Аймағымызда инсульт алған адамдардың қатары көбейіп барады. Өкініштісі, бұл ауру 35 жастан асқан тұрғындар арасында белең алуда. Көп жағдайда инсультке ер азаматтар шалдығуда.

Биылғы 5 айда облыстық кардиологиялық орталықта 313 науқас емделіп, 28 адамға ота жүргізілген. Оның 18-і инсульт алған. Өткен жылы күрделі ота жасалған 74 науқастың 36-сы инсультке душар болған. Облыстық кардиологиялық орталықтың кардиолог дәрігері Ақерке Ақылжанованың айтуынша, инсульт миға қан келу тоқтаған кезде болады. Оның салдары өлімге немесе мүгедектікке әкеледі. Бұған дейін инсульт егде жастағы науқастарда кездессе, бүгінде 40 жасқа дейінгі адамдар да бұл аурумен бетпе-бет келеді.

Жалпы, әлемде өткен жылы 15 млн адам инсульт алған. Ал елімізде жыл сайын 40 мыңға жуық адам осы дертке шалдығады. Оның ішінде 5 мыңы бір тәулік ішінде, тағы 5 мыңы 1 айдың ішінде қайтыс болады екен. Инсульттан аман қалғандардың 70 пайызы мүгедек болады.

— Инсульт – жіті жүрек ауруынан кейінгі өлімге әкелетін дерттің негізгі себебі. Әйелдерге қарағанда ерлерде өлім деңгейі жоғары болады. Көп жағдайда мұндай дерт күйзелістен туындайды. Инсульт- тан кейін адамның өмір сүру сапасы төмендейді. Инсульт алған адамға ерекше күтім керек. Науқастар невропатолог, кардиолог, нейрохирург, реаниматолог, ЛФК нұсқаушысы сынды мамандардың көмегіне жүгініп, оңалтудан өтуі тиіс, — дейді дәрігер.

Кардиолог аурудан сақтану үшін әр адам өз денсаулығына жауапты болуы керектігін айтады. Инсультпен ауыратындардың дені емханаға қаралмай, жоспарлы скринингтен өтпейді екен. Мұның салдары осындай ауруға әкеледі.

— Қазір күн ыстық. Ауа температурасының шамадан тыс жоғары болуы осы ауру белгілерін қоздырады. Ыстық күндері адамдардың қан қысымы көтеріліп, жиі терлейді. Бұл жағдай жүрек-қан тамырлары ауруларына әсер етіп, инсультке әкелуі мүмкін. Өкініштісі, бұл дерт жасарып барады. 30-дан енді асқан жастар арасында инсультке шалдығатындар көбейіп тұр. Қазіргі уақытта қан тамыр-ларының туа біткен аурулары да белең алуда. Адамдарда аневризма, артериовенозды даму ақаулары жиі кездесуде. Сондықтан тұрғындарға ыстық күні көшеде көп жүрмеуге кеңес беремін. Қан қысымы бар адамдар дәрігер тағайындаған дәріні уақытылы ішуі тиіс. Сұйықтықты көп қолданған абзал.

Ыстық соққан кезде әлсіздік, бас ауруы, жүректің айнуы сынды белгілер орын алады. Егер аяқ-қол дұрыс жұмыс істемей, сөйлеуге жағдай келмесе, инсульттің белгісін білдіреді. Бұл жағдайда дереу жедел жәрдем қызметін шақыру керек, — дейді Ақерке Ақылжанова.

Дәрігер ыстықта шөлді дұрыс қандыру үшін жүрек пен қан тамырларына жүктемені арттырмай, минералды су, жасыл және қара шайды, жалбыз, жеміс-жидек сусындарын ішуді ұсынады. Тәтті газдалған сусындарды, алкогольді, соның ішінде сыраны ыстықта ішуге болмайды. Олар денеде артық сұйықтықтың пайда болуына және қан қысымының жоғарылауына әкеледі.

Керек кеңес!

Инсульттен қалай сақтанамыз?

Темекіден бас тартыңыз!

Темекі тарту жүрек пен ми тамырларында қанның ұюын тездетеді. Темекі тартпайтындарға қарағанда шылым шегетіндердің инсультке душар болу қаупі 6 есе жоғары. Тек темекі шегуді қойғаннан кейін, 5 жыл өткен соң ғана инсульт қаупі бәсеңдейді.

Ішімдік ішпеңіз!

Алкогольдің құрамындағы этанол қан қысымын төмен-дететін препараттардың әсерін азайтады. Этанолдың өзі қан қысымын арттыра алады.

Жаттығу жасаңыз!

Өзіңізді жақсы сезінген кезде шамадан тыс жұмыс істемей, далада серуендеңіз. Аптасына кем дегенде 4-5 рет сыртқа шығып, жарты сағат жаяу жүріңіз.

Тұзды азайтыңыз!

Тұзды тұтыну мөлшерін күніне 1 шай қасықтан асырмаған абзал. Бұл әрекет инсульт қаупін 23 пайызға, жүректің ишемиялық ауруынан болатын өлім-жітім деңгейін 16 пайызға азайтады.

Көкөніс пен жеміс жеңіз!

Ас мәзіріне күн сайын көкөніс пен жемісті қосу инсульттің алдын алады. Ағзадағы калий деңгейі жоғарылайды. Аптасына кем дегенде 2 мәрте майлы теңіз балығын жеңіз. Бұл арқылы инсульт қаупі 48 пайызға төмендейді.

Қан қысымын бақылаңыз!

Қан қысымын күніне 3 рет тексеріп отырыңыз. Қандағы глюкоза деңгейін, қан липид-терін мерзімді бақылаңыз. Дәрілерді үнемі қолдану инсульт қаупін 40 пайызға азайтады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.