Аймағымызда жыл басынан бері 2080 сәби дүниеге келген. Өкінішке қарай, оның ішінде 11 ана кәмелет жасына толмаған. Ерте жүктілік мәселесі өзектілігін жоймай келеді.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, кәмелетке толмағандардың ішінде бес ананың жасы – 17-де. Төрт ана 16 жасқа толса, бір ана 15 жаста. Сонымен қатар, жақында ғана 12 жасында сәби сүйген оқушының жағдайы дәрігерлерді таң қалдырған.
— Медицина саласында жұмыс істеп жүрген жылдары 12 жаста ана атанған баланы бірінші рет көрдім. Соңғы рет мұндай жағдай қай жылы орын алғанын білмеймін. Мұндай жаста босану адам өміріне үлкен қауіп тудырады. Себебі 12 жаста қыз баланың ағзасы жүкті болуға, ана атануға дайын болмайды, — дейді облыстық перинаталды орталық директорының орынбасары Инесса Высоцкая.
Дәрігерлер перзентханаға кәмелетке толмаған жастар түскенде бірден полицияға хабар берілетінін айтады. Олар қыздарға 18-25 жас аралығында сәби сүю өмірге қауіп тудырмайтынын айтады.
Иә, Шарбақты ауданында тұратын оқушы қыздың жағдайы жаға ұстатқаны рас. Бүгінде қызды зорлады деген күдікті психиатриялық ауруханада сараптамадан өтуде. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Білім министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова орын алған оқиға балалардың құқықтары жөніндегі комитеттің бақылауында болатынын айтады. Оқушы оқуын жалғастырады, оған психологиялық көмек, ұстаздар тарапынан қолдау көрсетіледі.
Павлодар облыстық балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенова оқушының жасын ескере отырып, оған бала күтімі бойынша кеңес беріліп жатқанын айтады. Бүгінгі таңда бала мен анасының жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда.
Павлодар Теміржол ауруханасының гинеколог дәрігері Айжан Ахметованың айтуынша, ерте жаста жүкті болу өмірге зор қауіп төндіреді. Жасөспірім жүкті кезінде түсік тастауға шешім қабылдаса да болашағына балта шабуы мүмкін. Себебі бұл әрекеті келешекте бедеулікке әкеледі. Құрсағындағы сәбиді өмірге әкелуге шешім қабылдаса да оңайға соқпайды.
— Жүктілік кезінде ағзадағы гормоналды өзгерістер жасөспірімнің өміріне қауіп әкеледі. Өйткені 13-17 жас аралығындағы қыздардың ағзасы ана болуға әлі дайын емес. Мұндай жаста организм жүктілікке, бала тууға бейімделмеген. Жасөспірімдерден туған сәбилер ауруға бейім, әлсіз әрі аз салмақпен өмірге келеді. Өзі бала болып отырған жас ана көп күтімді қажет ететін шақалақты қалай күтеді? Сондықтан жасөспірімдер арасында ерте жүктілік мәселесінің алдын алу бойынша жиі дәріс өткізілуі тиіс, — дейді дәрігер.
Дәрігер жасөспірімдерде жүктілік кезінде токсикоз өте жиі және ауыр өтетінін айтады. Денедегі функционалды нейроэндокринді реттелу процесі бұзылады. Салдарынан ағзада ісіну пайда болады. Міне, бұл жағдай ана өліміне әкелуі ықтимал. Сонымен қатар, 17 жастағы жүктілік анемияның болуына, түсік тастау қаупін де тудырады. Жасөспірім мерзімінен бұрын босануы мүмкін. Жүктілік кезінде жүрек-қан тамырларына, эндокриндік жүйеге және ішкі органдарға салмақ түседі. Ал жас ананың ағзасы мұндай өзгерістерді қабылдай алмайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлемде кәмелетке толмаған 16 млн қыз жүкті болады. Мамандар жыл сайын елімізде 130 мыңға жуық жасанды түсік жасалатынын айтады. Қазақстанда жасөспірім қыздар арасындағы жасанды түсік Еуропамен салыстырғанда 3-4 есе көп. Сондай-ақ, елімізде 21 мың АИТВ (ВИЧ) дертін жұқтырған адам болса, соның 40 пайызы – 15-29 жас аралығындағы жастар. Осындай себептерге байланысты елімізде 17 мыңға жуық отбасы бала сүйе алмай отыр.
Сондықтан мамандар жағаұстатарлық жағдайлардың алдын алу үшін балаларға жыныстық тәрбиені 12 жастан бастап жүйелі, сауатты түрде жүргізу керектігін алға тартады.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.