Аймағымызда 26898 жіті респираторлық вирустық инфекция жағдайы тіркелген. Олардың басым бөлігі, яғни 63 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар.
Бір жасқа толмаған 735 сәби аталмыш вирустан емделген. Тұмау дерегі тіркелмеген. Қызылша сырқаты кеміген. Есесіне, көкжөтел көрсеткіші әлі де тұрақты емес. Бүгінде 205 көкжөтел жағдайы тіркеліпті. Олардың 97 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Зәмзәгүл Дощанова мәлім етті. Айтуынша, облыс аумағында вирус циркуляциясына жүргізілген бақылау барысында апталық деңгей тиісті шамадан аспаған.
2024-2025 эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері 27 мыңға жуық ЖРВИ жағдайы тіркелген. Былтыр баламалы кезеңде 31 мыңға жуық адам ауырыпты. Биыл ауырғандардың ішінде 250 адам ЖРВИ-мен ауруханада жатып емделген. Олардың төртеуі — жүкт әйелдер, 87-сі – бір жасқа толмаған сәбилер. Одан бөлек, пневмониямен 67 азамат стационарға жатқызылған. Олардың 53-і – 14 жасқа дейінгі балалар.
Вирусологиялық зертхананың ПЦР әдісімен 262 сынамаға жүргізген зерттеулері нәтижесінде тұмау вирусы анықталмаған. Бірақ, тұмау вирусына жатпайтын парагрипп, рионовирус, бокавирус, аденовирус деген түрлері тіркеліпті. Сонымен қатар, 18 COVID-19 вирусы анықталған. Жалпы жыл басынан бері аймағымызда COVID-19-дың 81 жағдайы тіркелген.
З.Дощанова тұмаудың алдын алудың бір тәсілі – екпе салғызу екенін атап өтті. Бүгінде 67 мыңға жуық адам тұмауға қарсы екпе алған. Бұл — жалпы облыс тұрғындарының 8,9 пайызы. Екпе алғандардың 71 пайызына қаржы жергілікті бюджеттен бөлінсе, 4 пайыздан астамы жұмыс беруші есебінен вакцина алды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу ісі және медициналық-санитарлық көмек бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәулет Жетпісовтің мәлімдеуінше, аймақта эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Тұмауға қарсы екпе салудың барлық жағдай жасалған. 340 екпе салу кабинеті құрылған. 133 екпе салу бригадасы жасақталыпты. Екпе салу науқанына 121 дәрігер, 144 медбике,
117 тіркейтін маман жұмылдырылған. Көшпелі 69 бригада тағы бар. Қазіргі таңда ЖРВИ-мен 7 188 азамат амбулаторлық ем алуда. Олардың 5212-сі — балалар. Стационарда 75 ересек адам ЖРВИ-мен, 172 азамат пневмониямен жатыр. ЖРВИ жұқтырған 63 бала және пневмонияға шалдыққан 125 бала ауруханаларда ем қабылдауда.
Аймағымыздың бас санитар дәрігері тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.