Photo Valeriy BUGAYEV

Облыстағы аудандық ауруханалар жаңа санитарлық көлікпен қамтамасыз етілді. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында аймақ басшысы Асайын Байханов аудандық аурухана басшыларына  39 жедел жәрдем көлігінің кілтін табыс етті.

 

Өткен жылдан бері облыс әкімдігі  аудандық ауруханалардағы санитарлық көлікті кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Былтыр аудандағы денсаулық сақтау саласын санитарлық көлікпен жарақтандыру көрсеткіші
51 пайыздан 68 пайызға артқан. Биыл бұл көрсеткіш 84 пайызды құрап отыр. Ал 2025 жылы аудандағы дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер 100 пайыз санитарлық көлікпен  қамтылады деп жоспарлануда.

Қазіргі уақытта аймағымыздағы елді мекендерде жалпы саны 58 жедел жәрдем көлігі бар.
2025 жылы жалпы сомасы 924,3 млн теңгеге 37 техника сатып алу жоспарланған.

Асайын Қуандықұлы Екібастұз қаласының №3 емханасы мен Шарбақты аудандық ауруханасына – 2, Павлодар аудандық емханасы мен Успен аудандық ауруханасына – 3, Баянауыл, Аққулы, Ақтоғай, Ертіс, Железин, Тереңкөл, Май аудандық ауруханаларының әрқайсысына 4 көліктің кілтін табыс етті.

Май аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Алшынбек Ахтанов «ГАЗ Соболь» маркалы  4 жаңа көлік ауылдағы халықтың игілігі үшін жұмыс істейтінін айтады.

– Аудан бойынша 15 санитарлық көлік бар. Оның ішінде төртеуі жаңа көлікпен толығады. Ескі 4 көлікті есептен шығарып, тапсырамыз. Жаңа техниканы аудандағы шалғай ауылдарға жіберетін боламыз. Бұл ретте Май, Жұмыскер, Саты және Малайсары ауылдарына жеткізіледі. Аталған елді мекендердің ескі көлігі жаңарып, жүргізушілер ауыл тұрғындарын аудан орталығына жеткізетін болады, – дейді А.Ахтанов.

Ал Аққулы ауданында шалғайда орналасқан дәрігерлік амбулато-риялар мен фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер санитарлық көлікпен 100 пайыз қамтылған. Аудандық аурухананың бас дәрігері Айдын Көбайдарова өткен жылы 3, биыл 4 жаңа көліктің кілтін алғанын айтады.

– 4 жаңа көлік ауданнан шалғай орналасқан Майқарағай, Малыбай, Қарақала және Шарбақты ауылдарында қызмет көрсететін болады. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында осындай қуанышқа ие болып отырмыз. Жаңа техника заманауи құрылғылармен жабдықталған. Сондықтан қызмет сапасы артатыны сөзсіз, – дейді А.Көбайдарова.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.