Күз мезгілі басталысымен ауа райының суытуына байланысты жіті респираторлық вирустық инфекциясы (ЖРВИ), тұмау, коронавирус, пневмония сынды індеттер белең алады. Аталған дерт маусымдық өсу кезінде ересектер мен балалар арасында тез тарайды.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, тұрғындарға вирустық инфекциялардан барынша сақтану керек. Ол үшін мүмкіндігінше науқас адаммен байланыс орнатпау, адам көп жиналатын қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте медициналық маска кию, ересектер ауырып қалған жағдайда жұмысқа, балалар мектеп, балабақшаға бармауы қажет. Бұл әрекет вирустың өзгелерге таралмауына көмектеседі. Сонымен қатар, жеке гигиена ережелерін сақтаудың маңызы зор. Үй ішіндегі бөлмелерді, жұмыс орнын бірнеше мәрте желдету қажет. Тұмауға, КВИ-ге қарсы вакцина алудың пайдасы зор. Бұл ретте медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған науқастар, қарттар, балалар үйінің тәрбиеленушілері бірінші кезекте вакцина салдыруы тиіс. Аймағымызда тұмауға қарсы вакциналау 15 қыркүйекте басталады.
— Адам бойында түшкіру, жөтел сынды инфекциялық вирустардың бастапқы белгілері болған кезде бірден дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Бұл жағдай індет түрін ерте анықтап, аурудың асқынуынан сақтайды. Адам медицина мамандарына бармай, өздігінен ем қабылдаған жағдайда тек симптомдармен ғана күреседі. Яғни, дене қызуын түсіріп, жөтелді басу үшін дәрі ішеді. Ал ағзадағы вирус өзінің әсерін жалғастыра береді. Салдарынан тұмау белгілері асқынып, пневмония, энцефалит, менингит сынды созылмалы ауруларға ұласады. Сондықтан алғашқы белгілер пайда болғанда емханаға қарану маңызды, — дейді Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев.
Облыста коронавирусты анықтайтын ПЦР-тест сараптамасы «Ұлттық сараптама орталығы» Павлодар филиалының вирусологиялық зертханасында және «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасында жүргізіледі. Емханадағы аталмыш талдау адамдардың тұрғылықты жері бойынша немесе стационарға түскен кезде алынады.
Иә, жаздың соңғы күндері жаңбырлы болғандықтан ауа райының құбылуына байланысты тұрғындар арасында ЖРВИ, тұмау жұқтырғандар көбеюде. Мамандар күз мезгілінің басталуына байланысты жұртшылықтан жылы киініп, сақтық шараларын естен шығармауды сұрайды.
Жалпы, дәрігерлер күз мезгілінде адамдар ауруға жиі шалдығатынын айтады. Вирустық инфекциялардан бөлек, аллергия да күшейеді. Оған ауаның құрғақ әрі салқын болуы, ағаштағы жапырақтардың түсуі себеп болады. Бұл жағдай аллергиялық реакцияның жоғарылауына әкеледі. Адамдарды мұрын бітеліп, жөтел, түшкіру, көз бен мұрын қуысының қышуы сынды белгілер мазалайды.
Маусымдық аллергендер және вирустық инфекциялар астмаға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, күзде ауа райы мен атмосфералық қысымның өзгеруі артритпен ауыратын науқастардың көбеюіне себеп болады. Күзде көптеген адам депрессиядан зардап шегеді. Бұл күн сәулесінің төмендеуіне және күн режимінің өзгеруіне байланысты. Сондықтан мамандар адамдардан өз денсаулығына мұқият қарауды сұрайды.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.