Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақтоғай ауданының Шұға ауылында және Май ауданының Ақжар ауылында медициналық нысандар қолданысқа берілді. Енді аталған мекеменің кең әрі жылы кабинеттерінде ересектер мен балаларға арналған алғашқы медициналық-санитарлық, дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетіледі.
«Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жалпыұлттық жобасы және Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында бой көтерген жаңа медициналық пункттердің алғашқысы Май ауданының Ақжар ауылында ашылды. Бұл орталық — облыстағы 15 мыңнан астам ауыл тұрғынына сапалы медициналық көмек көрсететін әрі жыл соңына дейін іске қосылатын 30 нысанның бірі.
Ақжар ауылында күні бүгінге дейін қолданыста болған шағын медициналық пункт 1985 жылы салынған. Алайда осы уақыт аралығында мүлдем жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бұл мәселені ауыл тұрғындары облыс және аудан әкімімен тұрақты кездесулер барысында көтеріп келген болатын. Биыл аталған мәселе шешімін тауып, жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 138 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Ал ғимараттың өзі 150 шаршы метрді құрайды.
Емханада ем-дом шаралары, физиотерапия, науқастарды қабыл-дауға және дәріханаға арналған төрт кабинет және күндізгі стационар бар. Бірақ емханада зертхана бөлмесі қарастырылмаған. Соның себебінен елді мекен тұрғындары қан талдамаларын тапсыру үшін аудан орталығындағы ауруханаға баруға мәжбүр.
– Ақжар ауылдық медициналық пунктінде қазіргі уақытта екі медбике жұмыс істейді. Аптасына бір мәрте Қаратерек ауылынан жалпы тәжірибелік дәрігер келіп тұрады. Медбикелер тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық және дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетеді, – деп атап өтті Май аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы Алшынбек Ахтанов.
Ауыл тұрғындарын жаңа сауықтыру кешенімен құттықтауға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев арнайы келді. Ол өз сөзінде ауданға жаңа мамандандырылған медицина мамандарының келгенін атап өтіп, аталмыш нысанның шағын елді мекендерден, соның ішінде жергілікті тұрғындарға білікті көмек көрсетуге және шұғыл емдеуге мүмкіндік беретінін алға тартты.
– Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ауыл медицинасын дамытуға, оның ішінде кадрлық әлеуетті нығайтуға ерекше көңіл бөлуде. 11 айдың ішінде облысқа екі хирург, терапевт, тіс дәрігері, анестезиолог пен реаниматолог, невролог, жалпы тәжірибелік дәрігер, сондай-ақ орта буын медицинасының бес маманы келді, – деді облыстың бас дәрігері.
Ақжар ауылдық медициналық пункті 500-ден астам адамға арналған. Қазіргі уақытта медициналық мекеме жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталғанының нәтижесінде медициналық қызмет көрсетудің аясы кеңейген. Медпунктке ЭКГ жазуға арналған телекардиограф, дефибриллятор, тыныс алу жолдарынан аспирацияға арналған электр сорғыш құрылғы және көктамырішілік инфузияға арналған шприцті инфузиялық сорғылар сатып алынды. Одан бөлек, тыныс алу жолдарын, құлақ қуысын емдеуге арналған ультракүлгін сәулелендіргіш, БТЛ магниттік терапия аппараты да жаңартылды.
Мұндай қуанышты жаңалық Ақтоғай ауданының Шұға ауылында да орын алды. Игі шараға аудан әкімі Қаршыға Арынов қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады.
Аталмыш мекеме «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында салынған. Құрылыс жұмыстарына жауапты болған «Bays Group» ЖШС мердігері аталған жұмыстарды 135 млн теңгеге орындаған. Бұдан бөлек, аталған бағдарлама аясында Шілікті ауылында да медициналық пункттің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
144 ауыл тұрғынына сапалы қызмет көресетілуі үшін мекеме дефибриллятор, экг аппараты, физио жабдығы және т.б. қажетті жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар, ем-дом шараларын жасауға арналған кабинет және екпе егу кабинеттері бар. Айта кетейік, бұған дейін екі ауылдағы медициналық пункт те жалдамалы ұйымда орналасқан болатын.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Ақтоғай және Май аудандары.