Биыл облысымызда жыл соңына дейін медицина саласындағы кадр жетіспеушілігі едәуір азаюы мүмкін. Аталған мәселені шешу мақсатында өзге өңірлерден сала мамандарын тарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев мәлімдеді.

Әнуар Қанашұлының айтуынша, өңірде барлығы 166 дәрігер тапшы. Олардың ішінде 131 бейіндік, 33 жалпы тәжірибедегі және 2 қоғамдық денсаулық бойынша сала маманы аздық етеді.

— Бүгінде аймақта акушер-гинеколог, реаниматолог, радиолог, аллерголог және жалпы тәжірибе мамандары жетпейді. Дәрігерлердің үлкен тапшылығы аудандарда айтарлықтай байқа-лады. Сондықтан жыл соңына дейін облысқа 139 дәрігер келеді деп күтілуде. Бүгінде оның 56-сы жұмысқа қабылдана бастады. Қызметкерлердің басым бөлігін өңірлік орталықтың медициналық мекемелері қабылдайды. Тағы 13 маман аудандар бойынша бөлінеді. Сондай-ақ, үшеуі — Екібастұзға, төртеуі Ақсуға барады. Егер 139 дәрігер келсе, тапшылық 84 пайызға төмендеуі тиіс, — дейді Ә.Бұйрашев.

Одан бөлек, басқарма басшысы келген мамандар үшін әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілетінін және «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келген жас мамандарға 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде көтерме жәрдемақы төлеу қарастырылғанын атап өтті.

— Аудан орталықтарына жұмыс істеу үшін келген мамандарға несие сомасының жылдық 0,01 пайыз көлемінде сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға 2500 АЕК (9 млн. 230 мың теңге), ауылдық елді мекендер үшін — 2000 АЕК (7 млн 384 мың теңге) көлемінде тұрғын үй сатып алуға кредит беріледі. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлеріне 25 пайыз қосымша ақы төленіп, қатты отынмен қамтамасыз етіледі. Ақсу және Екібастұз қалаларында, аудандарда ведомстволық тұрғын үй беріледі, — деді Ә.Бұйрашев.

Облыста өткен жылдан бастап шалғайдағы аудандардың медициналық ұйымдары үшін санитарлық көлікті кезең-кезеңмен жаңарту да басталды. Мәселен, биыл 819,6 млн теңгеге 39 медициналық көлік сатып алынса, келесі жылы толық 100 пайыз жаңарту жоспарланған.

Одан бөлек, биыл жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асатын сомаға 19 медициналық нысанда, атап айтқанда 8 қалалық және 11 аудандық медициналық ұйымда күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Барлық нысандағы жұмыстарды осы жылдың қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта 9 нысандағы жоспарлы істер аяқталуға таяу.

— Өткен жылы 1,9 млрд теңгеге 20 нысан күрделі жөндеуден өтіп, толығымен аяқталды. Осы жылы ауылдық елді мекендердегі 30 медициналық пункттің құрылысы жоспарланды. Бүгінгі таңда 10 емдеу мекемесінің құрылысы басталды. Оған бюджеттен 1 млрд 338 млн теңге бөлінді. Аталмыш нысандар Ақшиман, Ақжар, Арбиген, Жабағылы, Қарақұдық, Қызылағаш елді мекендеріне тамыз айында тапсырылса, Шақа, Шұға ауылдарында қыркүйек айында, ал Мыңкөл, Бәйет ауылдарында қазан айында тапсыруды жоспарлап отыр. Қалған 20 нысан бойынша барлық конкурстық рәсім жүргізілді. 18 жоба мердігерлік ұйымдар бойынша анықталды. Бүгінде құрылыс жабдықтары мен материалдарын әкелу, құрылыс алаңын тегістеу, іргетас астындағы шұңқырды орнату, монтаждау секілді жұмыстар басталып кетті. 2 жоба бойынша мердігерлік ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде, — дейді Әнуар Бұйрашев.

Айта кетейік, 2018 жылдан бастап резидентурада білім алуға облыс әкімінің гранттары беріліп келеді. 2023 жылы оқуға түскен резиденттерді қоса есептегенде 324 адам оқуда. Биыл резидентура бағдарламасы бойынша оқыту үшін жергілікті бюджет қаражатынан тағы 50 грант беріледі.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.