Ерте анықтау — емделу кепілі

Нау 27, 2025

Облыстық онкологиялық диспансер қатерлі ісікті ерте анықтау мақсатында ай сайын «Ашық есік» күнін ұйымдастырып, жұртшылықты медициналық тексеруден тегін өтуге шақырады. Мұндағы мақсат — жаман ауруды ерте анықтап, науқастың өмір жасын ұзарту. Жуырда аймағымызға Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары арнайы келіп, тұрғындарға бас сүйегі мен мойын обырының негізгі белгілерінің алдын алу жөнінде тегін кеңес берді.

Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысы онкологиялық дерт бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр. Бүгінде  14 мыңға жуық науқас диспансерлік есепке алынған.

— Қатерлі ісік диагнозында уақыт өте маңызды. Бұл дертті тек ерте анықтау арқылы ғана жеңуге болады. Обырды алғашқы сатыларда ғана емдеуге мүмкіндік бар. Сол үшін тұрғындардың жылда ұйымдастырылатын скринингтік тексеруден өтуі маңызды. Өкінішке қарай, бас және мойын обырына шалдыққандардың ішінде қалқанша безі ісігімен ауыратындардың саны көп. «Ашық есік» күнінде клиникалық жағдайларға талдау жүргізіліп, мамандармен тәжірибе алмастық. Келушілерді медициналық тексеруден өткізіп қана қоймай, қатерлі ісік ауруының қатері туралы мағлұмат бердік, — дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дәрігері Мария Дмитриенко.

Облыстық онкологиялық диспансер директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс бойынша орынбасары Әсел Асқарова өңірде 1200-ге жуық адам бас және мойын қатерлі ісігімен ауыратынын айтады. Бұл – обырға шалдыққан науқастардың 7,5 пайызын құрайды. Қатерлі дертпен күресу үшін диспансер мамандары скринингтік тексерулер мен «Ашық есік күнін» жиі өткізеді. Шараға адамдар өз еріктерімен келеді. Тұрғындардан тек жеке басын куәландыратын құжат қана сұралады. Медициналық тексеру тегін ұйымдастырылады.

Жалпы, аймағымызда былтыр қатерлі ісіктің 2 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның ішінде сүт безі обыры, колоректальды обыр, өкпенің қатерлі ісігі, асқазанның қатерлі ісігі, жатыр мойны обыры жиі тіркеледі. Өңір қатерлі ісікке шалдыққандардың саны жөнінен республикада үшінші орында тұрақтап тұр.

– 2024 жылы Павлодар облысында қатерлі ісіктің 2 200 жаңа жағдайы анықталды. Алдағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір төмен. Дегенмен науқастардың жалпы саны азайған жоқ. 123 мыңнан астам адам скринингтен өтіп, оның 137-сінде обыр анықталды. Сүт безі обырына 98, жатыр мойны қатерлі ісігіне жаңадан 18 әйел шалдыққан. Колоректальды қатерлі ісік скринингі бойынша 53 332 скринингтік зерттеулер жүргізіліп, 21 адамның қатерлі ісікке шалдыққаны белгілі болды. 2023 жылы қатерлі ісіктен 746 адам, 2024 жылы 678 адам қайтыс болды, – дейді Әсел Асқарова.

Атап өтерлігі, облыстық онкологиялық диспансер — заманауи жабдықтармен жарақтандырылған, білікті онколог дәрігерлер топтасқан өңірдегі жалғыз мамандандырылған онкологиялық мекеме. Диспансерде радиациялық бөлімше, эндоскопиялық бөлімше, екі зертхана, 200 орындық стационардың жеке корпусы, ультрадыбыстық диагностика бөлімшесі, заманауи операциялық, реанимациялық блок, морфологиялық зертханасы бар патологиялық-анатомиялық бөлімше, интервенциялық жоғары технологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған бункерлері бар радиологиялық корпус орналасқан. Емхана бөлімшесінің ауысымына 100 адамды қабылдауға арналған жеке ғимараты бар. Заманауи КТ, МРТ аппараттарымен қоса, «Varian Medical Systems» КТ-симуляторлы желілік үдеткішпен жабдықталған. Осындай заманауи мүмкіндіктердің арқасында ауруды ерте сатысында анықтау, емдеу мүмкін болып отыр. Мекемеде өткен жылы 8 510 науқас емделді. Оның ішінде 5 195 адам тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда, 3 315 адам күндізгі стационарда ем алып шықты.

– Кейінгі жылдары науқастарда қолжетімді онкологиялық емдеу әдістерін таңдау айтарлықтай кеңейді. Халықаралық стандарттарға сәйкес радикалды хирургиялық емдеу, радиологиялық емдеу, химиотерапия, таргент, иммунотерапия сияқты онкологиялық ауруларды заманауи мамандандырылған емдеудің барлық түрін жүргіземіз. Білікті медициналық персонал өзінің кәсіби даярлығын арттыру бағытында үнемі жұмыс істейді, бұл диагностика мен емдеуде заманауи тәсілдерді тиімді қолдануға мүмкіндік беріп отыр, – дейді Ә.Асқарова.

Емдеудің сәттілігі көбіне анықталған аурудың сатысына, науқастың жасына, қатар жүретін созылмалы ауруларға, өзге де жеке факторларға тәуелді екенін ескеру маңызды. Онкологтердің айтуынша, ерте сатыдағы қатерлі ісік 80-90 пайыз жағдайда толық емделеді екен. Сондықтан ерте диагностиканы онкологиялық аурулармен күресудің негізгі кезеңі деп қабылдаған абзал.

Бүгінде елімізде қатерлі ісіктердің үш скринингі бар: жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, колоректальды обыр. Скринингтен өту тегін. Одан өту үшін тұрғылықты, тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну қажет.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.