Усолка шағын ауданында орналасқан «Viamedis Pavlodar» емханасында жалпы саны 71 мың тұрғын есепке алынған. Емдеу мекемесінде дәрігер тапшылығы мәселесі жоқ екенін атап өткен жөн. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қызмет етіп жатқан медициналық орталық күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енген. Мұнда емделушілер үшін бағалы құрылғылар сатып алынып, заманауи бөлімшелер ашылуда. Жуырда емхананың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатынбыз.
Емдеу орталығы тіркеуге алынған тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қызмет көрсетеді. Осы орайда науқастардың талап-шағымын ескеру мақсатында бірінші қабатта емделушілердің құқығын қорғау бөлмесі ашылған. Бұл жерде бас дәрігердің орынбасары медициналық қызмет сапасына көңілі толмай, кезекті көп күткен адамдардың мәселесін шешумен айналысады. Биыл 280 шағым түскен. Оның ішінде өтініштердің басым бөлігі тегін дәрі-дәрмек алу мәселесіне қатысты болған. «Viamedis Pavlodar» емханасының бас дәрігері Айман Оспанова бірінші кезекте емделушілерге сапалы қызмет көрсетуде барынша жағдай жасалып отырғанын атап өтті. Бұл ретте құрылыс жұмыстары нәтижесінде ересектер мен балалар корпустары арасында сыртқа шықпай қатынауға мүмкіндік берілген. Бұған дейін екі корпус жеке орналасқан.
— Емделушілер мен дәрігерлер салқын күндері екі корпус арасында жылы киім кимей шыға салатын. Сондықтан медицина мамандары мен емхана тіркеуінде тұрған ересектер мен балалар үшін қос корпусты арнайы бөлім арқылы біріктірдік. Аталған жаңа орында сәулелік диагностика бөлімшесі ашылды. Яғни, емханадағы зерттеу диагностикалары жеке блокта жүргізіледі. Жаңа бөлімшеге
2 бағалы құрылғы сатып алынды. Емделушілер компьютерлік томография мен магниттік-резонансты томографиялардан өте алады. Сонымен қатар, жаңа флюорограф және рентген құрылғысы да іске қосылды. Дәрігер қабылдауынан шыққан емделуші бар-жоғы
2-3 күннің ішінде кезек бойынша бағалы құрылғылардан өтеді. Күн сайын осындай зерттеулерге 60-қа жуық адам келеді, — дейді бас дәрігер.
Емдеу мекемесінде әйелдер бөлімшесі жаңадан ашылған. Бұл бөлімше екі блокқа бөлінген. Оның бірі — жүктілікті жүргізу бөлімі болса, екіншісі — гинекология орталығы. Яғни, емдеу мекемесінде тіркеуде тұрған қыз-келіншектер екі орталықтың қызметін алады. Жүкті әйелдер үшін ультрадыбыстық зерттеу, сәбидің жүрек қағысын естуге мүмкіндік беретін кардиотокография құрылғылары жұмыс істейді. Мұның көмегімен дәрігерлер акушерлік скринингті өткізіп, ана мен бала денсаулығын толық бақылай алады. Сонымен қатар, акушерлер де жеке қабылдау өткізеді. Акушерлер жүктілігі қалыпты деңгейде өтіп жатқан әйелдерді қабылдайды. Ал акушер-дәрігерлер жүктілік кезеңі ауыр өтіп жатқан, денсаулығында бала мен ана өміріне қауіп төндіретін сырқаты бар, созылмалы ауруларға шалдыққан әйелдерді қарайды. Бірақ кез келген түсініспеушілік туындаған жағдайда акушерлер дәрігермен сол орында ақылдасып, шешім шығара алады. Осылайша, емдеу мекемесінде акушерлердің мәртебесін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта емдеу мекемесінде
3 акушер бар.
— Жүкті әйелдер электронды форматта жазылып, кезекте тұра алады. Емделушілер заманауи жиһазда отырып, электронды терезе арқылы өз кезегін көреді. Дәлізде тұрып, сағаттап кезек күту деген мәселе жоқ. Емделушілерге барлық жағдай жасалуда. Сонымен қатар, әйелдер бөлімшесінде әйелдерді қарау кабинеті мен маммограф құрылғысы да жұмыс істейді. Мұның бәрі әйелдердің денсаулығын бір орында толық бақылау үшін жасалып отыр. Бұдан бөлек, қыз-келіншектер осы бөлімшеде қан талдамасын жасай алады. Күндізгі стационарда
ем қабылдайды, — дейді А.Оспанова.
Заманауи емдеу мекемесінде жеке педиатрия бөлімі де ашылған. Бұл бөлімше де қажетті құрылғылармен жабдықталған. Яғни, 18 жасқа дейінгі балаларға қызмет толық көлемде жеке көрсетіледі. Емханаға әкелген ата-аналар осы бөлімге келіп, дәрігер қабылдауына кіріп, қажетті қан талдамасын арнайы кабинетте тапсыра алады. Балалрға арналған шағын ойын алаңы да қарастырылған. Бөлімшеде екпе кабинеті де жұмыс істейді.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша директоры Жангелді Шайымбетов емдеу мекемесіндегі атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, емделушілердің құқығын қорғайтын бөлім әр медициналық мекемеде жұмыс істейтінін еске салды. Сақтандырылған тұрғындар дәрігер кезегін көп күтсе, қажетті құрылғыдан өтуге жазыла алмаса, осы бөлімнің көмегіне жүгінуі тиіс. Егер ондағы мамандар көмек көрсете алмаса, қор өкілдеріне хабарласуы керек.
— Тұрғындардың басым көпшлігі дәрігерге жазылу, сараптама тапсыру кезінде қажетті уақытқа жазыла алмайтындарын айтып шағымданады. Дәрігерлер МӘМС аясында көрсетілетін қызмет түріне төленген қаражат айдың ортасында игерілгенін айтып, емделушілерді келесі айға ғана жазады екен. Бірақ науқас кезекті 10 күннен артық күтпеуі керек. МӘМС-тен түскен ақшаның игерілгені не игерілмегені бұл жерде маңызды емес. Кез келген науқас сапалы медициналық қызмет алуға міндет-
ті. Ал дәрігерлер оларға жағдай жасай алуы тиіс.
Емхана қызметіне көңілі толмаған жұртшылық 1414 бірыңғай ақпараттық байланыс орталығы, «qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, «sagtandyrybot» желісі, «msqory.kz» сайты, msqory_pvl әлеуметтік парақшасына өз өтініштерін қалдыра алады. Сонымен қатар, 8 (718)2 70-41-23, 70-41-24, 70-41-25 нөмірлеріне хабарласуға болады. WhatsApp желісіндегі 8-707-599-46-50 нөмірі де шағымдарды қабыл-дайды. Мекеме басшылығы емделушілердің талап-арыздарын қарайды. Егер қажетті сараптамаға жолдама берілмесе, учаскелік дәрігер немесе медбике емделушінің үйіне келмесе, тексеруге жазыларда кезек саны көп болса, салалық мамандардың қабылдауына жазыла алмаса қордың көмегін пайдалануы
керек.
2023 жылы тұрғындар тарапынан медицицналық қызмет көрсету сапасына қатысты 7 мың арыз-шағым түскен болатын. 2024 жылы оның көлемін 3 мыңға кеміттік. Өткен жылы облыс бойынша медициналық мекемелерде 105 ақау тіркелді. Емдеу мекемелері айыппұл арқалады. Бұл ретте салынған айыппұл көлемі 4 млн теңгеден асты, — дейді Жангелді Мырзагелдіұлы.
Қор басшысы медициналық мекемелерде биылдан бастап Face ID жүйесі енгізілгенін атап өтті. Яғни, дәрігер қабылдауына келген әр емделуші міндетті түрде фотоға түсіріледі. Егер суретке түспесе, қор тарапынан ол алған қызметке ақша төленбейді. Бұл жүйе дәрігерге жалған жазылымдарды болдырмауға мүмкіндік береді.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.