Кесапат келсе кенеден…

Мам 2, 2025

Көктем мезгілі басталған кезде түрлі жұқпалы ауруларды тарататын паразиттер де көбейеді. Әсіресе, сәуір-мамыр айларында қауіп тудыратын жәндік – кене.  Ресми дерек бойынша, өткен жылы облыста 103 адамды кене шаққан.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова  кенелерді үй жануарлары — ит пен мысық та тасымалдайтынын айтады. Сонымен қатар, қауіпті жәндіктер далада терілген гүлмен бірге үйге келуі мүмкін.

— Көктем мезгілі басталғалы облыста 29 адамды кене шақты. Олардың ішінде қауіпті инфекциялық жағдай тіркелмеді. Адам денесіне жабысқан кене ағзада түрлі ауру тудыруы мүмкін. Мысалы, кене энцефалиті, кене риккетсиозы, лайма сияқты ауруларға шалдығуы мүмкін. Мұндай індеттерді вирус жұқтырған кенелер тасымалдайды. Адам денесін шаққан кезде аталған орында бөртпе пайда болады. Инфекция шаққан орынды қызартып жібереді. Мұндай жағдайда дереу травматологиялық бөлімшеге жүгінген дұрыс, — дейді З.Дощанова.  Қазақстанда кене энцефалиті Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында көп кездеседі. Сонымен қатар, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы табиғи орындарындағы кенелер вирус жұқтырады. Ал Павлодар облысындағы кенелер мұндай қауіп тудырмайды. Дегенмен, табиғат аясында демалған тұрғындар барынша сақтық шарасын ескерген жөн. Демалып келгеннен кейін міндетті түрде киімін шешіп, денесін толық тексеріп шыққаны абзал.

Эпидемиологтар қауіпті жәндіктің ең көп тарайтын кезеңі – мамыр-маусым айлары екенін айтады. Күн ысығанда, топырақ ылғалды болғанда белсенділгі артады.

— Кененiң шағуын дер кезінде байқау қиын. Себебі кене өз денесiнен арнайы ферменттер бөлiп, шаққан орнын бiлдiрмеуге тырысады. Тұмсығын терi қабатына енгiзу арқылы қан тамырларынан қоректене бастайды. Сол жерде тойған мезетте мыңдаған жұмыртқаны терi астына тастап, сол мезеттен бастап ауру белгiлерiн шақыра бастайды. Кене шаққан адамда дене қызуы, бас ауруы, құсу, лоқсу, әлсіздік, буын ауруы, бет, арқа және көздің қызаруы сынды белгілер мазалайды. Кене шаққан жағдайда мүмкіндігінше емдеу мекемесіне қаралған жөн, — дейді Зәмзәгүл Сапарғалиқызы.

Мамандар кенеден сақтану үшін табиғат аясында демалып келгеннен кейін киімдерді қағып, құлақ, шаш және саусақтардың арасын тексеріп шығу керектігін айтады. Табиғат аясына шыққанда ашық түсті киім кию керек. Бұл арқылы киімге жабысқан кенені бірден көруге болады. Сондай-ақ, етек-жеңі ұзын, жабық киімді таңдаған жөн.  Сақтық шаралары үшін кенелер мен шіркейлерге қарсы аэрозольдар мен жақпамайлар пайдалануға болады. Кенелер қалың шөптердің арасында жасырынатындықтан, көк шөпте отырмауға, ойнамауға кеңес береді. Орманды жерлерде ағаштар мен шөптерді, тіпті, гүлдерді де жұлмаған абзал.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.