Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары жаз мезгілінде еліміздің өзге облыстарында демалған кезде кенеден сақтануды ескертеді. Аймақта өзге қалалардан демалыстан келгендердің ішінде кенеден зардап шеккендер бар.
Көп жағдайда көктемнің сәуір-мамыр айларында шығатын кенені қауіпті деп жатамыз. Дәрігерлер Павлодар облысы аумағындағы мұндай жәндіктер адамды шақса да, өмірге қауіп төндірмейтінін айтады. Қазақстанда кене энцефалиті Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында көп кездеседі. Сонымен қатар, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы табиғи орындарындағы кенелер вирус жұқтырады. Сондықтан аталған аймақтарда демалған тұрғындар табиғат аясында барынша сақтық шарасын ескерген жөн.
Жақында облыстағы екі адамнан кене энцефалиті анықталды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлмира Құлмағамбетованың айтуынша, сырқаттанған адамның бірі Шығыс Қазақстан облысына барған. Демалыс кезінде сол аймақтағы орманды аралағанда денесін кене шаққан. Жәндікті өздігінен жұлып тастап, дәрігерге бармаған. Павлодар қаласына оралғанда бір апта бойы дене қызуы түспеген. Жағдайы ауырлаған кезде медициналық көмекке жүгінеді. Дәрігерлер зертханадағы сараптама кезінде кене энцефалитін анықтаған. Науқасқа қажетті стационарлық ем жүргізілді.
Мамандар кене шаққан кезде бірден дәрігерлердің көмегіне жүгіну қажеттігін ескертеді.
— Кене энцефалиті вирусты тарататын жәндіктерден туындайды. Адам денесіне жабысқан кене ағзада түрлі ауру тудыруы мүмкін. Мысалы, кене энцефалиті, кене риккетсиозы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы сияқты ауруларға шалдығуы мүмкін.
Кене энцефалитін жұқтырған екінші науқас Ресей Федерациясының Түмен қаласына барған. Ол кене шаққан күні сол елдегі медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлер оған бірден иммунноглабулин салған. Павлодарға оралған кезде де мамандардың көмегін пайдаланды, — дейді Г.Құлмағамбетова.
Дәрігерлер әлі күнге дейін табиғат аясында кенелердің белсенділігі төмен-демегенін айтады. Сондықтан өзге елге сапарға аттанарда, орманға шыққанда барынша сақтық шарасын сақтаған дұрыс. Себебі кене энцефалитінің салдары өте ауыр аяқталуы мүмкін.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.