Тамыз — жеміс пен көкөністердің жетіліп-пісіп, базарлар мен сауда сөрелерінде көбейетін кезеңі. Алайда сала мамандары тұрғындарға өз мерзімінен ерте піскен көкөністер мен жемістерден уланып қалу ықтималдығы жоғары екенін ескертеді. Себебі, соңғы уақытта осындай өнімдерді пайдаланған тұрғындардың көбі уланып, жіті ішек инфекциясына шалдығып жатқаны байқалады. Олардың көпшілігі — балалар. Дендеген дерттің облыста таралуына не себеп? Аурудың алдын алу шаралары қандай? Осы және өзге де сауалдарға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев жауап берді.
— Батырбек Төлеубекұлы, соңғы уақытта белең алған жіті ішек инфекциясының аймағымызда таралуына не себеп және облыстағы қазіргі ахуалы қандай?
— Жіті ішек ауруларының таралуының негізгі себептерінің бірі — жеке гигиенаны сақтамау, белгісіз жерлерде өнімдерді сатып алу. Жедел ішек инфекциялары бір жыл ішінде тіркеледі. Аурудың маусымдық өсуі, негізі жаздың ыстық кезеңінде басталады. Жедел ішек инфекцияларының өршуі мен тамақтан улану қаупі сол кезде байқалады.
Бүгінде Павлодар облысында жіті ішек аурулары бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Осы жылдың 7 айында аймағымызда 293 жағдай тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 235 жағдай орын алды. Бұл 80 пайызды құрайды. Сырқаттанушылықтың негізгі үлесі Павлодар қаласына тиесілі. Бұл жалпы сырқаттанушылықтың 48 пайызын құрайды. 2023 жылмен салыстырғанда биыл сырқаттанушылықтың 1,3 пайызға өсуі байқалады. Өткен жылы 227 жағдай тіркеліп, оның ішінде балалар арасында 152 жағдай орын алған еді.
— Жіті ішек инфекциясынан емделгеннен соң қандай шаралар жүргізіледі?
— Аурудан кейін және емдеу аяқталғаннан кейін науқасты бір рет бактериологиялық тексеру жүргізіледі және оның нәтижелері бойынша одан әрі әрекет жасалады. Мұны емдеуші дәрігер шешеді.
Декреттелген контингентке (қоғамдық тамақтану қызметкерлері, мектепке дейінгі балалар мекемелері және т.б.), мектепке дейінгі балалар мекемелеріне баратын балаларға қатысты диспансерлік іс-шаралар жүргізіледі. Мысалы, сальмонеллезбен және дизентериямен ауырып жазылған адамдар бір ай бойы медициналық бақылауда болады. Содан кейін оларға қайтадан бактериологиялық тексеру жүргізіледі. Оның нәтижесі бойынша олардың одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселесі шешіледі. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын балалар сальмонеллез бен дизентериядан ауырғаннан кейін 15 күн бойы бақыланады.
— Аталған дерттің алдын алуда қандай шараларды қолданып, нені ескерген жөн?
— Өзіңізді және отбасыңызды ішек ауруларынан қорғау үшін бірнеше нұсқаулықты орындау қажет. Алдымен қауіпсіз тағамдарды дұрыс таңдаған абзал. Оларды рұқсат етілмеген жерден алмаңыз, тек белгіленген жерлерден сатып алыңыз. Кейін жеке гигиена ережелерін сақтап, үйдегі тағамдарды дұрыс сақтаған жөн. Себебі, ішек инфекцияларының 80 пайызы үй тағамдарын дұрыс сақтамаудан және жарамдылық мерзімінің өтіп кетуінен пайда болады. Одан соң таза суды ішу үшін де, тамақ дайындау үшін де қолданыңыз. Тағамды жәндіктерден, кеміргіштерден және басқа да жануарлардан қорғауды да ұмытпаңыз. Сондай-ақ, қажетті өнімдерді мұқият термиялық өңдеуден өткізіңіз.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.