Бұрнағы күні ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді. Вице-министр аймағымыздағы емдеу мекемелерін аралап, тұрғындармен және медицина қызметкерлерімен жүздесті.
Тимур Мұратұлы Ақсу қаласындағы тұрғындармен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жергілікті халық мүгедек жандардың тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуы, жеке-меншік клиникаларда МӘМС арқылы емделуге мүмкіндік алу, шипажай мен сауықтыру орындарында тегін емделу сынды сұрақтарды қойды. Сонымен қатар, Ақсу қалалық ауруханасын магниттік-резонанстық томографиямен қамтуды өтінді.
Ақсулықтар мұндай құрылғыдан өту үшін облыс орталығына келеді екен. Вице-министр аталмыш құрылғыға қажеттілік жоғары деңгейде болса, денсаулық сақтау басқармасымен бұл мәселені қарастыратынын айтты. Сонымен қатар, емдеу мекемесін күрделі жөндеуден өткізуді өтінді. Тимур Мұратов аурухананы күрделі жөндеуден өткізу жергілікті атқарушы органдарының құзырындағы мәселе екенін атап өтті. Ал қайта жаңғырту жұмыстары республикалық бюджет есебінен жүргізілетінін айтты. Бұл мәселе де қарастырылатынын жеткізді.
Павлодар облысы қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың саны бойынша республикада үшінші орында тұр. Онкологиялық орталықта кезек саны көп. Тимур Мұратұлы қатерлі ісікпен күресуде скринингті жүргізудің маңызы зор екенін атап өтті.
– Біріншіден, онколог мамандардан жүктемені алып тастау қажет. Бұл ретте штатты ұлғайтудың маңызы зор. Екіншіден, шұғыл онкологиялық көмек қатерлі ісіктің үшінші және төртінші сатыларында күшейтіледі. Оған дейін науқастар ағзасында қатерлі ісік барын білмеуі де мүмкін. Осы жағдайға жетпес үшін мемлекет тарапынан тегін өткізілетін скринингтерді өте сапалы жүргізу керек. Егер біз барлық бағыт бойынша тиісті деңгейде скринингтерді жүргізетін болсақ, химиотерапевт, ультрадыбыстық зерттеу немесе басқа мамандарға кезек саны азаятыны анық, – деді Тимур Мұратов.
Вице-министр скринингтерді өткізу үшін республикалық қазы-надан қомақты қаражат бөлінетінін жеткізді. Бұл сараптама арқылы қатерлі ісікті ерте анықтауға болады. Мысалы, ішекте пайда болатын колоректальды обыр немесе сүт безі қатерлі ісігін аурудың бірінші, екінші сатысында емдеуге болады.
— Онкологияның бірінші және екінші сатысында науқастар хирургиялық ем алып, сәулелік терапия қабылдамай, аз мөлшерде химиотерапия алады. 5 жылдан кейін емделуші айығуына байланысты есептен шығарылуы мүмкін. Біз осындай нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Онкологиямен күрес тек дәрігерлерге жүктелген міндет емес. Тұрғындардың санасына жыл сайын жоспарлы түрде скринингтен өтуі керектігін жеткізуіміз қажет. Мұндай сараптама тегін жүргізілетінін атап өткім келеді, — деді вице-министр.
Тұрғындармен жүздескеннен кейін Тимур Мұратұлы Ақсу қалалық аурухананың тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар, №1 Павлодар қалалық ауруханасы мен облыстық балалар ауруханасына барды.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.