Күз мезгілінде ауа райының күрт сууына байланысты тұрғындар арасында маусымдық вирустар өршитіні белгілі. Адамдардың дені түшкіріп, жөтеліп, денесі қызара бөртіп, мұрнынан су ағып, мазасызданады. Бірақ мұндай белгілер тек ЖРВИ-ді білдірмейді. Маусымдық аллергиямен ауыратындар да осындай күй кешеді.
Бір айырмашылығы — аллергияға тап болғандардың бойында әлсіздік болмайды. «Семей медицина университеті» Павлодар филиалының педиатрия және ішкі аурулар кафедрасының қызметкері, педиатр, аллерголог Ақмарал Қожанова маусымдық аллергия кезінде тұрғындардың басым көпшілігін аллергиялық ринит мазалайтынын айтады.
— Аллергиялық ринит — иммундық жүйенің жоғары сезімталдыққа ие болған кез келген затқа дұрыс әсер етпеу реакциясы. Егер аллергияны тудыратын қоздырғыш мұрын қуысының шырышты қабығына түссе, ол ерекше заттар — гистаминдердің бөлінуіне ұласады. Олар тұмау, мұрын бітелуі, қышу және түшкіру арқылы көрініс беретін аллергиялық қабынуды тудырады. Мұның бәрі шөп, жеміс-жидек, көкөніс, өсімдік тозаңынан пайда болады. Тіпті, көзде конъюнктивит пайда болуы мүмкін. Кейбір адамдардың көздері ісіп, қышиды, — дейді дәрігер.
Ақмарал Сапарқызы аллергия – күллі ғаламшардың пандемиясы екенін айтады. Өйткені жыл сайын аллергиямен ауыратындардың саны өсіп келеді. Облыстағы тұрғындардың аллергиямен ауыруына зауыттар да себеп. Облыс аумағында ірі өндіріс ошақтары орналасқан. Олардан бөлінетін техногендік қалдықтар қоршаған ортаны ластайды. Ауа таза болмаған соң ауру да өршиді. Павлодар қаласының солтүстік бөлігінде шабындық жерлер орналасқан. Шығыстан батысқа қарай соққан желдің салдарынан барлық шаң-тозаң облыс орталығына тарайды. Аллергияны тудыратын негізгі факторлар — осы.
Аллергиялық ринит маусымдық аллергия кезінде жоғарыда аталған аллергендердің салдарынан туындайды. Күз мезгілінде жерге түскен жапырақтардан қозатын аллергия бар. Науқастарға мұндай жағдайда симптоматикалық, яғни, уақытша көмек беріледі немесе аллерген-спецефикалық иммунотерапия (АСИТ) арқылы ем жүргізіледі. Бұл терапия аллергияға деген сезімталдықты төмендетеді.
— Маусымдық аллергиялық ринит кезінде аллергенмен байланысты үзу керек. Аллергиядан ең бірінші кезекте осы қорғайды. Аллерген болмаса, аллергия да болмайды. Ал препараттарды аллергологтар ғана тағайындайды. Өздігінен ем қабылдауға болмайды. Маусымдық аллергиядан жапа шегетін науқастарға үй жағдайында сұйықтықты көп ішуге кеңес беремін. Су, шырын немесе өзге де сусындар мұрынның бітелуін жеңілдетеді. Шай, сорпа немесе жылы сұйықтықтар одан да жақсы көмектеседі, — дейді аллерголог.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.