Емдейді әрі ота жасайды

Там 14, 2025

Павлодар облыстық кардиология орталығында балалар хирургиясы бөлімінің жұмысы қайта жанданды. Әлемді жайлаған пандемия кезінде есігі жабылған бөлімше араға 4 жыл салып қызметін жалғастыруда. Биыл қаңтар айында іске қосылған бөлімде жыл басынан бері 7 баланың жүрегіне ота жасалған.

Балалар хирургия бөлімінің жұмысы 2025 жылдың қаңтар айында іске қосылды. Ұзақ уақыт жабық болғаннан кейін қызмет барысы әлі де жандануда. Осы уақыт ішінде 1 жас пен 15 жас аралығындағы 7 баланың жүрегіне ота жасалған. Бұдан бөлек, жүрек ақауы бар 10-ға жуық бала ем қабылдаған. Жүргізілген тексерудің нәтижесінде оларға отаны жүргізу мерзімі кейінге шегерілді.

— Операция алдында баланы толық тексереміз. Кейбір жасөспірімдердің жасы ота жасауға әлі ерте болады. Мұндай жағдайда хирургиялық араласуды кейінге қалдырамыз. Өткен жылы облыста 2 баланың жүрегіне ота жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы 10-ға жуық операция өткізуді жоспарлап отырмыз. Ал келесі жылы ота саны көбейеді деп күтілуде. Биыл жаңа туған сәбилердің жүрегіне жасалатын эндоваскулярлы кардиохирургиялық отаны жүргізу тәсілдерін меңгеру мақсатында арнайы оқу ұйымдастырылады, — дейді балалар хирургия бөлімшесінің жетекшісі Ерлан Ордабаев.

Ерлан Төлеубекұлы – облыстық кардиологиялық орталықтағы балалардың жүрегін емдейтін жалғыз кардиохирург. Сондықтан дәрігердің жүктемесі ауыр. Білікті дәрігер орталықтағы ересектерді де емдейді. Бұдан бөлек, облыстық перинаталды орталықта өміріне қауіп төнген шақалақтарға ота жүргізеді. Дәрігерлік кеңеске де қатысады. Сонымен қатар, облыстық балалар ауруханасына жүрек ауруымен жүгінген балаларды қабылдайды.

Кардиолог коронавирус індетінен кейін балалар хирургия бөлімшесінің жұмысы қайта жанданғанын айтады.
4 жыл көлемінде аймағымыздағы жүрек ауруына шалдыққан балалар Астана қаласында ем қабылдап, ота жасатқан. Балалар хирургия бөлімшесінің жұмысы жанданғалы бері қосымша 3 төсек-орын орнатылған. Оның біреуі кардиохирургиялық орын болса, екеуі — кардиологиялық орын. Кардиохирургиялық орында ота алған бала жатса, кардиологиялық төсекте жоспарлы ем қабылдайтын жасөспірімдер
жатады.

— Кардиологиялық орталықта 11 жыл еңбек етіп келемін. Ересектерді емдеумен қатар жүрек ауруына шалдыққан балаларды тек өзім қараймын. Қабылдау кезінде кеңес беріп, қажетті ем-домды тағайындаймын. Қажет болған жағдайда бөлімшеге жатқызып, ем жүргіземін. Отаны да алдын ала жоспарлаймыз. Биыл облыстық перинаталды орталықта мерзімінен ерте туған 3 шақалақтың жүрегіне ота жасалды. Шала туған сәбилерде жүректегі ашық артериялық өзек өздігінен жабылмайды. Мұндай жағдайда шұғыл ота жүргізіледі, — дейді дәрігер.

Білікті кардиохирург балалар арасында жиі кездесетін жүрек ауруларына тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, жасөспірімдерде септальді ақау,  қарынша септальді ақауы, асқазан аралық қалқалар ақауы жиі кездеседі. Жалпы, балалар арасында 200-ге жуық жүрек ақауы болады. Кейбір балаларда бірнеше жүрек ақауы кездесуі мүмкін.

— Бала ана құрсағында жатқан кезде жүректегі септальді ақаулар анықталмайды. Мұндай диагноз жүктілікті тоқтатуға да себеп болмайды. Ультрадыбыстық тексеру кезінде құрсақтағы сәбидің жүрегінде қауіпті жүрек ауруларын анықтауға болады. Қуантарлығы, өмірге қауіп төндіретін жүрек аурулары балалар арасында өте аз тіркеледі. Жылына көп дегенде 1-2 балаға туа сала шұғыл ота жүргізілуі мүмкін, — дейді кардиохирург.

Балалар арасында жүрек ауруының пайда болу себебін анықтау қиын. Бұл дерт тұқым қуалауы мүмкін. Жүрек ауруларының қауіпті түрлерімен ауыратын балаларда шамадан тыс тыныс алу, тыныс алудың қиындауы, дұрыс тамақтанбау, салмақ қоспау немесе салмақ жоғалту және вирустық ауруларға жиі шалдығу сынды симптомдар болады.  Ауыр емес жүрек аурулары кезінде баладан дерт белгілері байқалмайды. Бұл жағдайда жүрекке ультрадыбыстық тексеру жүргізудің маңызы зор. Медицицналық тексерусіз жүрек ауруын анықтау мүмкін болмайтын жағдайлар болады.

— Өмірге келген әр сәби айына бір мәрте жүрегін тексертуі керек. Ол үшін ультрадыбыстық зерттеу жүргізіледі. Өйткені жүрек ауруларының ішінде симптомсыз жүретін ақаулар болады. Қазіргі уақытта ата-аналар қауымы бұл кеңеске құлақ асып, балаларын тексеруге әкеледі, — дейді дәрігер.

Білікті дәрігер 11 жылдың ішінде бір мыңнан астам баланың жүрегіне ота жасағанын айтады. Оның ішінде қайтыс болған сәбилер де кездескен.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.