Биыл облыстағы 70 адамды кене шаққан. Оның ішінде 3 адамда кене риккетсиоз диагнозы расталып, олар екі апта көлемінде ауруханада ем қабылдаған.

Өңірлік коммуника-циялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпиде-миологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев аймағымызда кене сәуір айында пайда болғанын айтты. Оның сөзіне сүйенсек, Қазақстанда кене энце-фалиті Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында көп кездеседі. Сонымен қатар, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы табиғи орындардағы кенелер вирус жұқтырады. Ал Павлодар облысындағы кенелер мұндай қауіп тудырмайды. Сондықтан аталған аймақтарда демалған тұрғындар табиғат аясында барынша сақтық шарасын ескерген жөн. Демалып келгеннен кейін міндетті түрде киімін шешіп, денесін толық тексеріп шыққаны абзал.

– Адам денесіне жабысқан кене ағзада түрлі ауру тудыруы мүмкін. Мысалы, кене энцефалиті, кене риккетсиозы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы сияқты ауруларға шалдығуы мүмкін. Мұндай індеттерді вирус жұқтырған кенелер тасымалдайды. Адам денесін шаққан кезде аталған орында бөртпе пайда болады. Инфекция шаққан орынды қызартып жібереді. Мұндай жағдайда дереу травматологиялық бөлімшеге жүгінген дұрыс. Биыл кене шаққан 70 адамның үшеуінде кене риккетсиозы расталып, олар жұқпалы аурулар аураханасында ем алды. Өткен жылы 100-ге жуық адамды кене шақты, аталған дертті 9 адам жұқтырған болатын, – деді Б.Әлиев.

Аймағымызда кене Павлодар, Ақсу қалалары мен Аққулы, Май, Шарбақты аудандарының жайылмаларында көп кездеседі. Мамандар кене шаққан кезде оны денеден өздігінен алуға болмайтынын айтады. Себебі, адам кенені қалай дұрыс алу керектігін білмейді. Денеде кененің аяғы немесе сілекейі қалып қоюы мүмкін. Егер ол вирус жұқтырған болса, жоғарыда аталған ауруларды туғызады. Ал дәрігерлер кенені зертханаға жіберіп, вирус бар не жоғын анықтайды.

Өткен жылы «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалының зоологиялық тобы аса қауіпті инфекциялар зертханасында 15 219 кенеге зерттеу жүргізген. Биыл зертханаға 9 598 кене түскен, оң нәтижелер анықталмады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.