Ақтоғай ауданының Шілікті ауылында қуанышты әрі маңызды оқиға орын алды. Жуырда елді мекенде жаңа медициналық пункт ашылды. Енді шіліктіліктер алысқа бармай-ақ, уақытылы әрі жайлы жағдайда медициналық көмек ала алады.
Бұл нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Ауыл тұрғындары бұл сәтті ерекше ықыласпен қарсы алып, қуаныштарын жасыра алмады.
Ашылу салтанатында аудан әкімі Қаршыға Арынов ауыл тұрғындарын көптен күткен оқиғамен құттықтады. Ауыл тұрғындарын жаңа сауықтыру кешенімен құттықтауға облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Бақтияр Қапенов те келді. Ол аталмыш нысанның шағын елді мекендерден, соның ішінде жергілікті тұрғындарға білікті көмек көрсетуге және шұғыл емдеуге мүмкіндік беретінін алға тартты.
Айта кетейік, ауыл аудан орталығынан 112 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұған дейін мұнда медици-налық мекеме болмаған. Медпункт заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген: дефибриллятор, электрокардиограф, ингаляциялық терапияға арналған аппарат, кварц шамдары және алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен шұғыл медициналық қызмет көрсетуге қажетті басқа да құралдар орнатылған.
Енді ауылдықтарға ем-домды алысқа шықпай алуға толық мүмкіндік туды.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Ақтоғай ауданы.