Басы ауырып, балтыры сыздаған адам ауруынан айығу үшін дәріхана жағалап, дертіне ем іздейтіні белгілі. Қазіргі таңда еңкейген кәріден мен еңбектеген балаға дейін ауырып-сырқағанда қажетті дәрі-дәрмектің бағасы шарықтап тұр. Жылына екі рет шекті баға белгіленетін фармацевтикалық өнімдер бағасына әзірге өзгерістер енгізілген жоқ.

Жекеменшік нысаны болып табылатын дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасын реттеуге құзырлы орган – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодекстің 245-бабына сәйкес уәкілетті орган жылына 2 рет бөлшек және көтерме саудада өткізуге арналған дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекітеді. Комитет дәрі-дәрмек бағаларын шектеуге байланысты әзірге нақты шешім қабылдамағандықтан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау Комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің өкілдері мәселеге қатысты қандай да бір пікір білдіре алмады.

2023 жылы дәрілік заттардың бағасы 2022 жылмен салыстырғанда орта есеппен 13,6 пайызға өскенін көрсетті, бірақ белгіленген шекті бағадан аспайды. Жалпы, бұл көрсеткіш маусымдық бағаның өсуіне байланысты дәрі-дәрмектің сауда атауларының аз мөлшерінен тұрады. Негізінен, антипиретикалық, вирусқа қарсы, антибиотиктер мен антикоагулянттар бағасының өсуі байқалды. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 245-бабы 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган жартыжылдықта бір рет монополияға қарсы органмен келісу бойынша бағалық реттеуге жататын, бөлшек және көтерме саудада өткізуге арналған дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекітеді. Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 3 шілдедегі бұйрығымен бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттардың 6 890 саудалық атауына шекті бағалар бекітілген болатын. Әзірге дәріханалар осы құжат негізінде жұмыс істеп келеді.

Қазіргі таңда өткен жылмен салыстырғанда дәрілік заттарға бағаның өсуі байқалады (шамамен 20%), бірақ  бұл көрсеткіш уәкілетті орган бекіткен шекті бағадан аспауы тиіс. Кейбір дәрілік заттарға маусымдық бағаның өсуі анықталған. Дәрілік заттар бағасының өсуі шикізат, тасымалдау құнының өсуіне және инфляцияға тікелей тәуелді. Шетелдік дәрі-дәрмектер мен отандық өнімдер бағасы арасында айырмашылық болатынын ескерген жөн.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, бағаның жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған (Нифедипин, Пирацетам, Бисопролол), микробқа қарсы (Азитромицин, Левофлоксацин), вирусқа қарсы (Ацикловир) препараттардың өсуі байқалады, бірақ уәкілетті орган бекіткен шекті бағадан аспайды. Сондай-ақ, бұл дәрілік заттардың бағасы төмен аналогтары да бар.

Кейбір дәрілік заттарға бағаның төмендегенін айта кету керек. Мысалы витаминдер (Витамин С 500-ТК, D-Vit Lamira), антикоагулянттар (Clexane, Xarelto®), қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ASPRIX, Диклофенак-Тева).

– Жас келген сайын адам денсаулықтың қадірін біле түседі екен. Жастықпен ауру-сырқауды елемей жүре беріппіз. Қазір дертімізге дауа іздеп емханалар мен ауруханаларды жағалауға тура келеді. Дәрігердің тағайын-дамаларын алу үшін дәріханаға бара қалсақ, ондағы бағаларды көріп, жағамызды ұстаймыз. Біз секілді зейнетақыға қарап отырған жандардың қолындағы аз ғана қаражаты дәрі-дәрмек алуға жетпей қалып жатады. Себебі жыл басында зейнетақы өссе, күнделікті қажетті азық-түлік, коммуналдық қызмет бағасы қатар көтеріледі. Сондықтан үкімет тарапынан бағаны реттейтін тетіктер болғаны жөн, – дейді зейнеткер Шәкира Сәрсенбекова.

Дәрі-дәрмектерді шекті бағадан асыра сату фактісі анықталған жағдайда, Медици-налық және фармацевтикалық бақылау Комитетінің аумақтық департаменттеріне дәлелді құжаттармен (дәрі-дәрмек және сату түбіртегімен) немесе DARI.KZ мобильді қосымшасы арқылы өтініш қалдыруға болады. Бүгінгі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрінің  бұйрығымен 6890 дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағалар бекітілген. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес дәрі-дәрмекті бекітілген шекті бағадан асыра сатқаны
үшін жауапкершілік көзделген.

– Құзырлы органдар дәрі-ханаларда үнемі тексерулер жүргізеді. Фармацевтер дәрі-дәрмектер бағасын шектен тыс көтерген немесе тағайындамасыз босатуға болмайтын препараттарды заңсыз сату фактілері анықталған жағдайда, екі рет ескерту жасалып, құқық бұзушылық үшінші мәрте қайталанса, дәріхана лицензия-сынан айырылады. Сондықтан бақылау қатаң, заң шеңберінде жұмыс істейміз, – дейді дәріханашы Дамира Сұлтанова.

Мәліметтерге сүйенсек, көтерме-бөлшек сауда желісінде 2023 жылдың басынан бері дәрі-дәрмекті шекті бағадан асыра сату бойынша 16 факті анықталды, 2,1 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Дәріханалар дәрі-дәрмек бағасын қымбаттатса, DariKZ мобильді қосымшасы арқылы дәрі-дәрмектің бағасын көтерген дәріханаларға шағымдануға болады. Қосымшада Қазақстанда дәрі-дәрмекті іздеу мен оның құрамымен танысу үшін осы мобильді қосымша арқылы дәріханаларға шағымдануға болады.

Қосымшадан дәрінің түпнұсқа немесе құрамы ұқсас екені туралы да ақпарат табуға болады. Препараттың аналогтары (баламасы), нұсқаулығы және дәрігер рецептінсіз берілетін-берілмейтіні туралы ақпарат та қолжетімді. Мобильді қосымшадан дәріні сауда атауы, тіркеу куәлігі, халықаралық патенттелмеген атауы бойынша табуға болады. Мобильді қосымшаға Қазақстан аумағында тіркелген 7 мыңнан астам дәрі түрі енгізілген. DariKZ мобильді қосымшасын Play Market және App Store арқылы жүктеуге болады. Мобильді қосымшадан Қазақстанда тіркелген препараттар туралы дәрі-дәрмектің құны, дәрі рецептімен немесе рецептісіз берілетіні туралы, өндіруші ел, қолдану жөніндегі нұсқаулық, жанама әсерлері, сақтау мерзімі, тіркеу нөмірі және басқа деректерді білуге болады.

Жалпы, DariKZ қосымшасында Қазақстанда тіркелген дәрі-дәрмектерге шекті рұқсат етілген баға белгіленген. Осы арқылы препараттың бағасын біліп қана қоймай, басқа дәріханалармен салыстыруға мүмкіндік бар. Егер дәріханадағы бағаның қымбаттағанын байқасаңыз, онда қосымшадағы батырманы баса отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына мәлімет жіберу керек. Нәтижесінде орталық мамандары аталмыш дәріханаға тексеру жұмыстарын жүргізіп, Денсаулық сақтау министрлігі олардың жұмысын шектейтін болады.

Торғын ОРАЗАЛЫ