МӘМС жүйесінің мүмкіндігі қандай?

Ақп 6, 2026

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жыл сайын өзгерістер енгізіледі. Биыл МӘМС емделушілерге зор мүмкіндік сыйламақ. Биылдан бастап бұған дейін ақылы негізде көрсетіліп келген ем-шаралар сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін көрсетілуде. Бастысы, халыққа қажетті деп саналатын бағалы диагностика, талдамалар да ақысыз негізде ұсынылады. Осы орайда, жұртшылықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған МӘМС жүйесіндегі өзгерістермен толық танысу үшін редакцияда «Тікелей желі» шарасын ұйымдастырдық. Көпшілікті толғандырған сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Павлодар облысы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Эльмира Темірғалиева жауап берді.

Тілші:

—  Эльмира Алпысбайқызы, алдымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне биыл енгізілген өзгерістерге толығырақ тоқталып өтсеңіз…

Эльмира АЛПЫСБАЙҚЫЗЫ:

— Биыл МӘМС жүйесіне енгізілген жаңашылдық көп. 2025 жылдың шілде айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев МӘМС жүйесіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа заңға қол қойды. Осыған байланысты өзгерістер орын алды. Біріншіден, сақтандыру жүйесіне 5 жыл көлемінде тұрақты түрде жарна аударған адам белгілі бір себептермен жұмыс орнын ауыстырып немесе қызметінен айырылып қалған жағдайда 6 ай көлемінде емдеу мекемелеріне тегін қарала алады. Бірақ жұмысқа тұрған сәтте жарты жылдың жарнасын бірден төлеуі шарт. Өткен жылы мұндай жеңілдік тек 3 айға қарастырылған болатын.

Бұл – емделушілер үшін зор мүмкіндік деп білемін. Екіншіден, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға да жеңілдік бар. Олар жеңілдік санатына жатқандықтан, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды. Биылдан бастап жұмыссыз ретінде тіркелгендерге жергілікті атқарушы билік жарна төлейді. Бұл топқа тағы екі санаттағы адамдар енгізілді. Тұрмыстық жағдайы нашар, осал топқа жататын тұрғындар да жергілікті әкімдік тарапынан қаржыландырылады. Олар Д және Е санатына жатқызылады. Егер осы санатқа жататын азаматтар емдеу мекемесіне жүгінетін болса, сол күннен бастап автоматты түрде сақтандырылады. Бұл ретте олардың ұялы телефонына сақтандырылғаны жөнінде смс-хабарлама жолданады. Үшіншіден, бұдан былай скринингтік тексерулер жұртшылыққа тегін өткізіледі. Бұған дейін онкологияны анықтауға бағытталған скринингтің алғашқы сараптамасы ғана ақысыз негізде ұсынылған болатын. Қазір скрининг кезінде адам ағзасында қандай да бір ауру белгілері, асқынулар анықталса, барлық ем-дом тегін жүргізілетінін атап өткім келеді. Яғни, скринингтің барлық деңгейі тегін өткізіледі. Мұндай жаңашылдық дертті дер уақытында анықтауға, халықтың жасын ұзартуға бағытталған.

 

Тілші:

— Биылдан бастап бүйрек трансплантациясы тегін жасалады деген жаңалық күту парағында тұрған науқастарды қуантқаны сөзсіз…

— Дұрыс айтасыз. Бүйрек транс-плантациясы — өте қымбат ота. Бұл жаңашылдық та тұрғындардың денсаулығы үшін енгізілді. Себебі, мұндай шара өзгенің бүйрегіне зәру адамның қалтасына едәуір салмақ салады. Республикада және облыс бойынша да бүйрек кезегінде тұрған адам көп. Бұдан бөлек, биылдан бастап церебралды сал ауруына шалдыққандарға да ем тегін жүргізіле бастады. Бұл диагнозбен ауыратын адамдар да жеңілдік санатына жатқызылып отыр. МӘМС-тің ел тұрғындарына сыйлап отырған мүмкіндігі зор.

 

Тілші:

— Сақтандырылмаған адамдар МӘМС аясында мүлдем қызмет көрсетілмей ме?

— Емдеу мекемесіне шұғыл әрі ауыр жағдайда түскен науқастар сақтандыру мәртебесіне қарамастан медициналық көмекті тегін алады. Мысалы, облыстық кардиология орталығына бір науқас шұғыл түрде жеткізілді делік. Базадан тексеру кезінде оның сақтандырылмағаны белгілі болады. Бірақ соған қарамастан, оған қажетті ота, ем-дом тегін жүргізіледі. Бұл ретте жүрегі ауыратын емделушілердің басым көпшілігі коронарлық артерияны шунттау отасын қажет етеді. Сондықтан шұғыл жағдайдағы  науқасқа құны миллион теңгеден асатын ота тегін жасалады.

 

Саят, Май ауданы:

— Менің ағам жақында Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға түсті. Жақын күндері бауырына ота жасалуы керек. Өкінішке қарай, сақтандырылмаған. Не істеуге болады?

— Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ай сайын 4250 теңге көлемінде жарна төлеп, сақтандыру мәртебесін ала алады. Ағаңыз отадан кейін де дәрігерлердің бақылауында болып, оңалтудан өтуі керек. Сондықтан сақтандыру жүйесіне қосылғаны жөн. Бұл ретте ол бір жылға толық көлемде жарна аударуы тиіс. Ол үшін алдын ала 12 айға жалпы сомасы 51 мың теңге төлеп, мәртебе ала алады. Себебі, отадан кейін оңалту шарасы бар, ағаңыз учаскелік дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Сондықтан алдын ала төлем талап етіледі.

 

Тілші:

— Тұрғындар тарапынан қандай шағым көп түседі?

— Тұрғындар көп жағдайда учаскелік дәрігер МРТ мен КТ-ға жолдама бермеді деп шағымданады. Бірақ МӘМС тек осы екі тексеру шарасына  жолдама береді деген ойды ұстанбаған жөн. МРТ мен КТ-дан жиі өту — адам денсаулығына зиян. Себебі, сәулелі терапия ағзаға ауыр тиеді. Сондықтан бұл екі диагностикадан жиі өтудің қажеті жоқ. Дәрігер қажет деп тапса ғана  жолдама береді. Осы орайда, шағымы бар тұрғындар Павлодар қаласы Мәшһүр Жүсіп көшесі, 189-үй мекенжайында орналасқан мекемеге келе алады. Бұдан бөлек,  8 (718) 2 70-41-23, 70-41- 24,  70- 41-25  нөмірлері де шағымдарды қабылдайды. Инстаграм әлеуметтік желісінде msqory_pvl деген парақшамыз да бар.  Сонымен қатар, емдеу мекемелерінің бірінші қабатында емделушілерді қолдау орталықтары бар. Мәселені сол жерде де шешуге болады.

 

Дархан, Павлодар қаласы.

— Көп жағдайда  дәрігер қабылдауына жалған жазатын фактілер орын алады. Ультра- дыбыстық зерттеуге де рұқсатсыз жазып жатады. Мұндай фактілер туралы не айтасыз?

— Егер «Дамумед» қосымшасы арқылы сізді жалған қабылдауға немесе емдеу шарасына жазса, әлгі жазбаны фотоға түсіріп, біздің мамандарға жолдай аласыз.  Мәселе бойынша қызметкерлер жоспардан тыс тексеру жүргізіп, экономикалық шара қолданады. Біз тексеру арқылы тек айыппұл сала аламыз. Ал дәрігерге қатысты мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасына арыз жазу керек.

 

Сәбит, Баянауыл ауданы:

— МӘМС-ке 5 жыл тұрақты түрде жарна аударған азаматтар жұмыстан айырылған жағдайда уақытша жарна төлеуден босатылады дегенді естіген едім. Менің жалпы еңбек өтілім – 3 жыл.  Жұмыстан шығып қалған жағдайда маған мұндай мүмкіндік беріле ме?

— 6 ай көлемінде жарна төлеуден уақытша босату тек 5 жыл көлемінде үздіксіз ақша аударғандарға ғана берілген. Сіз жұмыстан шығып қалған жағдайда 3 ай көлемінде медициналық көмекті тегін қолдана аласыз. Бірақ басқа жұмысқа тұрған уақытта 3 ай үшін жарнаны толық төлеу керек болады.

 

Тілші:

— МӘМС жүйесінде шешілмей келе жатқан бір мәселе бар. Мектепті бітірген талапкер студент қатарына қосылғанға дейін жарнаны ата-анасы төлеуі керек пе?

— Иә. Бұл — жылда сөз болатын мәселе. Талапкерлер жоғары оқу орнына, колледжге оқуға түскенге дейін 3 ай аралығында олар үшін жарнаны ата-анасы төлеуі керек. Студент қатарына қосыла алмағандар үшін де әке-шешесі ақша аударады. Тіпті, 18 жасқа толған бірақ әлі мектеп қабырғасында білім алатын оқушылар болады. Мұндай жағдайда оның оқушы екені тиісті құжаттар арқылы расталады. Бұдан бөлек, Железин, Тереңкөл аудандарында Ресей Федерациясындағы оқу орындарын таңдайтын талапкерлер болады.  Олар өзге елде сақтандыру мәртебесін растай алмай жатады. Бұл ретте Egov.kz қосымшасы арқылы деректерді енгізіп, мәртебені растай алады.

 

Зәуре, Павлодар қаласы:

— Облыс орталығындағы Теміржол ауруханасында ЭКҰ бағдарламасына дайындалып жүрмін. Медициналық сарап-таманы жолдама аясында тегін тапсырдым. Репродуктолог кейбір сараптаманы қайта тапсыруымды сұрады. Ал аурухана дәрігерлері маған бір аптада бір сараптамаға екінші рет жолдама берілмейтінін, сараптаманы ақылы негізде тапсыру керектігін айтты. Бұл қаншалықты заңды?

— Бұл жеке қарауға алатын мәселе. Жалпы, дәрігердің әрекеті дұрыс емес. Сіз бедеулік мәселесі бойынша есепке алынып, ЭКҰ бағдарламасына қатысып отырсыз. Сізге қажетті медициналық сараптама тегін берілуі керек. Неше мәрте тапсырғаныңыз бөгет болмауы тиіс.

 

Дулат, Екібастұз қаласы:

— Емханада әр айдың 20-сынан кейін МӘМС аясында дәрігерге немесе медициналық тексеруден өтуге  жолдама алу мәселесі қиындайды. Дәрігерлер айдың басында жазылған тиімді дейді. Өйткені МӘМС аясында бөлінетін қаржыны игеріп тастағандарын алға тартады. Бұған не дейсіз?

— Мұндай мәселе туындамауы тиіс. Науқас жолдамаға немесе дәрігердің қабылдауына ең көп дегенде 15 күн ішінде қол жеткізуі керек. Ал шұғыл жағдайда уақыт созылмайды. МӘМС-ке төленетін қаражат алдын ала игерілмейді. Ақша науқас сараптаманы тапсырғаннан кейін ғана төленеді. Осыны есте ұстау керек.

 

Тілші:

— Тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүрген азаматтар сақтан-дыру жүйесіне қалай қосыла алады?

— Ай сайын 4250 теңге жарна төлеуі керек. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, бір жылға толық 51 мың теңге төлеп, отаны да, емді де тегін ала алады.

 

Тілші:

— Павлодар облысында қанша адам сақтандырылған? Қанша адам сақтандырылмаған?

— Аймағымызда 2025 жылдың 27  желтоқсанында сақтандырыл-маған адамдардың саны 640 мыңнан асты. Бұл – аймақ тұрғындарының 85 пайызы. Сақтандырылмаған-дардың үлесі — 107 мың адам. Жоғарыда атап өткенімдей, Д және Е категориясындағы адамдар үшін жарнаны атқарушы орган төлей бастады. Яғни, әлеуметтік осал топтағы адамдар емханадағы дәрі-
гердің қабылдауына келген сәттен бастап, автоматты түрде сақтан-дырылатын болды. Нәтижесінде мен айтқан көрсеткіш азайды. Қазіргі жағдай бойынша 80 мыңнан астам адамда сақтандыру жоқ.

 

Дәулет, Ақтоғай ауданы:

— Мәртебені қалай анықтауға болады?

— Қазір мәртебені анықтауда қосымшалар көп. Сақтандырылған не сақтандырылмағаныңызды Egov.kz және msqory.kz сайттары арқылы біле аласыз. Болмаса, жұртшылық жиі қолданатын Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы да тексеруге болады. Бұдан бөлек, өзге де банк қосымшаларында мәртебені анықтау ұяшығы енгізілген. Медициналық мекемелерде жарна төлеуге арналған арнайы терминалдар да бар.

 

Дария, Тереңкөл ауданы:

— Өткен жылдың қараша айынан бастап жарна аудар-мадым. Қараша-қаңтар айлары үшін ақшаны Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы төлесем, емханаға сол күні бара алам ба?

— Төлем 3-5 күн аралығында  өтеледі. Ақшаның түсуі банк қызметіне тікелей байланысты. Кейде бұл мерзімнен ерте де түсуі мүмкін.

 

Тілші:

— Көпшілікті көптен толғандырып келе жатқан бір мәселе бар. 12 ай ішінде емха-наға, ауруханаға бармағандар бір жылға төлеген жарнасының жартысын қайтара ала ма?

— Бұл мәселе талай мәрте қозғалды. Сақтандырылған азаматтар төлеген жарнасын қайтара алмайды. Бұл — заңмен бекітілген мәселе. Себебі, қорға жолданатын ақша ешкімнің жеке есепшотына түспейді. Бір адам ауруханаға жыл бойы бармаса, оның қаражаты өзге науқасқа жұмсалады. Тіпті, ерлі-зайыптылар да бір-біріне қаражатын аудара алмайды. Бұл мүмкін емес.

 

Гүлсім, Павлодар қаласы:

— МӘМС аясында Олимп клиникалық-диагностикалық зертханасы ұсынатын кейбір сараптамаларды тапсыруға болатынын білемін. Нақты қандай қан талдамалары тегін тапсырылатынын қайдан көру-
ге болады? Тізімі бар ма?

— Иә, мұндай мүмкіндік барлық емдеу мекемесінде жоқ. Тек Олимп клиникалық-диагностикалық зертханасымен келісімшарт жасаған емханалар мен ауруханаларда тегін ұсынылады. МӘМс аясында ұсынылатын сараптама тізімі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №75 бұйрығымен бекітілген. Тізімді қордың msqory.kz сайтынан көре аласыз. Емханаға барған кезде көрсетілімдер бойынша қажетті сараптаманы дәрігер тағайындайды. Медицина маманы  сізге тегін ұсынылатын қан талдамаларына жолдама жазып береді.

 

Бахтияр, Павлодар қаласы:

— МӘМС аясында медициналық қызмет тегін жүргізі-летінін білеміз. Бірақ Павлодар қаласындағы кейбір емханалар сараптаманы ақылы негізде тапсыруға мәжбүрлейді. Бұған не дейсіз?

— Бұл — жеке қарайтын мәселе. Сіз нақты қандай емхана ақылы негізде қызмет ұсынғанын 8 (718) 2 70-41-23, 70-41-24, 70-41-25  нөмір-леріне хабарласып айта аласыз.  Инстаграм әлеуметтік желісінде msqory_pvl деген парақшасына да жаза аласыз. Мамандар мәселені негізге алып, тексеру жүргізеді.

 

Тілші:

— Эльмира Алпысбайқызы, уақытыңызды бөліп, «Тікелей желі» шарасына қатысып, оқырмандардың сұрағына
жауап бергеніңізге көп рақмет. МӘМС жүйесі төңірегінде жаңа-лықтар мен жаңашылдық-
тар біздің назарымыздан тыс қалған емес. Әріптестік байланысымыз үзілмесін!

— Облыстық «Saryarqa samaly» газеті арқылы қалың көпшілікке мол мағлұмат бере алдым деп ойлаймын. Жыл басында енгізілген өзгерістер жөнінде арнайы «Тікелей желі» ұйымдастырғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін.

«Тікелей желіні» жүргізген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.