Жағдайың қалай, ауыл дәрігері?

Жел 18, 2025

Ауылға жұмыс істеуге барған жас дәрігерлерге жергілікті бюджет есебінен 8,5 млн теңге көтермеақы төленеді деп жар саламыз. Ауыз толтырып айтып жүрген қомақты қаражат жалпы тәжірибе дәрігерлерінің қолына тимеген. Талап бойынша миллиондарды салалық дәрігерлер ғана алады. Емхананың «жүрегі» саналатын жалпы тәжірибе дәрігерлері несібеден неге қағылды?

Дәрігерлерді алалау

Өткір мәселе Мәжіліс мінберінде көтерілді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай еліміздің кейбір аймақтарында жалпы тәжірибе дәрігері мамандығын меңгерген жас мамандар мемлекет уәде еткен 8,5 млн теңге көтермеақыны ала алмай отырғанын ашық айтты.

— Жергілікті билік өкілдері уәдені үйіп-төгіп, жас дәрігерлерді шалғай ауылдарға шақырып алады. Кейін «Сен — бейінді маман емессің» деп медицина академиясында 7 жыл оқып келген жас маманға бұл қаржыны төлемейді.  Салдарынан ауылға келіп, жұмыстан кетіп қалған дәрігерлер бар. Мәжілісте денсаулық сақтау саласына қатысты заң жобасының таныстырылымында осы мәселені көтердім. Бірақ тұшымды жауап ала алмадым. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәселе жергілікті мәслихаттардың құзырында деп отыр. Бір жоғары оқу орнында бір мамандықты меңгерген екі дәрігердің біреуі ғана көтермеақы алса, екіншісі неге қағылуы керек? Шалғайдағы ауылдарда дәрігерлерді қалай тұрақтандырамыз? Меніңше, бұл — алалаушылық. Не бәріне бірдей төленуі керек не берілмеуі керек. Сондықтан өткір мәселе заң аясында жан-жақты қаралып, бір ізге түсуі керек, — дейді Ж.Амантай.

Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, әр облыста жергілікті әкімдік мәслихатпен ақылдаса отырып, қажетті мамандардың тізімін айқындайды. Кейбір дәрігерлер бос вакансияға барады. Олар мәслихат бекіткен тізімге енгізілмегендіктен мемлекет тарапынан берілетін 8,5 млн теңгеден қағылады. Мәселен, бір ауданға жұмысқа барған екі дәрігер тізім бойынша көтермеақы алса, екіншісі бос вакансияға тұрғандықтан әрі әлгі тізімге енгізілмегендіктен қомақты қаражаттан қағылады. Ал бос вакансияның өзі маманның қажет екенін көрсетпей ме?

«Көтермеақы бәріне беріледі…»

Мәжіліс депутаты ауылға жұмыс істеуге аттанған дәрігерлерге қатысты әділетсіздік еліміздің барлық өңірінде барын айтты. Осы орайда, Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, аймақтағы ахуалды сұраған едік.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышеваның айтуынша, биыл аймағымызға жалпы саны 181 дәрігер жұмыс істеуге келген. Оның ішінде Павлодар қаласына — 82, Екібастұз қаласына — 23, Ақсу қаласына 23 дәрігер барған. Ал аудандарда жалпы саны 53 дәрігер жұмыспен қамтылған. Ал енді ауылға келген медицина мамандарына қандай көмек көрсетіледі?

— Ауылға жұмыс істеуге келген дәрігерлерге әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы шеңберінде жас мамандарға 100 АЕК мөлшерінде көтермеақы төленеді. 2025 жылы бұл төлем 393 мың 200 теңгеге тең болды. Елді мекендерге жұмыс істеуге аттанған 29 медицина қызметкерінің әрқайсысы осын-
дай көмекті алды. Аудан орталықтарына жұмыс істеуге барған мамандарға 2500 АЕК көлемінде тұрғын үй сатып алуға несие беріледі.  Бұл — 9 млн 830 мың теңге. Ал ауылда еңбек ететін дәрігерлерге 0,01 пайыз мөлшерінде 15 жылға 2000 АЕК мөлшерінде несие қарастырылды. Ол дегеніңіз — 7 млн 864 мың теңге. Ақсу, Екібастұз қалалары бойынша аудандық медициналық ұйымдарға ведомстволық тұрғын үй беріледі. Ауылдық жердегі 27 дәрігер қатты отынмен қамтылды, — дейді Айгүл Мақанқызы.

Айгүл Мұқышеваның айтуынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасы қазіргі уақытта биыл жұмысқа орналасқан медицина қызметкерлеріне жергілікті бюджет қаражаты есебінен көтерме жәрдемақы төлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл ретте Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларындағы медицина мекемелеріне жұмысқа тұрған дәрігерлерге 3,5 млн теңге, ауылға келген жас дәрігерлерге 8,5 млн теңге төленеді. Қалада жұмыс істеп жүрген 3 дәрігерге жалпы сомасы 10 млн 500 мың теңге төленді. Ал ауылды таңдаған 6 дәрігердің әрқайсысына 8,5 млн теңге төленген.  Қазір 23 дәрігердің құжаты қаралуда. Олар да 8,5 млн теңгені алуы тиіс.

Ал енді біз қозғаған жалпы тәжірибе дәрігерінің мәселесіне тоқталайық. Облыста ауылға аттанған жалпы тәжірибе дәрігерлері 8,5 млн теңгеден қағылды ма?

— 2025 жылы ауылдық жерге жалпы саны 17 жалпы тәжірибе дәрігері аттанды. Оның ішінде 4 жалпы тәжірибе дәрігері 8,5 млн теңгені алды. Қалған 13 маманның құжаты қарауға берілді. Көтермеақы алған дәрігерлер ауылда 7 жыл жұмыс істеуге міндетті, — деп жауап берді А.Мұқышева.

Ауылдан кеткен дәрігер

Біз жолдаған сауалға Айгүл Мақанқызы тек ағымдағы жылдың көрсеткішін айтып, тақырыпты жылы жапқан. Себебі ауылдық жерге жұмысқа тұрып, мемлекет тарапынан берілетін қажетті көмекке қолы жетпей, жұмысынан кеткен мамандар бар. Солардың бірі — жалпы тәжірибе дәрігері мамандығын меңгерген Айдан-ақ Амантай.

— Осыдан тура бір жарым жыл бұрын Павлодар ауданы Ново-ямышев ауылына жалпы тәжірибе дәрігері болып орналастым. Ол кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ауылға келген жас дәрігерлерге 1,5 млн теңге берілетін болды. Қазір бұл сома 8,5 млн теңгені құрап отыр. Маған уәде етілген қаражат төленбеді. Жауапты мекеме өкілдері бейінді маман емес екенімді айтып, сөздерінде тұрмады. Уәде етілген 1,5 млн теңгені де ала алмадым. Жергілікті билікке мәселемді арқа-
лап талай бардым. Мәселе шешілмеді. Сондықтан ауылдан кетуіме тура келді. Кейін заң талаптарына өзгерту енгізіліп, маған уәде етілген сома 8,5 млн теңгеге көтерілді. Қазір Астана қаласындағы республикалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығында еңбек етемін, — дейді дәрігер.

8,5 млн теңге түгілі 1,5 млн теңгеге қолы жетпеген жас маман тұрақты жұмысынан, жергілікті ауыл тұрғындары білікті маманнан айырылды. Демек, осы уақытта ауылға барған жалпы тәжірибе дәрігерінің бәрі мұндай мүмкіндіктен қағылғаны сөзсіз. Бұл жерде тағы бір мәселе туындайды. Тар бейінді маман кім?

Қазіргі уақытта жалпы тәжірибе дәрігері атану үшін 5 жыл бакалавр және 2 жыл интернатурада оқу қажет. Интернатудан бас тартқан студенттер жалпы тәжірибе дәрігері болып еңбек ете алмайды. Сондықтан 7 жыл білім алуға міндетті. Ал кардиолог, хирург, терапевт, невролог сынды бейінді мамандықты меңгеру үшін тағы 2-5 жыл аралығында резидентурада білім алу шарт.  Яғни хирург, травматолог, кардиолог сынды күрделі сала дәрігерін дайындау үшін кемі 9-12 жыл уақыт кетеді. Осыдан-ақ, еліміз бойынша жалпы тәжірибе дәрігерлерінің саны неге көп екенін анық білуге болады. Бұл — басқа мәселе.

Баспананы бір жыл күтті

Негізгі тақырыпқа қайта оралсақ. Ауылда жұмыс істеу жөнінде шешім қабылдаған жас дәрігерлер мемлекет тарапынан берілетін көмекті пайдаланып, баспанамен және тұрақты жұмыспен қамтылуды көздейді. Сол арқылы тұрмыстық жағдайларын жақсартады. Дәл осындай мақсатпен жас маман Анель Құрманова Ертіс ауданына отбасымен көшіп келген. Күйеуі екеуі мыңдаған километрді артқа тастап, Алматыдан қоныс аударады. Ауылға келген жас отбасыға екі қабатты тұрғын үйден бір бөлмелі пәтер жалға беріледі. Кішкентай балаларын балабақшаға орналастырады. Жолдасы Ертіс ауданынан 40 шақырым жерде орналасқан Панфилов ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда учаскелік терапевт болса, Анель аудандық ауруханадағы терапиялық бөліміне орналасады. Қазір декреттік демалыста бала тәрбиесімен айналысуда.

— Алғашқы уақытта мемлекет қарамағындағы бір бөлмелі үйде тұрдық. Ай сайын коммуналдық шығындар мен жалға алу құнын төледік. Жақында екінші сәбиіміз дүниеге келіп, 4 адамға бір бөлмелі пәтер тар болды. Сондықтан «Дипломмен —
ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспана алдық. 2024 жылы ауданға келген кезде жергілікті әкімдік жеке баспана алуды ұсынған еді. Бірақ 8,5 млн теңге көлеміндегі жәрдемақыны төлеу уақыты ұзаққа созылған соң ол кезде үй алуды жоспарламадық. Жыл соңына қарай жолдасым екеуіміздің әрқайсымызға 8,5 млн теңге төленді. Содан кейін баспана алу жөнінде шешім қабылдадық. Бірақ жергілікті әкімдік өтінімді белгілі бір себептермен кеш қабылдады. Сөйтіп, баспана мәселесі бір жылға созылып, өз үйімізге көшкенімізге бір ай ғана болды. Үй мәселесінің осылай созылуына жергілікті атқарушы биліктің еш кінәсі жоқ. Мемлекет тарапынан бағдарлама шеңберінде жеңілдетілген пайызбен берілетін үйдің мөлшерлемесі көтерілді.

Қазіргі баспанамызды жылдық 1 пайыз мөлшерлемемен 15 жылға несиеге алдық. Аудан орталықтары үшін 9 млн 830 мың теңге беріледі. Сол мүмкіндікті пайдаландық. Аталған сомаға сәйкес келетін жағдайы орташа деген үйді сатып алдық. 1960 жылғы үйде ыстық су жоқ, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Бір үйді жылыту үшін екі пеш жағамыз. Сондықтан алдағы уақытта жөндеу жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Ол да қаражатқа келіп тіреледі. Аумағы кең, бақшасы, кішігірім моншасы, гаражы бар болғандықтан таңдадық, — дейді А.Құрманова.

Анель Құрманованың айтуынша, «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы бойынша баспана алғандар елді мекенде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Ал мемлекеттен көтермеақы алғандар 7 жыл басқа өңірге ауыса алмайды. Өкінішке қарай, декреттік демалыс әлгі 7 жылдық жұмыс өтіліне енгізілмейді.

— Басқа облыстарда біз сияқты көтермеақы алған әріптестерім 5 жыл жұмыс істеуге міндетті екендерін айтады. 7 жылдық жұмыс өтілі Павлодар облысында ғана бекітілген. Кейбір облыстарда декреттік демалыс та еңбек өтіліне енеді екен.

Жалпы, мемлекеттік бағдарламаның тиімді әрі тиімсіз тұстары бар. Диплом алған жас мамандарға көтермеақы, баспанамен қамту сынды көмектің болғаны дұрыс. Бұл —тұрмыстық жағдайды көтеруге берілген мүмкіндік. Бірақ ауылды таңдайтын дәрігер көп болмайды. Қалада жұмыс істейтін медицина мамандары бірнеше емдеу мекемесінде еңбек етіп, қомақты айлық тауып отыр. Ауылда ондай мүмкіндік жоқ. Тағы бір мәселе — мемлекет тарапынан берілетін уәде маман ауылға келгенде бірден орындалмайды. Көп уақытқа созылуы мүмкін. Маған өзге облыстардан кейбір әріптестерім әлі күнге дейін көтермеақы ала алмай жүргендерін айтады. Бұдан бөлек, ауылға шақыратын кезде жас мамандарға көңілге қонымды жалақы төлейміз деп уәде береді. Уақыт өте келе жағдай өзгеруі мүмкін. Мәселен, биыл қараша айында белгілі бір себептермен жолдасымның айлығы 150 мың теңгеге қысқарды. Өзім жақында босанғандықтан жұмысқа шыға алмаймын. Бұйырса, келесі жылы медицина қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі деген ойдамыз. Ауылда бір емдеу мекемесінде жұмыс істеп отырып, қосымша табыс табу мүмкін емес. Қалада тым болмағанда кешке такси қызметін атқаруға болады. Бізде қосымша кіріс әкелетін ондай тетік жоқ, — дейді А.Құрманова.

Жас маман Ертіс ауданына қоныс аударғанына еш өкінбейтінін айтады. Аудандық ауруханадағы әріптестерімен тез тіл табысып кеткен.

Қоғамда ауылға барған жас мамандарға баспана, қомақты көтермеақы беріледі екен деп  жарыса айтамыз, жазамыз. Бірақ мұндай көмекке қол жеткізу үшін бірқатар қиындықтан өтетінін біле бермейміз. Жоғарыда айтылған баспана таңдау, жалақының аздығы, көтермеақының кешіктірілуі сынды мәселелер соған дәлел. Мұны тек екі кейіпкердің әңгімесінен білдік. Ауылға аттанған өзге дәрігерлердің жағдайы қалай?

Айдана ҚУАНЫШЕВА.