алғыс сұрамаймыз. Бар болғаны міндетімізді атқарамыз. Тұрғындар қызметімізге сыйластықпен қарап, бөгет келтірмесе екен, — дейді дәрігер.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы емханаларда медицина қызметкерлері мен емделушілер арасында түсініс-пеушілік орын алатынын жасырмайды. Мәселен, жуырда Almaz Medical Group емханасында терапевт емделушіні қабылдап отырған сәтте, басқа учаскеге тіркелген ер адам кабинеттің есігін теуіп кіріп, айқайға басқан. Кейін белгілі болғандай, әлгі адам дәрігерінің қабылдау күнін шатастырып алған. Қабылдау бөлмесінің есігі жабық екенін көріп, жанындағы кабинетке басып кірген. Тағы бір жағдай Павлодар қалалық №1 ауруханасының қабылдау бөлімінде тіркелді. Түн уақытында емдеу мекемесіне өзге қаладан егде жастағы қария мен ер адам жүгінген. Зейнеткердің жүрегіне электрокардиография жасалады. Қарияны денсаулық жағдайының қалыптылығына байланысты үйге жіберген. Бірақ қария жылда осы мезгілде ревматизмге байланысты ем қабылдайтынын айтқан. Мамандар мұндай ем тек жолдама арқылы жүргізілетінін түсіндірген.
— Кей жағдайда науқастармен сөйлесу қиындық тудырып жатады. Зейнеткерге ревматологиялық ем Павлодар облыстық ауруханасында жүргізілетінін, онда бейінді дәрі-герлер бар екенін түсіндірдік. Біздің мекемеде ревматолог жоқ. Ауруханаға жатқызу портал арқылы ғана жүзеге асады. Тұрғылықты жерінен жолдама әкелмегеннен кейін жатқызу мүмкін болмады. Бірақ қарияны ертіп келген ер адам бізді тыңдамады. Бейәдеп сөздер айтып, дәрігерлер мен медбикелерге тіл тигізіп, дау шығарды, — дейді қалалық №1 ауруханасының дәрігері Айтолқын Талғатова.
Дабыл батырмасы орнатылады
Мақаланы жазу барысында тұрғындардың да пікірін білген едік. Павлодар қаласының тұрғыны Ғалия Жұматаева халықтың денсаулық сақтау саласы мамандарына дөрекілік көрсе-
туінің себебін былай деп түсіндіреді.
— Қазіргі адамдардың жүйкесі бұзылған. Мәселенің байыбына бармай жатып, ашуға тез бой алдырады. Екіншіден, көпшіліктің ұғымында дәрігерлердің біліктілігі төмен, жауапсыз, ауруды емдей алмайды деген түсінік қалыптасқан. Ал енді емделушілердің ашуға берілуіне қазіргі медицинадағы жүйе де әсер етті деп ойлаймын. Өйткені көп тұрғындар МӘМС аясында тегін көмек алу үшін дәрігер кезегін апталап, айлап күтеді. Тіркеуде тұрған емхананың бәрінде қажетті медициналық құрылғы болмайды. МРТ, КТ, УЗИ құрылғыларынан өтуі үшін басқа емдеу мекемесіне жолдама алуы үшін де ұзақ күтіп жатады. Содан МӘМС-ке қаржы аударған халықтың жүйкесі жұқарады, — дейді қала тұрғыны.
Өткір мәселеге Президент араласқаннан кейін қазір өңірлерде дәрігердің құқығын қорғау бойынша іс-шаралар қолға алынуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы аймағымызда ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне бейне-бақылау жүйесі мен дабыл батырмалары орнатылатынын атап өтті. Бұл күтпеген жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, жедел жәрдем фельдшерлеріне бейне-жетондар беріледі. Бұл да меди-цина қызметкерлерінің қауіп-сіздігін арттырып, шақырулар барысын тіркеуге мүмкіндік
бермек.
Бұл ретте тағы бір мәселені ескеру қажет. Науқастардың үйіне барып, алғашқы медициналық көмек көрсететін жедел жәрдем қызметкерлері бейнежетондармен қамтылады. Емханадағы учаскелік дәрігерлер де үйге шақырту алғанда емделушіге барады. Мамандардың науқастан соққы көрмеуніне кім кепіл? Тіпті, подьезге кіргенде маскүнем, нашақор адамдарға тап болуы да мүмкін. Жүкті әйелдердің жағдайын бақылау үшін үй аралайтын акушерлер де бар. Сондықтан аталған мамандардың қауіпсіздігі де назарға алынуы қажет.
Түйін:
Дәрігердің қателігінен науқастың денсаулығына зиян келсе, маман қалтасынан бірнеше миллион теңге өтемақы төлеуге міндетті екенін жақсы білеміз. Ал дәрігерге қасақана қол көтерген науқастың өтемі одан екі есе көп болуы тиіс. Өйткені бір дәрігер — бір емес, жүздеген адам жанының арашашысы. Үкімет қолға алып жатқан шаралар алдағы уақытта күшіне енеді деген сенімдеміз.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.