Қазақстанда бірқатар елдің тәжірибесін зерттеу нәтижесінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарға шектеулер енгізілмек. Ресми жұмысы жоқ және соның салдарынан міндетті медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде тіркелмеген қазақстандықтарға көлік жүргізуге және қару-жарақ сақтауға тыйым салу және басқа да бағыттарда осындай шектеулер қарастырылмақ. МӘМС жүйесінің артықшылығы мен кемшілігі неде? Сақтандырылмаған тұрғындардың көлік жүргізу құқығын шектеген жөн бе? Осы сауалдарды «Алаңда» талқылаған едік.

Ажар ҒИНИЯТ,  ҚР Денсаулық сақтау министрі (Үкімет сағатындағы баяндамасынан):

— Медициналық сақтандыру қоры көп ақша алмайды, бұл оның болашақта өз міндеттерін орындай алмауына әкеледі. Жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2025 жылдан бастап әрбір азамат міндетті салық декларациясын тапсырады. Осылайша, сақтандырылмаған азаматтардың табысы белгілі болады және МӘМС жүйесіне 700 мыңға жуық адамды тарту көзделуде. Қамту 2026 жылға қарай халықтың кемінде 95 пайызын құрайды деп болжануда. Жұмыс берушілер үшін МӘМС бойынша салық ставкаларын кезең-кезеңімен арттыру жоспарлануда. Сақтандырылмаған адамдарға медициналық және онымен байланысты мемлекеттік қызметтерге шектеулер енгізу ұсынылады. Мысалы, көлік жүргізу, қару-жарақ сақтау және т.б. Осы шарттарды орындау кезінде Қордың қаржылық тұрақтылығы сақталады. Қазір түрлі бастама пысықталып жатыр және ұсынылған шектеулер қабылданбауы да мүмкін. Жалпы, 5 жыл бойы медициналық сақтандыруға қатысты заң талаптары орындалмай келеді. 3 млн адам медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр.

Қайролла АЙТМАҒАНБЕТОВ, зейнеткер:

— Менің ойымша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру халыққа тиімді емес. Әсіресе, ауылда тұратын ағайынға қиын. Көпшілігі малын бағып, шөбін шауып, өзін өзі жұмыспен қамтып отыр. Бір малға қарап отырған ауыл тұрғыны басы ауырып, балтыры сыздаса, қалаға келіп емделе алмайды. Емханадан: «Сіз МӘМС жүйесінде тіркелмегенсіз. Медициналық сақтандыруыңыз болмағандықтан Сізге қызмет көрсете алмаймыз» деп шығарып салады. Шынымен, МӘМС енгізілгелі ауылдағы ағайынға емделу қиын болып тұр. Неге? Себебі ертеден қара кешке дейін сүркілдеп жүріп тапқан-таянған табысына бала-шағасын асырай ма, сақтандыруға төлей ме? Осы жағына мән беру қажет. Сақтандырылмаған халықты қыспаққа ала беруге болмайды ғой. Жағдайды қиындата бермеу керек. Тұрғындарға тиімді жолдарын қарастыру қажет. Жалпы, емханалардың емдеу сапасы жаман емес. Десек те, бұрынғы емдеу жүйесіне жетпейді. Кез келген уақытта келіп, емханаға қаралуға болатын. Қазір дәрігерлер бұрынғыдай науқасты қарамайды, науқасты қабылдау кезінде компьютерге қарап-ақ көп уақыт жоғалтады. Кейде қажетті маманға уақытылы қарала алмай, кезек күтіп қалатын кездеріміз болады.

 

Майра ӘЛЖАНОВА,  денсаулық сақтау саласы ардагері:

— Денсаулық сақтау саласында қырық жылға жуық қызмет еттім. Тұрғындарға міндетті әлеуметтік сақтандыру керек деген пікірдемін. Себебі әрбір адам уақытылы дәрігерге қаралып, денсаулығын күтуі қажет. МӘМС жүйесіне өзгерістер енгізу қарастырылуда. Мен бұл ұсыныстарды қолдаймын. Мәселен, көлік апаты болған жағдайда, зардап шеккен адамдарға медициналық қызмет көрсетілуі тиіс. Сондықтан әр адам өзінің өмірі мен денсаулығын сақтандырғаны дұрыс. Екібастұз қаласының «Дисконт» өндірістік кооперативі, бұрынғы №1 емханада 26 жыл еңбек еттім. Қаралатын дәрігерлік учаскем де осында. Ауырып-сырқай қалсам, учаскелік дәрігерге қаралып, қажетті ем-дом аламын. Жоғары артериялық қысымы, қалқанша безінің дұрыс қызмет  істемеуіне байланысты есепте тұрмын. Осыған байланысты тегін дәрі-дәрмектер беріледі. Герантолог маманға да барамын. Денсаулығымды қадағалап отырған дәрігерлерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Ал сақтандырылмаған азаматтарға МӘМС жүйесіне тіркелу маңызды екенін тағы бір мәрте ескерткім келеді.

«Алаңды» үйлестірген – Торғын ОРАЗАЛЫ.