Прокуратура қызметкерлері Павлодар емханаларының біріне жарамдылық мерзімі өтіп кеткен вакцинаның 135 дозасы жіберілгенін анықтаған. Вакциналар медициналық мекемеге денсаулық сақтау басқармасының орталықтандырылған қоймасынан жөнелтілгені белгілі болды.

Қазіргі уақытта облыстық прокуратура қызметкерлері медициналық ұйымдарға егу науқанын жүргізудің заңдылығына тексеру жүргізуде. 21 миллион теңгеден астам сомаға 9,5 мыңнан астам вакцинаны ұтымсыз пайдалану фактілері анықталған.

– Денсаулық сақтау басқармасының орталықтандырылған сақтау қоймасынан жарамдылық мерзімі өтіп кеткен препараттар медициналық мекемелерге жіберілген. Павлодар емханаларының біріне препараттың қолданылу мерзімі аяқталған күні «Пентаксимнің» 135 дозасы берілгені және осы мерзімі өткен препараттармен екі баланың егілгені анықталды, – деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасы.

Жарамсыз препараттар жойылды, кінәлі адамдар жауапқа тартылды. Сондай-ақ, тексеріс балалардың қызылшаның алдын алу бойынша жалған вакцинация фактілерін анықтады.

Өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мәселеге қатысты түсінік берді. Денсаулық сақтау басқармасының орталықтандырылған қоймасынан жарамдылық мерзімі өткен вакциналар медициналық ұйымдарға жіберілмеген. Басқарма қызметтік тергеу жүргізуде.- Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен арнайы комиссия құрылды. Денсаулық сақтау басқармасының орталықтандырылған қоймасынан облыстың медициналық ұйымдарына жарамдылық мерзімі өткен вакциналар жіберілген жоқ. Қазіргі уақытта қызметтік тергеу жүргізілуде. Тергеу аяқталғаннан кейін жосықсыз вакцинация жағдайлары расталған кезде медициналық ұйымдардың жауапты лауазымды адамдарына тиісті жазалау шаралары қолданылатын болады, – деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасында. Басқармаға прокуратура жүргізген тексеру қорытындысы бойынша акт түспеген.

Өз тілшіміз.