Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегіне қарсы вакцинаны бекітті. Бұл өз кезегінде 20 мыңға жуық адам ауру жұқтырған Африкадағы індеттің таралуына тосқауыл қоюға көмектеседі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстандағы жағдайдың тұрақты екенін және вакцина сатып алудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.
«Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанға маймыл шешегін жұқтырған науқастардың келу жағдайы тіркелген жоқ. Ел аумағында тиісті мониторинг ескерілген және мемлекеттік шекарадағы санитарлық-карантиндік бекеттерде бақылау күшейтілді. Сондықтан қазір вакцинаны сатып алудың қажеті жоқ», — дейді ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Аталған ведомство туристер бұл індетті жұқтырмас үшін қандай алдын алу іс-шараларына мән беру керек екенін еске салды. Шетелге шығуды жоспарлаған азаматтар аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды зерделеу, індет жұқтырған адамдарға жақын-дамау, науқастарға күтім жасау кезінде маска тағып, арнайы қолғаптарды пайдалану, ауру белгілері болса, дереу дәрігерге хабарласу, шетелден оралғаннан кейін 21 күн ішінде симптомдар пайда болса, шұғыл түрде медициналық көмекке жүгініп, осыған дейінгі саяхат туралы хабарлау керек.
Еске салсақ, жақында даниялық Bavarian Nordic A/S компаниясының MVA-BN вакцинасы маймыл шешегіне қарсы алғашқы екпе болды.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.