Бұдан былай елдегі емдеу мекемелерінде еңбек ететін медбикелерге науқасты өз бетінше қабылдап, диагноз қою құқығы берілмек. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері осынау жаңашылдық арқылы саладағы күрделі мәселелердің түйінін тарқатуға мүмкіндік туатынын алға тартуда. Мәселен, дәрігерлердің жүктемесі азайып, медициналық қызметтің қолжетімділігі артады. Сондай-ақ, емделушілер уақытын үнемдеп, емханалардағы ұзын-сонар кезек те тыйылмақ. Алайда бұл өзгерісті біреулер қолдаса, енді біреулер қарсылық білдіруде.

Сонымен, жаңашылдыққа қатысты халық пікірі қандай? Сала мамандары не айтады? Қоғамда түрлі пікір тудырған айтулы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.

Ерік БАЙЖҮНІСОВ, денсаулық сақтау саласының сарапшысы: (пікір интернеттен әзірленді)

— Аурухана мен емханалардың ішіндегі барлық микроклиматты қалыптастыратын — мейіргерлер. Сондықтан олардың медициналық қауымдастықтағы рөлі зор. Өкінішке қарай, бізде медбикелерге дәрігердің қол астында жұмыс істейтін көмекшісі ретінде қарау түсінігі қалыптасқан. Бұл — дұрыс емес, медбике – жеке маман. Біздің медбикелердің емханаларда атқарып жатқан функционалды қызметтері басқаларға қарағанда көбірек. Қазірдің өзінде науқастардың еңбекке жарамсыздық қағазын беру, медициналық тексеруге жолдау қағаздарын мейіргерлер жүргізіп жатыр. Шалғайдағы көптеген ауылда да дәрігер болмағандықтан медбикелер өз қызметін абыроймен атқаруда.

Міне, олардың осындай жұмысының тиімділігі, сапасы тексерілгеннен кейін бүгінгідей жүйе жасалып отыр. Соның аясында медицина саласында жұмыс істеп жатқан 160 мың мейіргердің барлығына мұндай құқық берілмейді. Білімді, тәжірибесі мол медбикелер ғана осы жүйеге ауыса алады. Олар арнайы тестілеуден өтеді. Соған сай жалақылары көтеріліп, қызметтегі жауапкершілігі артады. Сондықтан көп талқылай бермей, медбикелерге осы жұмысты жүргізу құқығын беру керек.

Света АБДРАМАНОВА, облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының жанындағы білім және денсаулық мәселелері бойынша өңірлік кеңестің төрайымы:

— Медицина саласының маманы әрі депутат ретінде осы жаңа қадамды құптаймын. Себебі, бұл халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жасалған іс деп айтуға болады. Яғни, қазіргі таңда медицинасы дамыған көп елде осы әдіс қолданылып келеді және өз нәтижесін де беруде. Сондықтан мұны біздің мемлекетте де жүзеге асыру арқылы ұтпасақ, ұтылмаймыз деп ойлаймын. Шетелдердегі сияқты дәрігер атқаратын жұмыстың бір бөлігі медбикеге жүктелгені жөн. Сонда дәрігерлер уақыт жоғалтпайды, маман тапшылығы және науқастардың айлап, апталап кезек күту мәселесі де біртіндеп шешіледі. Шыны керек, бүгінде дәрігерлердің қабылдауына жазылатын тұрғындардың көбі аурудың алдын алу мақсатында тексеріліп, кеңес алу үшін ғана келіп жатады. Сол себепті емдеу мекемелерінде кезек күткендер қарасы көбеюде. Мұндай адамдарды медбике өз бетінше қабылдап, оларға тиісті ем-шара тағайындау, науқастың қан қысымын өлшеу сынды жұмыстарды атқарса, үлкен көмек болар еді. Сонымен қатар, медбикелерге деген сенім де артып, бұл мамандықтың мәртебесі де көтерілері сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда тиімді жақтары көп. Сондықтан халық мәселенің мән-жайын дұрыс түсінгені жөн.

 

Құралай БАРАИСОВА, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Өз басым медбикелердің науқастарды қабылдап, оған диагноз қойып, ем-дом жасауына қарсымын. Себебі, қазір медбике түгілі, медициналық академияны бітіріп келген білдей дәрігерлердің де қателікке жол беріп, соның салдарынан талай науқастың жапа шегіп жатқанын әлеуметтік желіден көп көріп жүрміз. Әрине, қателеспейтін адам болмайды. Десе де, дерті дендеп, дәрігерге үлкен үмітпен барған науқасқа нақты диагноз қоя алмайтын ақ желеңділер де жоқ емес. Осыдан кейін медициналық білім олардан да төмен, яғни колледж ғана бітірген медбикелерге мұндай жауапкершілік жүктеп, құқық беру дұрыс емес деп ойлаймын. Бұл арқылы медициналық қызметтің сапасы артады дегенге күмәнім бар. Керісінше, теріс ем алып, ауруы асқынған науқастар саны көбейе ме деп қорқамын. «Қарға қарқылдап ұшқанымен қаз бола алмайды» деген қанатты сөз бар ғой қазақта. Сондықтан медбикелер дәрігердің орнын баса алмайды және саладағы мәселені шешудің басқа жолын қарастырған жөн. Мысалы, дәрігер мамандығына көбірек грант бөлу, жас дәрігерлерді жаппай баспанамен қамту, басқа да ынталандыру шаралары қолға алынуы тиіс дер едім. Ал медбикелер өз міндеттерін адал атқарғаны дұрыс.

 

«Алаңды» үйлестірген –  Нұржайна ШОДЫР.