Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне тура 5 жыл болды. Яғни, тұрғындарға МӘМС-тің тиімділігін көретін уақыт жетті. Бірақ жүйені жайлаған былық жыл сайын қатпарланбаса, азайған емес. Медициналық ұйымдар «емделушіге бағдарланған» қағидаттан «табысқа бағдарланған» тәсіліне көшкен. Салдарынан жүйедегі жөнсіздік адамдарды бармаған емханаға «барғызып», алмаған емді «алғызып» отыр.

Жыл сайын өзектілігін жоғалтпай келе жатқан мәселе Мәжіліс мінберінде тағы көтерілді.

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Мәдиқызы өз сөзінде жыл басында депутаттардың халықпен кездесуінде еліміздің барлық өңірінде медициналық қызмет көрсетудің қолжетімсіздігі мен сапасының төмендігі туралы көп шағым болғанын жеткізді. Денсаулық сақтау саласына бағытталған қаражаттың айтарлықтай ұлғайғанына қарамастан, азаматтардың медициналық қызметтердің көрсетілуіне көңілі толмай, қанағаттану деңгейі төмендеп барады. Мәселен, кейінгі 3 жылдың өзінде денсаулық сақтауға қатысты шығыстар 2,8 есе артты, ал халықтың қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 47 пайызға дейін төмендеген.

Денсаулық сақтау министр-лігінің деректеріне сүйенсек, консультациялық-диагностикалық, КТ және МРТ қызметтерінің саны 7 есе өскен. Алайда Дания Еспаева бұл көрсеткіш ауруды ерте анықтауға еш әсер етіп отырмағанын ашық айтты. Өйткені кейбір жағдайларда бұл қызметтер емханаға келмеген науқасқа тағайындалған.

Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов меди-циналық қызметтер көрсетуге бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану деректері анықталғанын жеткізді. Тіпті, жүргізілген аудит міндетті әлеуметтік медициналық сақтандару қоры есебіндегі былықтың бетін ашты. Қорға түскен қаржы дұрыс есептелмеген.

– Аудиттік тексерулер бүкіл денсаулық сақтау жүйесі мен негізгі мемлекеттік органдардың бірыңғай ақпараттық ортасының арасында байланыстың жоқтығын көрсетті. Мәселен, Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін салыс-тыру кезінде шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға 8 млн теңгеге дәрі-дәрмек ресімдеу фактілері анықталды. Келесі маңызды аспект – қаржылық тәртіп пен есептілік. Аудит кезеңінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және тегін кепілдендірілген медициналық көмек есебінен медициналық қызметтер көрсетуге бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану 31 млрд теңгені, оның ішінде Ұлттық қордың қаражаты 13,2 млрд теңгені құрады. Тиімсіздіктің негізгі себептері – сапасыз жоспарлау, яғни уақытылы құқықтық құжаттарды бекітпеу, қалдықтарды ескермеу және басқа да мәселелер, – деді Н.Нұржанов.

МӘМС мәселесін талқылауға келген депутаттардың басым көпшілігі сақтандыру жүйесін сынға алды. Мысалы, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтан-дырудың қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отырғанын басып айтты.

— МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісі қанқұрттан емделген. Бес айында тісі шықпаған баланы қалай емдеуге болады? Бұдан бөлек,  бір адамның 82 тісі емделген, соған қаражат төлесін деп қорға есеп берілген. Сосын бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысал өте көп. Өйткені МӘМС қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен «қосып жазуға» итермелейді. Себебі қаражат әр емделген жағдайға емес, әр қызметке төленеді, – дейді А.Аймағамбетов.

Депутаттың сөзінше, мұның себебі – МӘМС құрылымындағы әу бастағы кемшіліктер. Өйткені, медициналық ұйымдарға әрбір қызмет үшін қордан ақы аударылады. Ал емделушінің денсау-лығына алаңдап жатқан ешкім жоқ. Халықтың сенімі сөнгені де содан. Ал депутаттардың кейбірі жүйені тез арада ширатпаса, тоқтата тұруды сұрады. Себебі бюджеттің бүйірін тесуге жақын. Бұдан бөлек, қазір елде МӘМС жүйесінен қалыс қалған 3,5 млн адам бар. Оларды қалай, қайтіп сақтандыру да – өзекті мәселе.

Павлодар облысында 636 мыңнан астам адам сақтандырылған. Бұл облыс тұрғын-дарының жалпы санының 84,6 пайызын құрайды. Оның ішінде 396 мыңнан астам адам жеңілдік санатына кіреді. Яғни, олар қажетті медициналық қызметті тегін алады. Сақтандырылмаған халықтың саны 115 мыңнан асады. Олардың дені – жұмыспен қамтылмағандар.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша директоры Жангелді Шайымбетовтің айтуынша, тұрғындардан түскен шағым бірінші кезекте қаралады. Бұл ретте емделушілер 1414 бірыңғай ақпараттық байланыс орталығы, «qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, «sagtandyrybot» желісі,  «msqory.kz» сайты, msqory_pvl әлеуметтік парақшасына өз өтініштерін қалдыра алады. Сонымен қатар, 8 (718)2 70-41-23, 70-41-24, 70-41-25  нөмірлеріне хабарласуға болады. WhatsApp желісіндегі 8-707-599-46-50 нөмірі де шағымдарды қабылдайды.

Өткен жылы тұрғындардан 3 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде медициналық ұйымдардың көрсеткен қызмет сапасына 1 мыңнан астам адам шағымданған. Бірақ 2023 жылмен салыстырғанда емдеу мекемелерінің қызметіне көңілі толмағандардың үлесі  4,7 пайызға азайды. Көп жағдайда тұрғындар дәрі-дәрмек, емдеудиагностикалық шаралардың нашар ұйымдастырылуы, күту ұзақтығына шағымданады.

Иә, қорда қордаланған мәселе көп. Үкімет сағатында көтерілген мәселелер ескеріліп, МӘМС жүйесі қатаң қадағаланса дейміз. Жағдай бұлай жалғаса берсе, былыққа белшеден бата беретін түрі бар.

Айдана ҚУАНЫШЕВА