Облыс тұрғындарын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жұмыстары жалғасуда. Аталған жұмыстар шеңберінде жыл басынан 10 мыңнан астам адам МӘМС жүйесіне қосылған.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Жангелді Шайымбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында медициналық сақтандыру жүйесінің аясын кеңейтуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру шеңберінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның сөзінше, жыл сайын емханаларда кеңес беру мен диагностикалық қызметтер саны артып келеді. Мәселен, өткен жылы облыстық денсаулық сақтауды қаржыландыру 93,5 млрд теңге болса, осы жылы 101 млрд-ты құрап отыр.

— Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бері іске асырылуда. Облыста осы жылдың басында 133 179 адам сақтандырылмаған болса, қазіргі уақытта олардың саны 121 577 адамды құрайды. Яғни, 11 ай ішінде МӘМС жүйесіне 11 602 адам қосылды. Өңірде 390 мың азаматтың жарналарын мемлекет төлейді. Бұл – 15 жеңілдік санаттағы адамдардың саны. Ал қалған 240 мың адам – қызметкерлер, жұмыс берушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және де басқа да экономикалық белсенді тұрғындар, — деді Ж.Шайымбетов.

Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың сөзінше, облыстық Мансап орталықтары МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған тұлғалармен жұмыс алгоритміне сәйкес әлеуметтік сала өкілдері «үй шаруасындағы азаматша» және «жұмыссыз» мәртебесі бар аза-маттармен жұмыс жүргізеді.

— Медициналық ұйымдар ұсынған тізімдерге сәйкес облыста «үй шаруасындағы азаматша» және «жұмыссыз» мәртебесі барлар «Е» және «Д» санаттары бойынша 5 824 адам бар. Олардың ішінде 2403 адам немесе 41,3 пайыз мәртебесін растады. Жұмыспен қамту мен азаматтарды МӘМС жүйесіне тартуды арттыру мақсатында жыл басынен бері облыстағы мансап орталықтары 1 770 адамды қолдау шараларымен қамтыды. Олардың ішінде 1551-і жұмысқа орналастырылды, ал 409 адам жұмыссыз ретінде тіркелді, — дейді Альмира Аманқызы.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.