Менингит қандай ауру?

Қар 13, 2025

Жыл басынан бері Павлодар облысында менингитпен 22 адам ауырған. Оның жартысынан көбі — балалар. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде аурудың 19 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 11 бала бар.

Көп жағдайда суықтан пайда болатын ауру ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды. Аурудың қоздырғыштары әртүрлі болуы мүмкін. Індет вирус, бактерия, саңырауқұлақ немесе паразиттерден пайда болуы мүмкін. Әсіресе, менингококкты менингит өте қауіпті. Себебі, ол тез өршіп, ауыр асқынулар мен өлімге әкелуі мүмкін.

Облыстық санитарлық-эпидемио-логиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, ауру  ауа-тамшы жолы арқылы жөтелгенде, түшкіргенде және  сөйлескенде таралады. Ауру жұққаннан кейiн ағзада бас ауру, лоқсу, ауыз құрғап, қызу көтерiлу, дауыс қарлығып, өңi бозару секiлдi инкубациялық кезең өтiп, денеде қызғылт түстi дақтар пайда болады. Дене қызуы 40 градусқа жоғарылап, бұлшық еттері ауыра бастайды. Жарыққа қарай алмай, қатты дауыстан мезі болады.  Менингиттің алғашқы белгілері байқалған жағдайда науқас шұғыл түрде инфекциялық ауруханаға жатқызылады.

— Менингиттің алдын алу үшін адамдар көп жиналатын орындарға, сауда-ойын-сауық орталықтарына, ауа айналымы нашар ғимараттарда өткізілетін мәдени-бұқаралық іс-шара-ларға барудан бас тарту маңызды. Жөтел, мұрыннан су ағу, түшкіру сынды белгілері бар адамдармен байланыс орнатпаған жөн. Сонымен қатар, денені тоңдырмау үшін ауа райына сәйкес киінген дұрыс. Әсіресе, қолды жиі жуудың маңызы зор. Балаға да тамақ ішер алдында, қоғамдық орынға барғаннан кейін және жануарлармен байланыстан соң қолды сабындап жууды әдетке айналдыру керек. Дұрыс тамақтану арқылы иммундық жүйені жақсарту қажет. Егер ауру адаммен байланыста болып, жоғарыда аталған белгілер мазаласа, дәрігерге қаралған жөн. Қарапайым сақтық шараларын ұстану арқылы денсаулығыңызды қорғай аласыз, — дейді Батырбек Әлиев.

Дәрігерлер ауру салдарының тым ауыр болуын ауа райымен де салыстырады. Себебі, ұзақ уақыт бойы күннің бір жылып, бірде салқын болуы инфекцияның өршуіне әкеледі. Әсіресе көктем және күз мезгілдерінде адамның иммундық жүйесі әлсіз болады. Осы уақытта адам ағзасы инфекцияны жұқтыруға бейім келеді. Өкінішке қарай, балалар ауруға төтеп бере алмайды. Менингиттің ауыр түрінде, бірден ем қабылдамаса, адам өліп кетуі мүмкін.

Аталған ауруға бес жасқа дейінгі балалар көп шалдығады. Себебі, олардың иммундық жүйесі толық қалыптаспаған. Сондықтан ауруға қарсы күресе алмайды. Сондай-ақ,  жасөспірімдер мен жастар, орта жастағы адамдар менингитке душар болады.

Қауіпті аурудан сақтану үшін жоғарыда аталған кеңеске құлақ түріп, сақтық шараларына мән берген абзал. Өйткені, елімізде менингитке қарсы вакцина қарастырылмаған.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.