Бүгінде елімізде емханаға тіркелу науқаны бастау алуда. 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында жүргізілетін тіркелу барысында тұрғындар қалаған емдеу мекемесін таңдай алады. Емдеу мекемелерін таңдап тіркелу үшін не істеу керек? Мемлекеттік емханаларда қажетті жабдықтар жеткілікті ме? Осы және тағы басқа сұрақтарды Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы медициналық қамтамасыз ету, денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрландыру және мемлекеттік көрсетілген қызметтерді мониторингілеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айжан Әкімбековаға қойып, жауабын алдық.
– Айжан Нұржанқызы, бүгінде тіркелу бойынша қандай өзгеріс бар және емхананы таңдаушылар қалай тіркеле алады?
– Биыл тіркелу науқаны әдеттегіден ертерек бастау алып отыр. 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында әрбір тұрғын бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде медициналық ұйымды еркін таңдауға құқылы. 2024 жылы Алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) көрсететін медициналық ұйымға еркін тіркеу науқаны аясында 1046 адам тіркелген.
– Белгілі санаттағы адамдарға қандай мүмкіндік қарастырылған?
– Иә, белгілі санаттағы адамдардың ыңғайына қарай медициналық ұйымның бірінші басшысының атына жазбаша өтініш беру мүмкіндігі бар. Яғни зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедек балалардың заңды өкілдері, мерзімді әскери қызметшілер, бас бостандығынан айырылғандар, шетелде туған балалардың заңды өкілдері, бөбектер үйі, қарттар үйінің және басқа да әлеуметтік мекемелердің қамқоршылары және жоғары оқу орнының ректорының ресми өтініші негізінде тіркелетін басқа өңірден келген студенттер аталмыш мүмкіндікті пайдалана алады.
– Емхананы ауыстыруға өтініш қалдырған адамдар нені ескеруі керек?
– Өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады. Егер өтініш беруші кешкі 8-ден кейін тіркелсе, сәйкесінше ұзақ қаралуы мүмкін. Өтініш қабылданғаннан кейін «Жеке кабинет» арқылы тіркелгені туралы хабарлама немесе дәлелді бас тарту алады. Тіркелу жеке сәйкестендіру ЖСН нөмірі бойынша АМСК ұйымына келіп, ал бұрынғы ұйымнан автоматты түрде шығарылады. Таңдалған ұйымдағы диагностикалық және емдік көмекті келесі жылдың 1 қаңтарынан ала алады.
– Тұрғындар тіркелген емхананың қызмет сапасына көңілі толмаса, басқа емдеу мекемесіне қай уақытта ауысуы мүмкін?
– Кез келген емхананың қызмет көрсетуіне көңілі толмаса, басқа емдеу мекемесіне ауысуға құқылы. Алайда жылына тек бір рет тіркелуін өзгерте алады. Сол себепті тіркелу кезінде дұрыс шешім қабылдаған жөн. Ал бір емхананың ішінде учаскелік дәрігерді қалаған уақытта ауыстыруға болады. Сондай-ақ, тіркелу бойынша халық арасында қандай да бір мәселе туындаса, емхананың ішінде емделушілерді қолдау қызметі жұмыс істейді. Сонда хабарласып, қажетті ақпарат алуға болады. Одан бөлек, МӘМС қорына, «Қолдау 24/7» қосымшасы немесе 1414 нөмірі арқылы сауалдарыңызды қоюға болады.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Салтанат ҒАББАС.