Маусымдық вирустан қалай сақтанамыз?

Қаз 9, 2025

Күз мезгілінде маусымдық вирустар өршитіні белгілі. Әсіресе, күн суытқан кезде тұрғындарды  жедел респираторлық вирусты инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау жиі мазалайды. Өз бетінше ем қабылдайтындар ауруды асқындырып, пневмонияға шалдығып жатады. Вирусты инфекциялардан сақтанудың жолы қайсы? Тұмаудан қалай қорғанамыз? Күн тәртібіндегі мәселе жөнінде Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың жалпы инфекциялық бөлімінің меңгерушісі Қымбат Қарамолдинамен «Тікелей желі» шарасын ұйымдастырдық.

Тілші:

— Қымбат Темірбекқызы, облыста тұмау мен ЖРВИ жұқтырған адамдардың санына тоқталып өтсеңіз.

—  2024 жылдың 1 қазаны мен  2025 жылдың 1 сәуір аралығындағы эпидемиологиялық маусымда облыста  242 мың 526 адам ЖРВИ жұқтырды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың саны  — 151 857 мың.  1 жасқа толмаған 12 мың 80 бала да ауырды. ЖРВИ жұқтырғандардың қатарында 535 жүкті әйел бар. Науқастардың ішінде 3229 адам ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 78 жүкті әйел ем қабылдады.

 

Тілші:

— Тұрғындар тұмау, ЖРВИ, коронавирус инфекцияла-рынан қалай сақтануы керек?

— Жедел респираторлық вирусты инфекциялар 1 қазан мен 1 сәуір аралығында белең алады. Ауа райының құбылып, күннің салқындауына байланысты аурушаңдық көбейеді. Вирусты инфекциялар жыл сайын тіркелетінін білесіздер. Бірақ жоғарыда аталған уақыт аралығында сырқаттанған адамдардың саны артуы мүмкін. Маусымдық вирустың алдын алу шаралары арнайы және арнайы емес деп екіге бөлінеді. Әрқайсысына жеке тоқталатын болсам, арнайы емес алдын алу шарасына жылы киім киію, құнарлы тамақтану, адам көп жиналатын орындарға бармау сынды қарапайым қағидалар жатады. Сонымен қатар, ЖРВИ белгілері мазалаған жағдайда үйде отыру, далаға шыққанда медициналық масканы тағу, сырттан үйге кіргенде қолды сабынмен жуған дұрыс. Ал арнайы алдын алу шарасы тұмауға қарсы екпені алудан басталады. Жалпы, тұмау ауруы қыс мезгілінде қаңтар, ақпан айларында өршиді. Ал екпе қазан айында жүргізіледі. Яғни, сол уақыт аралығында адам ағзасында тұмауға қарсы антидене түзіледі. Екпе алған адамдар тұмаумен ауырмауы мүмкін, ауырса да, белгілері жеңіл түрде өтеді. Яғни, ауру асқынбай, адам бірнеше күннің ішінде тез тәуір болады.

 

Тілші:

— Тұмау мен ЖРВИ-дің айырмашылығы қандай? Тұрғындар екеуін қалай ажырата алады?

— Жоғары тыныс жолдарын және төменгі тыныс жолдарын зақымдайтын аурудың бәрі жедел респираторлық вирусты инфекцияға жатады. Олар қоздырғыштарына байланысты жіктеледі. Мысалы, ЖРВИ-ді аденовирус, парагрипп, тұмау, ротавирус, энтеровирус инфекциялары шақыруы мүмкін. Оның ішінде ең ауыры әрі көп асқынуларымен өтетіні — тұмау. Әр вирус клиникалық жағынан әртүрлі сипатталады. Мысалы, риновирус инфекциясы мұрынның шырышты қабатын зақымдап, мұрын қуысының бітелуіне, адамның жиі түшкіруіне әкеледі. Ал парагрипп көбіне жұтқыншақты зақымдайды. Бұл вирусты жұқтырғандардың дауысы қарлығып, тынысты шығара алмай қалады. Ротавирус инфекциясы кезінде мұрын бітеліп, тамақ ауырады. Сонымен қатар, адамның іші ауырып, құсуы мүмкін. Тұмау тыныс алу мүшелерінің шырышты қабатын зақымдайды.  Дене қызуы көтеріледі. Вирус ауыр өтеді.

 

Тілші:            

— Сіз жұмыс істейтін бөлімде тұмаумен, ЖРВИ-мен түскен науқастар бар ма?

— Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың жалпы инфекциялық бөлімінде аймақ бойынша маусымдық вирус жұқтырған ересектерге көмек көрсетіледі. Қабылдау бөлімі тәулік бойы жұмыс істейді. Ауруханаға науқастар жедел жәрдем қызметі немесе учаскелік дәрігердің жолдамасы арқылы келеді. Егер науқастың дене қызуы жоғары болса, ауру белгілері айқын әрі жүрек-қан тамырлары жүйесі зақымдалса, ауруханаға жатқызамыз. Қауіп- қатер факторына жатпайтын, ауруы асқынбаған науқастар амбулаторлық деңгейде ем алады. Яғни, өзі тіркелген емдеу мекемесіндегі терапевтің бақылауында болады. Ауруханадағы ерекше назарға алынған науқастардың қатарында жүкті әйелдер бар. Қазіргі уақытта ЖРВИ диагнозымен бір жүкті әйел ем қабылдауда. Оған дейін көптеген науқас қажетті ем қабылдап, үйлеріне шығарылған болатын.

 

Саят, Железин ауданы:

— Тамақ жыбырлап, құрғақ жөтел мазалаған кезде «Амбро» препаратымен ингаляция жасаған дұрыс па?

— «Амбро» — қақырықты сұйылтып, сыртқа шығаратын дәрі. Инфекцияның ену қақпасы жоғары тыныс жолдарының шырышты қабаты болғандықтан, тамақтың жыбырлауы, түшкіру белгілері мазалайды. Бұл кезде ингаляциядан гөрі жыбырлаған тамақты шайған дұрыс. Көп мөлшерде сұйықтық қабылдаған дұрыс, Яғни, жылы су, минералды су, компот.  Шөптен шай дайындап ішуге болады.

 

Тілші:

— Көп жағдайда тама-ғымызда ауырсыну, ісу белгілері болғанда, жұтқызбағанда ас содасын суға ерітіп, шайып жатамыз. Дұрыс жасаймыз ба?

— Жоқ. Ас содасын пайдалану дұрыс емес. Тамақты шаюға арналған арнайы сұйықтықтар бар. Мысалы, «Фурацилин», «Хлоргексидин» ерітінділерін қолдану керек.

 

Бақтияр, Павлодар қаласы:

— Былтыр тұмауға қарсы екпені салдыртқан едім. Керісінше, ЖРВИ—дан көз ашпадым. Жиі ауырдым. Себебі неде?

— Сіздің иммунитетіңізде ақау бар деп айтуға болады. Өйткені тұмауға қарсы екпені қабылдаған кезде ағзаңызда вирусқа қарсы антидене  түзілмей тұр. Сондықтан сізге толық медициналық тексеруден өту қажет. Қажетті талдамаларды тапсыру керек. Иммунитетіңіз төмен деңгейде сияқты.

 

Тілші:

— Иммунитетті көтеру үшін қалай тамақтану керек? Жеміс-жидекті молынан тұтыну қажет пе?

— Ең алдымен әр адам ағзасында қандай дәруменнің жеткіліксіздігі барын анықтауы тиіс. Медицинада дәруменді артық мөлшерде қабылдау адам ағзасына зиян тигізеді.   Мысалы, күн сәулесін беретін «Д» витамині бар. Көп жағдайда жұмыста болуымызға, аз қозғалуымызға әрі күз-қыс мезгілдерінде далаға көп шықпауымызға байланысты аталмыш дәруменді толық қабылдай алмаймыз. Сондықтан күніне 2 мың бірлік «Д» витаминін қабылдауға болады. Ауырған кезде «С» дәрумені де әл береді. Ең алдымен дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеу, спортпен шұғылдану пайдалы. Жеміс—жидекті де жеген жөн.

 

Майра, Екібастұз қаласы:

— Адам ағзасында әлсіз-
дік, түшкіру, мұрыннан су ағу сынды белгілер байқалғанда қалай әрекет ету керек? Бірден дәрігердің көмегіне жүгіну керек пе?

— Егер дене қызуы мазаламаса үйде отырған жөн. Бірнеше күн ішінде жағдай жақсармаса, дәрігерге қаралу керек. Тіркеуде тұрған емхананың терапевіне қаралу қажет. Қазір емдеу мекемелерінде ЖРВИ—дің асқынуына байланысты қабылдау екі бағытта жүргізілетінін атап өткім келеді. Яғни, дене қызуы бар науқастар мен жеңіл негізде ауырған науқастар екі бөлек кабинетте қаралады. Бұл — науқастардың бір-бірімен қарым-қатынасқа түспеуі үшін жасалған алдын алу шарасы. Сондықтан дәрігерге қаралып, оның нұсқамасы бойынша үй жағдайында емделуге де болады.

 

Ақбота, Ақсу қаласы:

— ЖРВИ-мен ауырған кезде дәрі қабылдамай емделуге бола ма?

— Болады. ЖРВИ белгісі жеңіл және орташа ағымда 3-7 күн ішінде сауығумен аяқталады. Дене қызуы көтерілетін болса, «Парацетамол» дәрісін қабылдаған жөн. Бұл препараттың күнделікті дозасы 2 грамнан аспауы керек. Өкінішке қарай, науқастар дене қызуын түсіретін дәріні мөлшерден тыс қолданады. Бұл препараттар бауыр, бүйрекке қатты әсер етеді. Шамадан тыс қолдану гепатитке әкелуі мүмкін. Сондықтан мұқият болған жөн. Көп жағдайда адамдар дене қызуын түсіру үшін «Парацетамол», «Ацетилсалицил қышқылы», «Ибуфен» дәрілерін қатар қолданып жатады. Осы дәрілердің бәрінің әсері бір.  Тек біреуін ғана қабылдап, шамалы күту қажет. Дене қызуы түседі. Бұл жерде дене температурасын қалыпты деңгейге түсіру де дұрыс емес. 37-37,5 градустағы дене қызуын түсірудің қажеті жоқ. Ағзадағы қорғаныш факторлары өздігінен жұмыс жасауы тиіс. ЖРВИ кезінде көп мөлшерде сұйықтық ішу өте пайдалы. Су мұрын қуысын ылғалдандырып, құрғақ жөтел ылғалданады, бүйрек арқылы вирустар сыртқа шығады. Яғни, қандағы вирус деңгейі төмендейді. Ең маңызды шарт — осы.

 

Тілші:

— Қауіпті топқа жатпайтын адамдар тұмауға қарсы екпе ала ала ма? Бағасы қанша?

— Аймағымыздағы барлық адамға екпе салу деген түсінік жоқ. Облыстағы жұртшылықтың 12 пайызын екпемен қамтуымыз қажет. Осының өзі тұмауға қарсы иммунитетті қалыптастырады. Екпе алғысы келетіндер терапевтің қабылдауына барып, қажетті көрсеткіштер болса, екпе салдыра алады. Вакцина тегін жүргізіледі.

 

Айгерім, Аққулы ауданы:

— Балам екі айлығынан бастап ЖРВИ-мен жиі ауырады. Не істеуге болады?

— Егер үйіңізде үлкен балалар болса, олар балабақшаға, мек-
тепке баруы арқылы бауырына не қарындасына вирус жұқты-рады. Балаңыздың жиі ауыруы —
иммунитетінің төмен болуы. Салдарынан ЖРВИ—ді жиі жұқты-рады. Бәлкім, ағзасында дәрумен жеткіліксіздігі бар. Сондықтан педиа-
трдың қабылдауына жазылып, себебін анықтағаныңыз дұрыс.

 

Тілші:

— Облыста коронавирус жұқтырған адамдар бар ма?

— Қазіргі уақытта коронавирус жедел респираторлық вирустар инфекциясының қатарына қосылған. Қазір қауіпті дертке шалдыққан науқастар жоқ. Ауруханаға КВИ—мен түскендер де тіркелмеді. Жағдай тұрақты. 1 қазаннан бастап ЖРВИ—ге шалдыққандардан ПЦР-тест алынатын болады.

— Коронавирусты анық-тауда ПЦР-тест қайда жүргі-зіледі? Ақылыма?

— Эпидемиологиялық маусымға байланысты 1 қазаннан бастап жүргізілетін ПЦР-тест ақысыз негізде жүргізіледі.  Бұл сараптаманы ауырғаннан кейін 48—72 сағат ішінде жүргізген дұрыс. Ауруханаға жататын науқастардан бұл тест міндетті түрде алынады.

 

Берік, Ертіс ауданы:

— Екпенің пайдасынан гөрі зияны көп сияқты. Вакцина алып, иммунитетін әлсіретіп алған жақындарым көп.

— Екпе тек тұмауға қарсы жүргізілмейді. Біз вакцинаның көмегімен көптеген аурудың  алдын аламыз. Инфекциялық аурулар асқынулармен, өліммен де аяқталып жатады. Елімізде арнайы күнтізбе жоспары бекітілген. Әр балада ай сайын, жыл сайын алатын екпелері бар. Вакцинаның ешкімге зияны жоқ. Ағзаның әлсіреуіне басқа факторлар себеп деп ойлаймын. Туберкулез, қызылша, В гепатитінің де алдын алатын — екпе.

 

Сара, Тереңкөл ауданы:

— Өткен жылы әуелі тұмау, одан кейін коронавируспен ауырдым. Денсаулығымды әлі толық қалыпқа келтіре алмадым. Оңалту шарасынан қалай өтуге болады?

— Кез келген инфекциямен ауырғаннан кейін адамның қалпына келу уақыты 6 айдан бір жылға дейін созылуы керек. Осы аралықта адам өзін қорғау үшін гигиеналық тазалықты сақтағаны жөн. Адам көп жиналатын орындарға шықпау керек. Ағзадағы дәрумен жеткіліксіздігін тексеру маңызды. Жүйке жүйесін қалыпқа келтіру керек. Кейбір адамдар жұмыста шаршап жүріп, ұйқысы дұрыс қанбайды. Мұндай факторлар да адам ағзасына тікелей әсер етеді.

 

Тілші:

— Кейде көп жөтелген адам пневмонияға шалдығады.
Неше күнде ауру асқынуы мүмкін?

— Ересектер мен балалардың тыныс алу жолдарында айырма-шылық бар. Балалардың тыныс алу жолдары  қысқа болып келген-діктен, олар пневмонияға тез шалдығады. Ересектерде өкпенің қабынуына әкелетін фактордың бірі — басқа аурулардың болуы. Пневмония — жедел респираторлық вирустар инфекциясының ішінде жиі кездесетін ауру түрі. Вирусты инфекция бактериялармен қосылып, ауру асқынады. Пневмония екі бірдей өкпені де зақымдауы мүмкін. Егер науқас ұзақ уақыт жөтелсе, міндетті түрде рентгеннен өтуі керек. Кейде ішіп жүрген дәріні де ауыстыруға тура келеді. Мұндай науқастар
терапевтің бақылауымен емделеді.

 

Тілші:

— Көп жағдайда түшкіру, мұрыннан су ағу белгілері мазалай бастаған сәтте дәрі-ханадан «Нимесил» дәрісін сатып алып, қабылдап жата-
мыз. Яғни, ауруды асқындыр-
маудың әрекетін жасаймыз. Дұрыс па?

— ЖРВИ басталған кезде адам бойын әлсіздік билеп, буындар сырқырап, бұлшық ет ауырады. Адамдарда қатты терлеу арқылы ауруды шығару деген түсінік бар. Жалпы, «Нимесил» дәрісін дүниежүзі бойынша қабылдауға рұқсат етілмеген. Сондықтан бұл дәріні қолданбаған дұрыс. Жоғарыда айтқан «Парацетамол», «Ибуфен» дәрілері тек дене қызуын түсірмей, ауырсынуды да басады. Егер сіз аз күннің ішінде тез сауығып кетсеңіз, иммунитетіңіздің жақсы екенін көрсетеді. Инфекциялық аурулар 3-5 күн ішінде сауығумен аяқталады.

 

Тілші:

— Науқас ЖРВИ-мен неше күн ауыруы керек?

Егер 3-5 күннен артық ауырса, қосымша басқа вирустарды жұқтыр-ғанды білдіреді. Құлақтың қабынуы, гайморит, синусит сынды белгілер мазалауы мүмкін. Мұндайда дәрігерге қаралып, қосымша ем қабылдау қажет.

 

Дария, Екібастұз қаласы:

— Атам — 60 жаста. Созылмалы бронхитке шал-
дыққан. «Пульмикорт» пре-
паратын қабылдап жүр. Көп қолданған зиян ба?

— «Пульмикортты»  көп жағдайда астма, яғни демікпесі бар адамдар, созылмалы өкпе ауруына шалдыққан науқастар қабылдайды. Мұндай науқастар көбінесе пульмонологтың кеңесіне жүгінуі қажет. Атаңыз дәріні дәрігердің нұсқамасы бойынша белгілі бір мөлшерде қолдануы керек. Күніне 2—3 мәрте ғана қабылдағаны жөн.

 

Ажар, Баянауыл ауданы:

—Тұмау мен коронави-
русты қалай ажыратуға бола-
ды?

—Тұмау кезінде адамның дене қызуы көтеріледі. Жағдайы бірден нашарлап, бұлшық еті ауырады. Одан кейін басы солқылдап, көздің айналасы ауырады. Құрғақ жөтел мазалайды. Ал КВИ ауыр және жеңіл түрде өтуі мүмкін. Жөтел мазалап, тамақ жыбырлауы мүмкін.

 

Тілші:

— Қазіргі жөтел адамдарда қатты өтеді. Өйткені тамақты жыбырлатып, аллергиялық белгі береді. Тұрғындар мұндай белгі коронавирустан кейін пайда болды деп жатады. Сіз не айтасыз?

— Бұл жағдайды ковидтан кейінгі синдром деп айтуға болады. Бұған дейін біз бұл вируспен кезікпедік. Қазір науқастар КВИ—дің қандай ауру екенін жақсы біледі. Бірақ адам ағзасында КВИ—ға қарсы антидене қалыптасқан. Ауру бұрынғыдай ауыр өтпейді. Дәрігерлер де емделу жолын жақсы біледі. Ұзақ уақыт жөтелген адамдарда аллергия болуы мүмкін. Шаң-тозаң, өсімдіктер де аллерген болуы мүмкін. Сондықтан бөлме ішін жиі тазалап отырған дұрыс.

«Тікелей желіні» ұйымдастырған — Айдана ҚУАНЫШЕВА.