Әлемде маймыл шешегі дендеп тұр. Биыл бұл дертті 14 мыңнан астам адам жұқтырған. Науқастардың ішінде 5-ке толмаған балалар да бар. Өкінішке қарай, 500-ден астам адамның індеті асқынып, көз жұмды. Қауіпті кесел Африка елінде тез тарауда. Конгода аурудың мутацияға ұшыраған түрі белең алған. Мамандар вирус бұрынғы штамға қарағанда әлдеқайда жұқпалы екенін айтады. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегі бойынша халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады. Маймыл шешегі қандай дерт? Одан сақтанудың жолы қайсы? Осы орайда, Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжановамен тілдескен болатынбыз.
— Зәмзәгүл Сапарғалиқызы, бұған дейін тек Африка елінде ғана анықталып келген маймыл шешегі вирусы дүние жүзіне таралуда. Бұл ауру несімен қауіпті?
— Маймыл шешегі – адамға жануардан жұғатын жұқпалы ауру. Бұл инфекция адамнан адамға да берілуі мүмкін. Өте сирек кездесетін ауру ауа тамшылары арқылы таралады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың бұрын маймыл шешегі індеті тіркелмеген елдерде өршіп отырғанын айтады. Осы уақытқа дейін ол негізінен ылғалды тропикалық ормандармен жабылған орталық және Батыс Африканың шалғай аудандарында тіркеліп келді. Ғалымдар инфекцияның Африкадан басқа елдерге қалай таралғанын зерттеп, вирустың құрылымында өзгеріс бар-жоғын тексеруде.
Маймыл шешегі — тұмауға ұқсас ауру түрі. Өкінішке қарай, ағзадағы індет белгілері асқынса, өлімге әкеледі. Сонысымен қауіпті. Дертті ересектер мен балалар да тез жұқтырады.
— Инфекцияның негізгі белгілері қандай?
— Бұл індет тұмауға ұқсағандықтан, ең бірінші кезекте адамның дене қызуы көтеріледі. Басы, бұлшық еті ауырып, денеде бөртпе пайда болады. Адамның жағдайы нашарлап, лоқсу, құсу сияқты белгілер мазалайды. Бөртпе алдымен бет, бас, қол аумағында пайда болып, содан кейін дененің барлық бөлігіне таралады. Ауыз қуысы мен көздің қабығын да бөртпе басады. Лимфа түйіндері кезең-кезең бойынша бірнеше миллиметрге дейін ұғаяды. Маймыл шешегінің инкубациялық кезеңі 5 күннен 21 күнге дейін болуы мүмкін. Дене қызуы алғашқы үш күн сақталады.
— Аймағымызда қауіпті кеселден сақтану мақсатында департамент тарапынан қандай шаралар жүргізілуде?
— Қазіргі уақытта Қазақстанда маймыл шешегі тіркелген жоқ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі инфекцияны елге әкелудің алдын алу үшін қажетті шараларды қолға алды. Әуежайлар мен шекара өткелдерін қоса алғанда, санитарлық-карантиндік пункттерде бақылау шаралары күшейтілді. Маймыл шешегі тіркелген елдерден келген азаматтарға ерекше назар аударылады. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті министрлік қабылдаған шараларды тыңғылықты орындауда.
Эндемиялық елдерге сапар шегуді жоспарлап отырған азаматтарға сақтық шарасын ұстануды еске саламыз. Бұл ретте ауырған адамдармен және жабайы жануарлармен байланыста болудан аулақ болу керек. Вирус жұқтырған маймылдармен, егеуқұйрықтармен және басқа жануарлармен байланыста болу денсаулыққа қауіп төндіреді.
Жануарларды көрген кезде қорғаныс киімдері мен қолғап кию маңызды. Сонымен қатар, қолды жиі жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдану инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектеседі. Аса қажеттілік туындамаса, маймыл шешегі тіркелген елдерге шықпауға кеңес береміз. Бастысы, ағзада індеттің алғашқы белгілер пайда болған кезде дәрігерге жүгіну керек. Егер бөртпе, жоғары дене қызуы және басқа да белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекті пайдалау керек. Бұл арқылы адам өзін және өзгені вирустан қорғайды.
— Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен — Айдана Қуанышева.