Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне 5 жылдан астам уақыт өтсе де, тұрғындардың көңілінен шығып отыр деп айта алмаймыз. МӘМС мәнді өзгерістерді қажет етті. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заң жобасына қол қойды. Оның аясында кепілдендірілген және сақтандыру пакетіне кіретін қызмет түрлері нақты ажыратылып, МӘМС-ке жарна аудара алмай жүрген халықтың жағдайы ескерілді. МӘМС жүйесінің жаңа мүмкіндігін білу мақсатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша директоры Жангелді Шайымбетовтен әңгімелестік.
— Жангелді Мырзагелдіұлы, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілген өзгерістерге тоқталып өтсеңіз. Халыққа қаншалықты тиімді болмақ?
— Қазіргі уақытта еліміздегі халықтың 83 пайызы сақтандырылған. Яғни, олар қажетті медициналық көмекті тегін алады. Бірақ әлі де 3,3 миллионға жуық адамның мәртебесі жоқ. Олар МӘМС жүйесіне жарна аудармағандықтан, сақтандыру пакетіне енгізілген медициналық көмекті ақылы негізде алуға мәжбүр. Ал Павлодар облысында тұрғындардың 85,6 пайызы сақтандырылған. 111 мыңнан астам адамда мәртебе жоқ. Былтыр шілде айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды тапсырған болатын. Президент халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін медициналық сақтандыруға төлемдер жергілікті бюджеттен төленуі тиіс екенін атап өтті. Міне, осы тапсырма аясында жаңа шаралар қабылданды. Бұдан былай жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санатқа жататын азаматтар үшін сақтандыру жарналарын төлейтін болады. Бұл жаңашылдық әлеуметтік осал топтарды медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да жергілікті бюджет есебінен сақтандыру жүйесіне қосылады. Бұл өзгерістер жергілікті әкімдіктердің халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын құру, кедейлікті азайту секілді әлеуметтік-экономикалық бағыттардағы жауапкершілігін арттырады. Ауқымды жұмыстың нәтижесінде 2026 жылы сақтандыру жүйесіне тағы бір миллионға жуық адам қосылады деп күтілуде. Аймағымызда 31 мыңнан астам адам үшін атқарушы орган жарна төлемек. Бұл көрсеткіш тағы өзгеруі мүмкін.
— МӘМС жүйесінде сақтан-дырылған азаматтарды алаңдатқан бір жағдай бар еді. Ай сайын сақтандыру жүйесіне ақша аударып жүрген адам 1-2 ай белгілі бір себептермен жарна төлей алмай қалғанда медициналық қызметтен қағылатын. Жаңа заң жобасында осы жағдай ескерілді ме?
— Иә, бұл мәселе назардан тыс қалмады. МӘМС жүйесіне жарнаны 5 жыл бойы тұрақты төлеген азаматтардың мәртебесі 6 айға дейін сақталатын болады. Мысалы, егер адам тұрақты жұмыс істеп, жарнаны уақытылы төлеп келді делік. Бірақ кейін жұмысынан айырылып, жүйеге ақша аудара алмаған сәтте медицицналық қызметті 6 ай тегін қабылдайтын болады. Ескеретін жәйт, жарты жылдан кейін жиналған қарызды төлеуге міндетті.
— Бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізуде қандай шаралар қолға алынады?
— 2026 жылдан бастап сақтандыру мәртебесіне қарамастан онкоскринингтер тегін әрі барлық азаматтар үшін қолжетімді болады. Сондай-ақ, 8 әлеуметтік маңызы бар ауру бойынша тегін кеңес беріліп, диагностикалық көмек көрсетіледі. Яғни, туберкулез, АИТВ (ВИЧ), гепатит және бауыр циррозы, қатерлі ісік, психикалық және мінез-құлық ауытқулары, сирек кездесетін аурулар, миокард инфарктісі, инсульт сынды сырқат түрлерін емдеу ақысыз негізде жүргізіледі. Бұрын мұндай көмек туберкулез бен АИТВ бойынша тегін көрсетілетін. Келесі жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаториялық диализ, кеңес беру және диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек енгізіледі. Мұндай көмек 12 созылмалы ауру түрлеріне көрсетіледі. Яғни, бауыр, қан және қан түзетін органдар аурулары, асқазан-ішек жолдарының жоғарғы бөлімдерінің сырқаттары, инфекциялық энтерит, буын және омыртқа аурулары, қалқанша безі аурулары, қуықасты безінің гиперплазиясы, сүт безінің қатерсіз дисплазиясы, бронхо-өкпе дисплазиясы, жүрек және даму ақаулары да тегін емделеді.
— Жаңа заң жобасында жарна есептеу шегі ұлғайтылғанын білеміз. Толығырақ түсіндіріп өтсеңіз.
— Иә, 2026 жылдың қаңтарынан бастап жарнаны есептеу шегі ұлғайтылады. Яғни жұмыс берушілер үшін 40 айлық есептік көрсеткіш, жұмысшылар үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшері белгіленді. Бұл — жүйенің тұрақтылығы мен салықтық жүктеменің тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған шешім. Бастапқыда 50 айлық есептік көрсеткіш ұсынылған болатын. Осы өзгеріс арқылы жүйенің қаржылық тұрақтылығы артып, әр адамның денсаулығына жұмсалған қаражат үшін жауапкершілік артады. МӘМС жүйесінің жылдық кірісі шамамен 200 млрд теңгеге артады деп күтілуде.
Қазақстанда заңнамаға сәйкес, мемлекет жеңілдік санатына жататын азаматтар үшін (балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, жүкті әйелдер және т.б.) МӘМС жарналары республикалық бюджет есебінен төленеді. Қазіргі уақытта еліміздегі жарна мөлшері әлем бойынша ең төмен деңгейде. 2025 жылы бар болғаны 2 пайызды құрап отыр. Басқа елдерде бұл көрсеткіш 9-14,5 пайыз шамасында. Бірыңғай медициналық көмек пакетінің енгізілуіне байланысты жүйенің шығыны артатын болады. Сондықтан мемлекет төлейтін жарна мөлшерін 2027 жылдан бастап кезең-кезеңімен 2,2 пайыздан 4,7 пайызға дейін арттыру ұсынылып отыр. Ал жұмысшылар мен жұмыс берушілер үшін мөлшерлемелер өзгеріссіз қалады. Атап өтерлігі, барлық жаңашылдық халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған.
Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.