Бұдан былай емдеу барысында дәрігер тарапынан қателік кетсе, науқасқа өтемақы төленеді. Мұндай жаңашылдық алдымыздағы 21 қазаннан бастап енгізілмек. Оған сәйкес, емхана мен ауруханада ем қабылдау кезінде науқастың денсаулығына зиян келтірілсе, емдеу мекемесі сақтандыру төлемін жүргізуге міндетті. Мұндай тәжірибе Қазақстанда бұрын болған емес. Жаңа ереже «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде қарастырылған. Емделу кезінде зардап шеккен науқас сотқа шағымдана алады. Ал өтемақыны дәрігер емес, ол жұмыс істейтін аурухана төлейді. Жаңашылдық жақсылыққа бастай ма? Науқасқа өтемақы төлеген дұрыс па? Осы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрдік.
Зинаида РАЗДОРСКАЯ, денсаулық сақтау саласының ардагері:
— Медицина саласында 10 жылға жуық уақыт білім алып, Гиппократ антын қабылдаған дәрігерлер ешқашан адам денсаулығына зиян келтірмейді. Әрбір дәрігер науқасқа өмір сыйлау үшін барын салатынын сеніммен айтамын. Сондықтан жаңа ереженің талабымен келіспеймін. Бәлкім емделу барысында қандай да бір қателік кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда мән-жайды анықтау үшін мемлекеттік мекемелер тартылуы тиіс.
Жасым 80-нен асса да, Ертіс аудандық ауруханасындағы жас дәрігерлерге кеңес беріп тұрамын. Емдеу мекемесіне жас хирургтер келуде. Соларға бағыт-бағдар беремін. Жас мамандарға мұндай қолдау өте маңызды. Біз оқыған уақытта оқу орнында сабақ пен тәжірибе қатар жүретін. Ал қазіргі студенттер көп уақытты білім алуға жұмсайды. Сондықтан тәжірибесі аз болады. Қазір медицина саласында маман тапшы. Дәрігерлерді қорқытудың орнына оларға қолдау көрсету керек. Өз басым жас мамандардың бойынан жұмысқа деген құлшынысты көремін. Сала маманы ретінде оларға сенім артамын. Сондықтан дәрігерлерді де қорғайтын талап болуы керектігін айтқым келеді.
Әбдібақыт ЕСЕНТАЙ, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының қызметкері:
— Науқасқа өтемақы төлеу мәселесін қолдаймын. Себебі, жаңа ереже медицина қызметкерлерінің жұмысқа деген жауапкершілігін күшейтеді. Менің жұмыс істеп жатқаныма екі жыл болды. Мамандығым – жалпы тәжірибе дәрігері. Қызметте байқа-ғаным, тұрғындардың дені жекеменшік медициналық орталықтарына қаранғанды жөн көреді. Себебі, ақылы мекемедегі маман-дарға денсаулықтарын сеніп тапсырады. Ал мемлекеттік мекемелерге сенімсіздікпен қарайды. Енгізілгелі отырған жаңашылдық мемлекеттік емдеу мекемелерінің дәрежесін арттыратын болады. Яғни, тұрғындар дәрігер тарапынан қандай да бір зиян келтірілсе, өтемақы алатынын, құқығын қорғай алатынын біледі. Сәйкесінше, сала мамандары өздерінің кәсібилігін көрсетіп, жұмысқа жауапкершілікпен қарайды. Мұнымен қоса, ультрадыбыстық зерттеу, КТ, МРТ, рентген сынды зерттеу жүргізу кезінде де қателік кетпеуі тиіс. Ол үшін медициналық құрылғылар заман талабына сай болуы керек. Дәрігер тек қана бір сараптама нәтижесімен қорытынды шығарып, дәрі тағайындамайды. Науқасты бірнеше мәрте толық зерттеуден өткізеді. Осыны естен шығармау керек.
Дәрігер — науқастарды өлім аузынан қорғай алатын мамандық иесі. Сондықтан жаңа ереже сала мамандары үшін еш қиындық тудырмауы керек деп ойлаймын.
Перизат БАЛТАШЕВА, Павлодар қаласының тұрғыны:
— Науқастың денсаулығына зиян келтірген дәрігер өтемақы төлеуге міндетті дер едім. Өйткені, адам ол медицина саласының маманы болғаны үшін денсаулығын сеніп тапсырады. Сол себепті маман өз қызметіне жауапкершілікпен қарауы керек. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде бейнебайланысқа шығып, дәрігерлердің кесірінен баласынан айырылған, мүгедек болып қалғанын айтатындар көп. Тіпті, вакцинадан кейін де ауырып қалған балалар да жетерлік. Бұдан бөлек, диагноз дұрыс қойылмай, хирург, анестезиологтың қателігінен ота кезінде өмірімен қош айтысқан жандар да бар. Олар үшін кім жауапты? Бұл жағдайда тек өтемақымен құтылудың өзі аздық етеді. Себебі, адам тағдырына балта шабылған мәселе кешіріммен шешілмеуі қажет. Егер дәрігер білімді болса, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмайтын еді. Бүгінде нақты ауыратын жерін анықтай алмай жүргендер де бар. Әрбір медицина қызметкері емдеу кезінде өз ісіне ұқыптылықпен қарап, тиянақты болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан денсаулық сақтау саласына енгізіліп отырған жаңашылдықты толық қолдаймын.
«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.