Бұдан былай дәрігерлер науқастарды онлайн емдеуі мүмкін. Дертіне дауа іздеген қазақстандықтар қажетті маманға қоңырау шалып, қашықтан кеңес алады. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған құжатқа қарағанда, қашықтан қабылдауға құқылы дәрігерлер тізімі кеңейтіліп отыр. Енді тұрғындар педиатр, невропатолог, хирург, проктолог секілді дәрігерлердің қабылдауына жазылып, кеңес алуға мүмкіндіктері бар. Аз уақыттың ішінде бұл ұсыныс әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, олардың пікірлері екіге бөлінді. Сол себепті, бұл пікірталасты біз де «Алаңның» талқысына салып көрдік.

 

Әсел ҚЫДЫРӘЛИЕВА, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті басқармасының басшысы:

— Бұл тәжірибе тек Қазақстанда енгізіліп отырған жоқ. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының тұжырымдамасы бойынша көптеген елдерде кеңінен қолданылып келеді. Еліміз өзге ТМД мемлекеттеріне қарағанда денсаулықты цифрландыру бойынша әлдеқайда алда. Аталмыш жоба туралы айта кетсек, алдымен дәрігер науқасты офлайн форматта жүргізеді. Одан кейінгі қабылдаулар онлайн түрде өтеді. Сонымен қатар, қоңырау шалу арқылы да кеңес сұрай алады. Бұл тәжірибе негізінде енді педиатр, невропатолог, хирург, проктологтардан онлайн кеңес алуға мүмкіндік жасалады. Науқастар, сондай-ақ кардиолог, пульмонолог, ревматолог, инфекционист, аллерголог, гастроэнтеролог дәрігерлерінің көмегіне жүгіне алады. Бұдан бөлек, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға ұсынылатын қызметтер тізбесі де кеңейтілген. Бұл топтағы сырқаттар салалық қызметкерлерге хабарласа береді.

 

Гүлбаршын ХАСЕНОВА, медицина саласының үздігі:

— Еліміздегі медицина жыл сайын қарқынды дамып келеді. Алайда осы саладағы кей сәттерді мүлдем алмастыруға келмейді. Әсіресе, дәрігерлердің науқастарды онлайн түрде қабылдауы. Иә, бұл тәжірибе көптеген шет елдерде жүргізіліп жатыр. Сонда да науқаспен тікелей сөйлескен дұрыс. Өйткені, сала маманы қажет болған жағдайда физикалық тексерулерді (пальпация, аускультация, физиологиялық зерттеулер және т.б.) жүргізе алмайды. Ал науқасқа белгілі бір диагноз қоюы үшін медицина қызметкері көріп байқауы қажет. Тіпті, отадан кейінгі жарақат жағдайында науқастардың 90 пайызы жеке қабылдауды қажет етеді. Онлайн бақылауда көрмей-білмей байқаусызда басқа диагноз қойып, пайдасыз, қауіпті дәрі-дәрмектерді тағайындауы мүмкін. Сол себепті, осыған ұқсас қателіктерден аулақ болу үшін мұндай заң жобасы енгізілмесе екен деген ойым бар.

 

Әсем ОРАЗЫМБЕТОВА, Екібастұз қаласының тұрғыны:

— Үкімет тарапынан ұсынылған жобамен жан-жақты танысып шықтым. Бұл шешім аз уақыттың ішінде қабылданбағаны барлығымызға аян. Өйткені, өздеріңізге белгілі 2020 жылы бүкіләлемдік пандемия кезінде дәрігерлер көп жағдайда науқастарды қашықтықтан, яғни онлайн түрде қабылдады. Онда оң нәтижесін көрсеткен еді.

Жақсы тұстары баршылық. Біріншіден, ауылдық аймақтарда тұратын адамдарға өте ыңғайлы болар еді. Себебі, кейбір елді мекендер аудан орталығынан шалғайда орналасқан. Ал ондағы тұрғындар үнемі дәрігердің қабылдауына келе алмайды. Оның үстіне қазір ауылдарда да байланыс желісі жақсы дамып келеді. Екіншіден, толассыз кезекте тұрмайсың. Үшіншіден, дәрігерге бару ұзақ уақыт алуы мүмкін, әсіресе, сіз басқа қалада тұрсаңыз. Сондай-ақ, құжаттарды алдын ала жібере отырып, дәрігер ойлануға, мүмкін әріптестерімен кеңесіп, неғұрлым негізделген шешім қабылдауға уақыт табады. Сол себепті, бұл жобаны құптаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.