Екі айға созылған емханаларға тіркеу науқаны аяқталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ облыстық филиалының директоры Жангелді Шайымбетов медициналық мекемелерге тіркеу науқанының қорытындысы туралы мәлімдеді.

Емханаларға тіркеу науқаны азаматтардың көңілі толмаған медициналық ұйымдарын ауыстыруға, сондай-ақ жаңадан ашылған емдеу мекемелеріне алдағы жылы тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуге байланысты мемлекеттік тапсырысқа қатысуға мүмкіндік береді. Бүгінде облыс бойынша емханаларға барлығы 770 155 адам тіркелген.

– Биылғы науқан нәтижесінде облыс емханаларына барлығы 13 746 адам тіркелді, яғни емхана ұйымын ауыстырды. Айталық, Павлодар қаласының №3 емхана мен Almaz Medical Group медициналық ұйымына тіркелушілер саны көп болса, №1, 5  емханалар, «Viamedis» медициналық ұйымынан басқа медициналық мекемеге ауысып кеткендер қарасы басым, – деді Ж.Шайымбетов.  Тіркеу электронды үкімет порталы арқылы және таңдалған медициналық ұйымда белгілі санаттағы азаматтарға тікелей хабарласу арқылы онлайн режимде жүзеге асырылды. Облысымызда амбулаторлық-емханалық қызмет көрсететін 32 медициналық ұйым бар. Оның 15-і мемлекеттік мекеме болса, қалғаны – жеке медициналық меншік ұйымдар.

– Әр медициналық ұйымда қолдау қызметі жұмыс істейді. Биыл бізге 7 мыңнан астам өтініш түсті. Бұл негізінен қызмет сапасына көңілі толмау, ұзын-сонар кезек күту, дәрігерлік кеңес алу қолжетімсіздігі, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етудегі кемшіліктер сипатындағы шағымдар, – деді филиал басшысы. Тұрғындар емханаға шағымдары болған жағдайда кез келген уақытта әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіне алады. Медициналық қызмет көрсетуге қатысты мәселе туындаған жағдайда тұрғындар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалына 70-41-23, 70-41-24 байланыс телефондарына және 8 (707) 559-46-50 WhatsApp желісіне хабарласып, өтініш қалдыра алады.

Т.ӘБІЛДА.