Алдағы аптадан бастап ел тұрғындары зейнетақы қорындағы жинақ қаржысын тіс емдеу үшін пайдалана алмайды. Нақтырақ айтсақ, 10 тамыздан бастап жарты жыл көлемінде қордағы қаражатты стоматологиялық қызметке жұмсауға уақытша тыйым салынады. Бұл жағдайға тісті импланттау, протездеу кезінде жалған құжат қолдану фактілері себеп болып отыр.
Жоқ тіске брекет орнатқан
Мұндай заңсыздықтарды «Отбасы банк» АҚ қызметтік тексеріс жүргізу кезінде анықтаған. Емделушілер жалған құжатты пайдаланып, нақты медициналық қызметтерді көрсетпеген. «Отбасы банкінің» мәліметінше, 23 шілдедегі жағдай бойынша банк арқылы емделуге 435,1 млрд теңге бірреттік зейнетақы төлемі пайдаланылған. Бұл соманың шамамен 98 пайызы стоматологиялық қызметтерге жұмсалды. Оның ішінде тісті протездеу және импланттау қызметтері бар.
Бірқатар стоматология клини-касы күніне 70-тен астам емделушіні қабылдаған. Ал бұл медицина мекемесінің іс жүзінде мұндай көлемде адамдарды қабылдап, оларға тиісті қызмет көрсетуге жағдайы болмаған. Сараптау барысында клиникалардың қызмет көрсету заңдылығына күмән келтіретін фактілер анықталған. Мысалы, бірқатар тұрғын зейнетақы төлемдерін делдал арқылы және ақшалай сыйақы төлеп алғандарын айтқан. Олар қажетті медициналық құжаттарды одан әрі дайындау үшін делдалға өз еркімен электрондық- цифрлық қолтаңбаны берген.
Тағы бір мысал — 21 жастағы қазақстандыққа «толық адентия», яғни тістердің жоқтығы диагнозы қойылған. Сонымен қатар, дәрігерлік комиссия қорытындысында оған тіс тазарту, брекет орнату сынды емдеу түрлері ұсынылған. Яғни, анықтама көрсетілген қызмет түрімен сәйкес келмеген.
— Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат —
салымшылардың жеке ақшасы, оны азаматтар өз қалауы бойынша пайдалануы тиіс деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Бірақ «Отбасы банк» біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор ретінде оның мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті. Біз 2021-2024 жылдар аралығында БЖЗҚ қаражатына көрсетілетін қызмет көлемі бойынша 25 стоматологиялық клиниканың мемлекетке салық түрінде шамамен 63 млн теңге төлегенін анықтадық. Бұл ретте БЖЗҚ қаражаты есебінен ұқсас кезеңде көрсетілген қызмет көлемі шамамен 91 млрд теңгені құрады, яғни салық жүктемесі небары 0,07 пайыз болған. Біздің ойымызша, бұл стоматологиялық клиникалар тарапынан көрсетілетін қызметтердің шынайылығына күмәндануға себеп бола алады, — деп түсіндірді «Отбасы банкінің» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылдың 10 тамызынан 2025 жылдың 1 ақпанына дейін протездеу және тіс импланты бойынша стоматологиялық қызметке бөлінген қаражатты пайдалануды уақытша тоқтатуға бел
байлады.
Тіс емдеу – бірінші орында
Аймақ тұрғындары да 2021 жылдан бастап зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асатын соманы тіс емдеуге пайдаланып келді. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржамал Дүйсембаеваның айтуынша, 2021 жылдан бастап облыс тұрғындары зейнетақы қорындағы төлемдерді бірнеше мақсатта пайдаланып келеді. Алдымен әр адам денсаулығына қатысты арнайы қорытынды құжатты алуы тиіс. Дәрігерлік комиссия 5 жұмыс күннің ішінде шешім шығарады.
— Елімізде емделу бойынша 774 мың 325 өтініш тіркелді. Оның ішінде 364 мыңнан астам адамның өтініші қабылданды. Ал Павлодар облысы бойынша медициналық қызметті алу бойынша 26 мың 242 өтініш тіркелген. Оның ішінде 14 мыңнан астам адамның өтініші қабылданды. Салымшыларға жалпы сомасы 15 млн теңгеден астам қаражат жіберген. Аймақ тұрғындары да стоматологиялық қызметті көп таңдаған, — дейді Н.Дүйсембаева.
Жалған құжатқа жол жоқ!
Мақаланы жазу барысында облыс орталығындағы стомато-логияларға барып, тіс емдеу ақысын білген едік. Бұл ретте «АziaDent» клиникасының қызме-тімен таныстық. Клиника басшысы Бүркіт Сағынов біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға рұқсат бергелі соңғы 3-4 жылдың ішінде 150-ден астам адам тісін емдетуге мүмкіндік алғанын айтты. Оның ішінде биыл 40-тан астам адам тісін емдетуде.
— Клиникада зейнетақы қоры тарапынан белгіленген қаржыға тісін емдетушілер үшін жеке журнал ашылған. Онда емделушіге көрсетілген қызмет түрі мен бағасы толық жазылады. Әр жүргізілген емнен кейін олар қолдарын қояды. Ем толық аяқталғаннан кейін барлық жұмсалған сома жазылады. Зейнетақы қорындағы қаражат емге жетпей қалған жағдайда емделуші қалтасынан қосады. Барлық жұмыс тек емделушінің келісімімен қағаз
жүзінде жүргізіледі, — дейді Б.Сағынов.
Бүркіт Сағынов клиникаға емделуші келген кезде оған алдымен анықтама берілетінін айтады. Бұл ретте емделушінің тісі толық тексеріледі. Нәтижесінде тісіне қанша имплант салу немесе протез жасау керектігі анықталады. Оның аясында тіркеуде тұрған емханаға барып, дәрігерлік комиссиядан өтеді. Дәрігерлер шешім қабылдап, қорытынды шығарғаннан кейін ғана клиникамен келісімшарт жасайды. Сол кезде тіске жұмсалатын қаражат көлемі толық көрсетіледі. Есепшотқа ақша аударылған соң клиника қызметкерлері емделушіге қоңырау соғып, емді бастауға шақырады.
— Тіс емдеу бағасы қымбат екені жасырын емес. Импланттың құны қай елде өндірілгеніне байланысты есептеледі. Мысалы, кореялық, швейцариялық деген сияқты түрлері бар. Бір импланттың бағасы 130 мыңнан басталып, 150 мың, 170 мың, 280 мың теңгеге дейін барады. Одан соң 2-3 айдан кейін тіске коронка орнатылады. Оның бағасы да материалға байланысты. Бағасы 95 мыңнан 140 мың теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар, көрсетілген қызметтің де бағасы бар. Орташа есеппен бір имплант коронкасымен бірге 250-400 мың теңгені құрайды. Ал мұндай соманы әр адамның қалтасы көтере бермейді. Протездің бағасы 35-60 мың теңге шамасында.
Бұл ретте 40-60 жас аралы-ғындағы тұрғындар тіс емдеуге жиі келеді. Жастар да бар. Өкінішке қарай, адамдар тісін уақытылы емдемейді. Бір ғана имплантты қажет ететін емделуші өте сирек. Тіпті, тісі жоқ адамдар да бар. 10 имплантты қажет ететін тұрғындар да келеді. Бұл жағдайда оған 4-5 млн теңге қаражат төлеуге тура келеді, — дейді клиника басшысы.
Бүркіт Сағынов өзі басшылық ететін стоматологиялық орталықта заңсыздыққа жол берілмейтінін айтады. Зейнетақы қорындағы қаражат тек тіс еміне жұмсалады. Оны тіс емдеуге жұмсалды деп есепшоттағы қаражатты қолма-қол сұраған адамдар болғанын жасырмады. Тіпті, туыстарының арасында да осындай мүмкіндікті пайдалануды қалағандар болған. Бірақ Бүркіт Сағынов оларға үзілді-кесілді қарсылық білдірген.
— Жалпы, зейнетақы қорын-дағы артық төлем көп адамға тісін емдеуге мүмкіндік берді. Оны қызмет барысынан көріп келеміз. Сондықтан тұрғындар өз қаражатын денсаулыққа жұмсағаны дұрыс деп есептеймін, — дейді Б.Сағынов.
Бұл ретте облыста барлық бірдей стоматология БЖЗҚ аясында қызмет көрсете бермейді. Мысалы, «Ажар» стоматологиясы ЖШС емдеу-профилактикалық бөлімінің меңгерушісі Манас Кәрібаев тіс емдеу мекемесі мен БЖЗҚ арасында келісімшарт жасалмағанын айтады. Десе де, емделушілердің қатары сиреген емес.
— Қазір тіс емдеу бағасы тұрғындардың қалтасына едәуір салмақ салатыны рас. Бірақ тісін емдетуге келетіндердің қатары азайған емес. Бізде емделушілер үшін банк арқылы бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Сол арқылы имплант, коронка, протез қызметін жасай алады. Тісті импланттау 300 мың теңгеден, протез жасау 45 мың теңгеден, коронка кигізу 20 мың теңгеден басталады, — дейді М.Кәрібаев.
Тұрғындар не дейді?
Зейнетақы қорындағы қара-жатқа тісін емдеткендердің ішінде Павлодар қаласының тұрғыны Оксана Денисюк та бар. Ол біржолғы зейнетақы төлеміне өзінің және қызының да тісін емдеткен.
— Қордағы артылған ақшаны тіс емдеуге жұмсағым келді. Өйткені бағасы қымбат болғаннан кейін еңбекақыдан төлеу мүмкін болмады. Қызымыз екеуіміз облыс орталы-ғындағы емдеу мекемелерінің бірін таңдадық. Тісті пломбалау, емдеу және протездеу қызметтерін пайда-ландық. Зейнетақы қорындағы ақшамды тиімді жұмсағаныма ризамын, — дейді ол.
Ал қала тұрғыны Дәурен Қасымов (тұрғынның өтініші бойынша аты-жөні өзгертіліп берілді) зейнетақы қорындағы біржолғы зейнетақы төлемін ағасының көмегімен қолма-қол шешіп алғанын жасырмады.
— Ағамның досы БЖЗҚ-да артылған сомасын тіс емдеуге бағыттау арқылы стоматология басшысымен келісіп, ақшаны шешіп алған болатын. Мен де осы мүмкіндікті пайдаландым. Бірақ оңай болмады. Зейнетақы қорында 560 мың теңге артылды. Ипотека төлейтіндей атымда үй жоқ. Сол уақытта ағамның үйлену тойына ақша керек болды. Сөйтіп, ағамның досымен сөйлесіп, әлгі стоматология басшылығымен келісім жасадық. Бұл мәселені досы реттеді. Мен ол кісімен жүздескен жоқпын. Бәрі онлайн форматта реттелді. Келісім бойынша қаражаттың 30 пайызы сол адамда қалды. Бірақ маған емханадан дәрігерлік комиссияның шешімін алып келу керек болды. Ол жақтың да «жолын» таптық. Екі аптаның көлемінде ақша есепшотқа аударылып, 400 мың теңгеге жуық ақшаны қолға алып, ағама сыйладым. Бір жағынан өз ақшам ғой, қалай жұмсасам да өз еркім, — дейді қала тұрғыны.
Зейнеткер Қуаныш Белгібай зейнетақы қорындағы қаражат әр адамның маңдай терімен жинаған ақшасы екенін айтады. Сондықтан оны жұмсау еркі өзінде болуы тиіс.
— Қордағы төлемді қолма-қол ақшаға айналдырғанның несі бар? Керісінше, Үкімет артылған соманы заңды түрде шешіп алатындай мүмкіндік жасауы керек еді. Сондықтан халық оның жолын өздері іздестірген. Қазір жұртшылықтың әлеуметтік жағдайы керемет деп айта алмаймыз. Жалақы да мардымсыз. Сол себепті халық мүмкіндік болса артылған ақшаны бір керегіне жаратуды ойластыруы да — заңдылық. Ол үшін ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Олар біреудің ақшасын тартып алып отырған жоқ, — дейді зейнеткер.
Түйін:
Стоматологиялық қызметті пайдаланушылардың қатары күн сайын артуда. Бағасы да арзан емес.Біржолғы зейнетақы төлемінің көмегі талай адамға тиіп отыр. Өзгелердің қателігінен қаражатты мақсатты пайдаланатындар мүмкіндіктен неге қағылуы керек? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Айдана ҚУАНЫШЕВА.