Жасанды жүрек өмірді ұзартады

Ақп 20, 2025

Облыстық кардиологиялық орталықта трансплантациядан басқа жүрекке жүргізілетін отаның барлық түрі жасалады. Білікті дәрігерлер жуырда жасанды жүрек имплантациясы әдісін енгізуді жоспарлап отыр.

Елімізде донор болу мәселесі тұрғындар тарапынан әлі де құпталмай келеді. Дәрігерлер марқұмның туысқандары транс-палантация жүргізуге жиі қарсылық танытатындарын айтады. Қазақстанда 145 адам өзгенің жүрегіне зәру. Оның 9-ы — Павлодар облысының тұрғыны. Науқастарға донор табылғанға дейін жүрек қызметін жақсартуда балама әдіс қолданылады. Яғни, жүректің сол жақ қарыншасы жасанды имплантацияланады. Бұл ретте жүрек тамырына арнайы сорғы қосылады. Құрылғы қуаттағыш арқылы жұмыс істейтіндіктен, оның сымы асқазан арқылы өткізіледі.

Облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Самал Ақылжанованың айтуынша, жасанды жүрек имплантациясы отасын жүргізу үшін тиісті медициналық мекемелерге өтініш жіберілген. Мамандар күрделі операцияны енгізуді көптен жоспарлаған. Қазір кардиологтар жауапты мекемелерден ұсынысқа жауап күтіп отыр. Бұл отаны жүргізу үшін білікті кадр мен қажетті жабдықтың бәрі бар.

Қазір жасанды жүрек имплантациясына мұқтаж науқастар Астана қаласындағы UMC жүрек орталығына жіберіледі. Өткен жылы мұндай отаны аймағымыздағы екі тұрғын алған. Операцияның құны – 77 млн теңге. Қуантарлығы, қымбат ота науқастарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жүргізіледі. Облыста 26 мың тұрғын созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозы бойынша есепте тұр. Жергілікті кардиологтар күрделі отаны сәтті жүргізетіндеріне сенімді.

Атап өтерлігі, облыстық кардиологиялық орталық еліміздегі үздік медициналық мекеменің бірі. Мұнда Қазақстан бойынша өкпе артериясы тромбоэмболиясына жасалатын ота жасалады. Бұрын осындай диагнозға шалдыққан науқастар арасында өлім-жітім 70 пайыздан асса, қазір 40 пайыздан жоғары емес. Сонымен қатар, тек павлодарлық хирургтер жүрекке жасалатын ең қиын ота – Росс операциясын да жүргізеді. Яғни, жүрек қолқасындағы зақымдалған тамыр алынып, орнына оң жақ қарыншадағы өкпеге баратын күре тамыр қойылады. Ал өкпені қанмен қамтамасыз ететін оң жақ қарыншаға жасанды тамыр салынады. Бұл жүректі ауыстыру операциясынан бірнеше есе күрделі.

Облыстық кардиоорталық ашылғалы 12 жыл ішінде 30-дан астам түрлі инновациялық технология енгізілген. Елімізде кеуде қуысы аортасы диагнозына осы орталықта ғана ем жүргізіледі. Аорта – қанды жүректен ағзаның барлық бөліктеріне тасымалдайтын қан тамыры. Сонымен қатар, өкпе артериясының тромбоэмболиясы диагнозы да кардиоорталықта емделеді. Өкпе эмболиясы – өкпедегі артериялардың бітелуінен пайда болатын дерт. Аурудың негізгі себебі – тромбылар. Өкпе эмболиясы көктамырдың тромбымен бітелуінен туындайды. Бұған дейін осы дертке шалдыққандарды өлім аузынан аман алып қалу мүмкін болмайтын. Ал қазір дәрігерлердің біліктілігінің арқасында науқастар дерттен айығып жатыр.

Тағы бір атап өтетін жәйт, жуырда кардиоорталық балалар бөлімшесінің жұмысын қайта жандандырып, сәбилерге ота жүргізуді жалғастыруда. Өткен айда мамандар екі жасқа толмаған баланың жүрегін емдеді. Нәресте туа бітті жүрек ауруы- мен өмірге келген. Мұндай дерт мың баланың сегізінде кездеседі екен. Сырқаттың бұл түрі уақыт күттірмейді. Дәрігерлер ота әр нәрестенің жағдайына байланысты жүргізілетінін айтады. Кейбіріне дүние есігін ашқан кездегі алғашқы сағаттарда жасалуы тиіс болса, басқа жағдайларда ота кейінге қалдырылады. Биыл алғашқы ота 1 жас 7 айдағы балаға жасалған. Нәресте өмірге келгелі кардиологтардың бақылауында болған.

— Сәбиді дем ала алмау, тез шаршау сынды белгілер мазалаған. Жүргізілген ем-шараға қарамастан, өкпе гипертензиясы артып, жүректің оң жақ бөлігі ұлғайған. Біз сәбиге ота жүргізуге шешім қабылдадық. Өйткені баланың жүрек ырғағы бұзылып, созылмалы жүрек жетіспеушілігі ауруына шалдығуы мүмкін еді, — дейді балалар кардиохирургі Ерлан Ордабаев.

Үш сағатқа созылған ота сәтті аяқталып, сәби бірнеше күн кардиоорталықта емделіп, үйіне шығарылған. Мамандар нәрестенің ағзасы жарты жыл көлемінде қалыпқа келетінін, жүрек қызметі реттелетін айтады. Мұндай індет көп жағдайда тұқым қуалайды екен. Нәрестенің анасы да дәл осындай дертпен ауырған.

Осылайша, кардиоорталықтың мамандары ересектермен қатар сәбилерді де ажал аузынан құтқаруда. Жоғарыдағы күрделі отаны жүргізуге рұқсат алса, әлі де талай адамның кеудесінде жүректің соғып тұруына көмек көрсететіндеріне сенімді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.