Павлодар облысында 216 науқас өзге адамның ағзасына зәру. Олардың 208-і бүйрек ауыстыруға мұқтаж. Жуырда Екібастұз қаласындағы науқастың бүйрегі ауыстырылып, өмірі ұзартылды.
Биыл елімізде 2 марқұмның ағзасы өзгеге өмір сыйлаған. Донорлардың органы Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарына жеткізілген. Петропавл қаласындағы марқұм донордың органдары үш адамның өмірін сақтап қалды. Жүрек Алматы қаласындағы науқасқа, бауыр Астана қаласының тұрғынына, бүйрек Екібастұз қаласындағы азаматына бұйырды.
Өңірлік трансплантология координаторы Дмитрий Потеребух Петропавлда 39 жастағы ер адам көлік апаты салдарынан ажал құшып, туысқандары марқұмның ішкі органдарын қазақстандықтарға беруге келіскенін айтады. Ағзаның бірі 1985 жылы туған Екібастұз реципиентіне берілді. Ол бүйрекке талай жылдан бері зәру болған. Қазіргі уақытта реципиент ауруханада жатыр, жағдайы жақсы деп бағалануда.
Облыстың бас трансплантологы Солтүстік Қазақстан облысынан жеткізілген донордың бүйрегі екібастұздық реципиентке сәйкес келгенін айтты.
— Ағзаны таңдау тіндік үйлесімділік негізінде жүзеге асырылады. Бұл өте маңызды. Біз ешкімге жай ғана трансплантация жасай алмаймыз, бәрі күту тәртібімен жүзеге асырылады. Яғни, реципиент пен донордың қаны барынша үйлесуі қажет. Екібастұздан келген адамға донордың бүйрегі сәйкес келгендіктен оны Астана қаласына трансплантацияға шақырдық, — дейді Д.Потеребух.
Еске сала кетейік, Қазақстан бойынша ағза ауыстыру кезегінде 4 мыңнан астам адам тұр. Олардың 3700-і донорлардың бүйрегіне мұқтаж.